Бас тақырыпМағауия Сембай

Менің Мағаш бауырым

Бір жыл… Қазақ баспасөзінің қара нары Мағауия СЕМБАЙДЫҢ келмес сапарға аттанғанына. Асылын аңсаған қаламдастарының жұмыр жүрегін кернеген сағынышты жазбалар редакция қоржынына топырлап жатыр. Мұхтар көкесінің мұхит асып жеткен жүрекжарды лебізін сәл-пәл ықшамдап жариялауға тура келді. Естеліктің толық нұсқасын кеше ғана баспадан жарық көрген «Қаламға сүйенген тағдыр» атты жинақтан оқитын боласыздар.

Редакциядан.

2004, жаз, халқы шағын болса да, атақдәрежесі зор Қарқаралы қаласының 180 жылдық мерекесіне арнайы шақыру келді. Нұрмахан жеткізді ғой деймін. Оразбеков, журналист, аудармашы, ұлт қайраткері. Университетте бір курста оқығанбыз, әйтсе де менен екі жас үлкендігі бар, оған қоса жат жұрт басып жатқан орыс ортасында жұмыс атқарып, шынығып келген, өмірлік тәжірибесі мол, білгір де өжет жігіт, алғашқы күннен бастап өзін аға тұтып, маған қамқорсып жүретін. Пойызға бірге отырдық. Қасымызда мен алғашқы әңгімелерін жарыққа шығарған, беталысы қатты жас пері Дидар Амантай бар. Бізді Қарағанды вокзалында, осыдан біраз бұрын Нұрмахан бас редактор қызметін атқарып кеткен «Орталық Қазақстан» газетінің ендігі жетекшісі қарсы алды. Бұл басылымға әуелден-ақ ықылас, пейілім өзгеше еді. Сонау алыс күндерде Мұхтар Мағауинді прозашы ретінде алғаш бағалаған баспасөз. Жергілікті жақсы жазушы, қазақтың өткен тұрмысын да, бүгінгі ахуалын да қапысыз таныған Асан Жұмаділдин жаңа ғана жарыққа жеткен «Тазының өлімі» туралы мазмұнды, жоғары бағалы мақала шығарған. 1969 жыл. Кейінде қаншама шет тілге аударылған классикалық хикаят қой. Отаршылдық замандағы қазақы әуездің бір көрінісі. Бірақ, ол кезде кім білген, кім таныған. Нұрмахан айтып еді, газетіміз бүгін де жоғары деңгейде, баяғы Рамазан Сағымбеков, менен кейін құнсыз, көлденең біреу келіп, әжептәуір шиқалақтап еді, жаңа редактор бәрін орнына қойып берді, қалыпты, жақсы дәстүріміз жалғасын тауып жатыр, деп. Міне, бізді айрықша құрметпен қарсылады. Денесі ірі, мейірі мен көңілі сыртына шығып тұрған азамат екен. Жас межесі елуге жаңа ілінсе керек. Менің үлкен әкеммен аттас екен, Мағауия – Мағауия Сембай, мен бірден-ақ Мағаш деп сөйледім.

Қарағанды қаласындағы азғана аял, Мағаштың үйі, Мейраш келіннің қолынан дәм татқан соң, осы Бас редактордың, ол кезде таңдама саналатын «Волга» машинасымен Қарқаралы тауына қарай тура тарттық. Қазақтың кең даласы. Өзгеше өңірдегі тарихи қала. Демалыс аумағы, санаторийге келіп түстік. Ертеңіне үлкен мейрам басталған.

Әуелі атаулы жиын. Өте ұтымды ұйымдастырылған екен. Дарақы даңғазасыз, сәнімен, салтанатымен. Мерекелік шараларды жүргізіп отырған аудан басшысы Ниқанбай Омарханов облыс әкімінен кейінгі алғашқы сөзді маған берді. Көкейдегі толқымалы лепес сол қалпында құйылған сияқты. Ұлттық мереке, тәуелсіздік тойларының бір тармағы дедім. Бұдан жүз сексен жыл бұрын, осы өңірді мың жыл, неше мың жыл жайлап отырған қалың қазақ орыс отаршылдығынан ығысып, «Қарқаралы, қайран тау!..» – деп жылап көшіп еді, жаңадан орнаған, өктем жұрттың бекіністірегі қызметін атқаруға тиіс Қарқаралы қаласы, алаш рухы мен күш-жігерінің арқасында тезінен қазақтана бастады, арада жиырма-отыз жыл өткенде мешіт салынып, халқымыз кері қайрылды, етене кентке айналды, тағы бір елу жылда мәдени һәм рухани орталық болып шықты, ақыры, міне, тәуелсіз заман, байырғы қазақ қаласы ретінде тойлап отырмыз… Нақты есімде жоқ, жалпы сарыны осындай. Кезінде толық болмаса да, негізгі тұрғылары облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде басылса керек, уақтылы құнттамаппын. Менің атаулы сөзім ғана емес, барлық лепес, бүткіл той осы елдік әуез аңғарында, аса көтеріңкі өтіп жатты. (Айта кетер бір жағдаят – сол тұста Шыңғыс ханға, Мұхтар Мағауинге, қазақы танымға қарсы бұралқы әрекетке көшкен «Жас Алаш» газеті, нақтылап айтсақ, сүйемелі күшті, осының алдында ғана жазушылардың «Қазақ әдебиеті» газетін былғап кеткен Жүсіпбек Қорғасбеков дейтін жігітіміз Қарқаралы тойын сайқымазаққа айналдырыпты: міне, орыс қаланың ірге тасы көтерілген мерекесін өткізіп жатыр деп.)

Салтанатты жиыннан соң қазақтың дәстүрлі думаны басталды. Ол деген – аламан бәйге, ұлттық ойындар. Біз Нұрмахан екеуіміз, Мағаштың жетегімен, өзіміздің Дидар, ол да Алматыдан келген, мен бұрыннан білетін жас ақын Бауыржан Қарабек және осы ауылдың бірнеше елеулі азаматы – көк шөп үсті, дөңестеу, қолайлы бір жерде отырып тамашаладық. Әрине, ара-тұра, ел жайы, жер жайына қатысты әрқилы әңгіме, көлденең кеңес. Бой жазылған, тыныс кеңіген өзгеше бір күн екен.

Ертеңіне Сары-Арқаның төрі, ел аралауға шықтық. Екі машина, бірі бас редактор Мағашқа тиесілі, екінші көлік иесі – манағы Бауыржан, негізгі Түркістандық, сонымен қатар, Ақтабан-Шұбырынды кезінде әйгілі «Қаратаудың басынан көш келеді» толғауын шығарған Тобықты Топыш ақынның ұрпағы. Қонақ емес, Мағашпен қатарлас қосшы ретінде ілтипат жасағаны. Бұл үш күндік сапар туралы кейінде Мағаштың арнап жазғаны бар. Секіртпелеп айтқанда, Саржайлауға шығып,Тәттімбеттің басына тәуап еттік, патша заманының алғашқы кезеңінде Қарқаралы дуанын билеген төрелер әулеті, оның ішінде әйгілі Құсбек сұлтан тыным тапқан, қатарқатар күмбезді зираттар кешеніне тоқтап, құран оқыдық, ең ақырында, Семей полигонына осы түстік-батыстан жалғас Егінді-Бұлақ ауданын көктей өтіп, Мәди әнге қосқан Үшқараның түбіне келіппіз. Қатарлас, иықтас тұрған Үш қоңыр шоқы екен. «Басына шығып көрдің бе?» – деп сұрап едім Мағаштан. Ыңғайсызданып қалды. Етегінде қанша айналғанмен, басына шығу ойға келмепті. «Уақа емес», дедім. «Қазір бәріміз бірге көтерілеміз». Менің жүрген, жаңадан көрген жерімде, сол арадағы жетімді биікке аяқ артатын жақсы бір әдетім бар еді. Көкше өңірі, етегінде Айғаным патшайым орда тігіп, ірге тепкен, тәрізі бала Шоқан талай рет ойнақтап барған, кейінде Ақан-сері әйгілі әнін арнаған Сырымбеттің төбесіне шығып едім. Жезқазған даласы, жарым күндік жерден көрінетін, шын мәнісінде жері ғана биік, өзі оқшау тұрған Толағайдың да басына шықтым. Енді Мәдидің Үшқарасы. Етегіне дейін көлікпен барып, ақыры ортаңғы, еңселі биігіне жаяулай көтерілдік.

«Полигон шекарасы осыдан алыс емес», – деді Мағаш. Бұл тараптағы жұртты, қиыншылық жағдайына қарамастан, Семей өңірі, Абыралымен бірдей зардап шегушілер есебіне қоса бермейтінін айтты. Кейісті жағдай, деген. Бірақ, амал не? Әйтеуір советтік тажал сынақтарының тоқталғаны, еліміздің өз еркіне біршама жеткені ғана алданыш.

Қарағандыға қайтар жолымызда күтпеген бөгесін болды. Жолай, кешкілікте, ат шалдыру, сусын ішу үшін аз ғана аялдамақ ағайындар, әлбетте, Мағашты бұрнадан жақсы таниды, сыйлайды, енді жаңа қонақтарымен қоса берік тұтқан. Түн ішінде мал сойылды, қазан көтерілді, ауылдың алты ауызы – таңға тақаған дарқан отырыс.

Мұның бәрі, айтқанымдай, 2004, жаз ортасы, Қарқаралы қаласының 180 жылдық тойы мен соған жалғас күндер қызығы. Арада екі жарым жыл өткенде мен алыс шет елге қоныс аудардым. Бұл екі аралықта Мағашпен әлденеше хабарлассақ керек, елдегі көзкөрген ағайынға деп, менің көп томдық жинағымның оншақты бумасын беріп жіберген едік. Әрине, енді алыста жатсам да, ер көңілді, жайсаң бауырымды ұмытпағам. Ақыры, тағы да екі жыл өткенде Еуропаның қақ ортасындағы Алтын Прага шаһарына нақты өзі келіп жетіп еді.

Әуелі, осындағы Азаттық радиосында менің баламмен қызметтес, байырғы журналист, Мағаштың ескілікті әріптесі Сағат Батырханның үйінде көрістік. Содан соң біздің шаңырақта. Әрине, кішілігімен қатар кісілігі де мол, байыпты, әрі жұғымды Мағашпен, кеше ғана айрылысқандай, бірден-ақ шүйіркелесіп кеттік. Еуропалық қазақы дастарқан, табиғи, жарасымды кеңес. Бұл кезде мен «Шыңғыс ханның» әуелгі кітабына кіріскен едім. Жаңа жазуым туралы естіген соң, ұлы бабамыздың мән-жағдайы туралы сыпайы әңгімеге тартты. Мен бірден-ақ ашылып, көсіле сөйлеп кетсем керек. Журналистік диктофонын ептеп қана қосып қойғанын әжептәуір кеш аңдадым. Уақа емес. Өткен Қарқаралы сапарының өзінде жақын біліске айналған, тілектес бауырымнан жасырын ештеңе жоқ. Оның үстіне, ерте ме, кеш пе жалпы жұртқа мағлұм болмақ дерек, толғамдар. Мағаш бірте-бірте өзіне қажетті, мейлінше қызық көрінген жағдаяттар төңірегіне икемдеді. Ендігі кеңесіміз тарихи дәріске ұласып кеткендей екен. Ақыры, бәрі де кәдеге асыпты. Жинақтап келгенде, Мағаш бауырым бұл жолғы кеңесімізді бастан-аяқ дерліктей қағазға түсіріп, «Алаштың алдаспаны» атты, көлемді, мазмұнды толғау мақалаға айналдырған екен.

Тым ұзамай, алдағы жазда қайыра көрістік. Өз елімізде. 2009 жыл. Бұл да Мағаштың қаламына ілінген шежіре. Толық әрі шынайы. Әйтсе де, өз тарабымнан азғана сөз қосайын.

2008 жылдың қара күзінде басталған «Шыңғыс ханға» 2009 жылдың алғашқы жарымында бойлап енген едім. Қызығынан қиындығы мол, аса ауыр жұмыс. Бірінші кітаптың ең күрделі тұсын еңсеріп қалған сияқтымын. Әйткенмен, азды-көпті тыным керек еді. Кемі екі ай үзіліс жасап, қымыз ішіп, күш жинау үшін туған ауылыма келгем. Бәйбішеммен және шет жұртта туған төрт немеремен. Бақанас өзенінің бойы. Кеңсуат деген көкорай қоныста жатырмыз. Бұл жайлаулы жердің бүгінгі иесі – Моңғол ұлысынан келген, маған туған інідей жақын болып кеткен Өміртай Лахан дейтін азамат. Бірнеше ағайынды, бәрі де еңбекқор, парасатты жігіттер. Бағым, күтім айрықша. Әуелі Абай ауданына барып қайттық. Ол да бірге туғандай сыйлас іні, Лондонда тұратын белгілі кәсіпкер Медғат Құлжанов атабаба аруағына бағыштаған дүбірлі асқа. Бұдан соң осы Медғаттың өзі зайыбымен біздің жұртқа келген. Өміртай айрықша құрметпен тай сойып еді. Медғат бауырым біздің өлке, осы Шыңғыстың Сыртындағы Абай атына, Шәкерім тағдырына қатысты жайлау, нысандарды аралап көрді. Мейлінше риза болып аттанған. Енді, арада апта өтпей, Мағаш бауырымды күтіп отырмыз.

«Мағаштың қандай абзал адам болғаны туралы жазылып жатыр, айтылып жатыр, әлі де айтыла, жазыла бермек. Мен үшін Алаштың азаматы ретінде есте қалды. Атан түйедей зор денесіне қарамастан, жас баладай аңғал, жайдары болатын. Және қажетінде салмақты. Үлкенге риясыз іні, кішіге бүкпесіз аға. Қазақы мінез, кірпияз мәдениет. Ұлттық санасы айқын. Таным, білігі өз алдына. Бізді аға мен іні, әріптес ретінде жалғастырған да осы сана мен таным болатын».

Кешікпей жетті. Қасында мен бұр­надан жақсы білетін арынды ақын Серік Ақсұңқарұлы бар. Және, енді ғана таныстық, Жезқазған теле-радиосының бастығы, ол да жасы кіші Базарбай Әлеуханов. Өміртайдың арғы беттегі қазаққа үйреншікті, біз елесін ұмытқан, абажадай, сән-салтанатты бес қанат киіз үйінде бас қосып, мәресәре болдық. Бұдан соң екі күндік сейіл-серуен: менің ата қонысым, ол да Бақанас бойы, осы Кеңсуаттан құнан шаптырымдай жоғарыда тұрған, кезінде Абай атамыз жазғы жайлауға түсіп, әйгілі «Жаз» өлеңін шығарған Көпбейіт-Босаға; одан әрі – айналасы оншақты шақырым жердегі қайғылы нысан – Шәкерімнің сүйегі тасталған Құр-құдық, ақыры, тарамдас тағы бір өзен – Байқошқар жағасындағы, Абай дүниеден көшкен Қырық-Ошақ жайлауы. Осыған жалғас – Шәкерім туған Кең-бұлақ, ұлы ақын өнімді еңбек етіп, өмірінің соңғы жылдарын өткерген, түптің түбінде дәп іргесінде ажал тапқан Тошала. Айтқанымдай, осының бәрі айналасы он бес-жиырма шақырым шеңберде. Қайғылы, мұңды ғана емес, өткен ұлы тұлғалар, рухани тарихымызбен тікелей байланысты, тарихи және киелі жерлер. Қонақтарымызға әсері айрықша болған сияқты. Бұл өзгеше келіс пен сапар жайы да Мағаштың кейінгі жазбаларынан нақты көрініс тауыпты. Мағаш бауырым мені Қарқаралыға арнайы шақыра келген екен. Алда – жетпіс жылдық тойыңыз, осы үлкен салтанат Сары-Арқаның төріндегі Қарқаралы жұртында басталғаны ләзім, дейді.

Мағаш пен Базарбай, Серік бауырларым Абай қонған, Мұхаң жазған, мен туып-өскен Бақанас бойын қанша қимағанмен, үш күндік мерекеден соң жолға шығуға тура келген. Мен, бәйбішем Бақытжамал, алды он үш, он бір, арты тоғыз, жеті жастағы төрт немереміз: Айшешек, Жағанбике, Бату мен Байдар, бұларға қоса Өміртайдың, ол да кішкентай ұлы Мұхтар және тізгіншіміз Өміртайдың өзі.

Бақанасты құлдап, біздің қоныстан жарым көш жердегі, бұрнада аудан орталығы болған Баршатастан соң, тура күнбатыс тарапқа бұрылдық. Шұбартау шегіндегі Қорық, Мәлгелді ауылдарын басып өтіп, Қозы-көрпеш – Баян жырында айтылатын Жорға тауының етегімен тура тартып, бір заманда алтын қазылған, ендігі жарты шоқы Мейзектен асып, Абыралы-Қайнарды оң қанатта қалдырып, Қарқаралыға тура тарттық. Бұл – баяғы дуан кезінен үйреншікті, төтелей сорап. Мағаштар күре жолдан шықпай, айналып жүріпті.

Енді Қарқаралы жұртының құшағындағы ұмытылмас бірнеше күн. Мұнда бізді қайтпас қайраткер, айнымас дос Нұрмахан ағам күтіп отыр екен. Және ежелгі, ордалы жұрттың бүгінгі игі-жақсылары.

Жайлы мейманхана, кеңіс бөлмелерде жағалай орналастық. Әуелгі кеште белгілі журналист, жас кезінен ұлтшыл атағы шығып, айдалып кете жаздаған Мақсым Омарбековтың үйінде қонақта болдық. Мақсым бауырымның маған ықыласы өзгеше, – алғашқы проза кітабына жол ашып берген екем. Ат үстінде жүрген кезде қол жалғаған жүздің бірі, және ағаның алқауын ұмытпаған санаулы қаламгердің қатарында. Жеңіл кеңес, әзіл-қалжың, өте жақсы отырдық. Осы кеште Мағаш бауырым мені Қарқаралының күйеу баласы деп айғақтады. Біздің бәйбіше, негізі Абыралы болғанымен, іргелес аудан, ескіше алғанда қалың қаракесектен, сол себепті орынды, заңды. Және мен үшін ұтымды жағдай. Оның үстіне, «Абайдан соңғы күйеу!» Ал біздің Бақытжамал – Ділдә апасының жолымен төркіндеп отыр!..

Ертеңіне көне қала, ескі жұрттағы Құнанбай қажының қалпына келтірілген мешітіне тәуап етуден бастадық. Содан соң, күні бүгінге сақталған, әрине, оңдалып, жақсартылған бір құрылым – ұлы Абай түсіп жүрген дейтін еңселі, тарихи үйге бардық. Бұл да көңіл толқытарлық жағдаят болды. Қарсы алдында топты жан – біз және Мағаш бастаған қошаметшілер, әдемі суретке түсіппіз, кейінірек, Мағаш өз қолымен сыйлаған «Алаштың алдаспаны» дейтін кітапқа енген екен.

Ендігі үлкен бір шара – қалалық мәдениет сарайындағы кездесу. Алдын ала жоба бойынша, Серік Ақсұңқар бауырым жүргізбек екен. Алайда, түнгі қонақтан соң жайы болмай, келіннің жетегімен Қарағандыға қайтып кеткен екен. Ниеті қашанда түзу ініме ренжімедім. Бұл төңіректе менің кешімді атқаратын жүйрік көп. Осы ауылға етене Нұрмахан тұр. Мағаш болса-болмаса. Әйткенмен, көлденең кісі табылыпты. Қарлығаш деген қызымыз. Шайкенова. Әрине, қазір салиқалы бәйбіше, бірақ студент кезінен жақсы таныс, негізі Абыралыдан, біздің Бақытпен қатарлас көзкөрген. Әдебиетші, институттан соң Семей радиосы мен теледидарында әрқилы программа жүргізген екен. Атаулы кешті байыппен, өте жақсы өткерді. Артынан жұбайымен таныстық. Аты Жеңіс. Ол да Абыралыдан, жоғары білімді медик, кісілікті азамат екен.

Әрине, әуелі менің жарым сағаттық, бәлкім одан ұзағырақ сөзім. Бүгінде нақты есімде жоқ. Әлбетте, ел мен жер, жазу мен тағдыр, қазақ рухы, бүгінгі заман туралы. Осыдан соң бірнеше кісі ықылас білдірді. Бар сөздің ұйытқысы – Нұрмаханның лепесі болған еді.

Тәптіштеп айтсам, менің жетпіс жылдығым деп аталған кездесу кешінен соң, дәстүрлі той дастарқаны. Осы іс-шаралардың басында жүрген аудан әкімі, бұрнадан таныс Ниқанбай Омарханов бауырымның ықылас-пейілінің бір көрінісі. Артық дабырасыз, бірақ бабымен, өте жақсы отырдық. Кеш соңында ел ағасы есебіндегі Қайдар Бурабаев ақсақал рәсім бойынша ат мінгізіп, шапан жапты. Ілкіде танысқанбыз. Анығы – қайта таныстық. Сіздің ағаңыз боламын, деген. Шыққан жері – Семей, Шар ауданынан, қазақ жөнімен алғанда, маған аталас ағайын. Туған жылы ілгері болғанымен, жас айырмамыз үш айдан аспайды, бірақ ит көйлекті бұрын киген аға. Мен қабыл алдым. Қайдар аға. Ең қызығы – біз студенттік жылдарда жерлестер ретінде, ортақ ағайынның үйінде табысқан екенбіз. Есіме түсті. Бұдан арғы әңгімеміз тіпті жарасып кеткен.

«Қайткенде, Мағауия Сембай басқарған «Орталық Қазақстан» – біздің тәуелсіз заманның кейінгі ширек ғасырындағы баспасөз тарихынан құрметті орын алуға тиіс газет болды деп есептеймін. Үздік журналист, батыл, саналы бас редакторының арқасында»

Осы сапарда Қарқаралы өңірінің тағы бірталай жайсаң азаматымен танысып едік. Қиындық заманда кеуделері басылмаған, тұрмыс-жағдайлары оңды, еңселі кісілер. Соның бірі – Мағаштың жақын досы, атбегі, әрі аңшы Тұяқ Ысқақов, сөз арасында, мен ойламаған жерден, Бұқар жыраудың нақылғибратты бір толғамын айтып қалды. Көлденеңнен жабысқан сөз емес, мен нақты танитын Бұқар жыраудың өз лепесі. Қолма-қол алып, көп ұзатпай «Жұлдызда» жарияға шығардым. 2009, 10-сан. Шағын да болса ұмытылмауға тиіс, құнды мұра:

Қыста соғым соймаған,

 Марқа етіне тоймаған

 – Ас қадірін біле ме?!

 Бөрілі таудан аспаған,

 Бедеуге қамшы баспаған –

 Ат қадірін біле ме?!

 Жайлы жерге жатпаған,

 Дәмді тағам татпаған –

 Жат қадірін біле ме?!

Маған құрмет көрсетіп, ығымызда жүрген атпал азаматтың қайсын түгендерсің. Енді біреуін айтайын. Жексен деген жігіт ағасы. Артынан сойын сұрап алдым – Әбдірахманов. Қызметін ескермеппін. Өзінің иномарка машинасымен біздің төрт немерені жеке алып жүрді. Мәз болған. Біздің балалар жат жұртта туса да, қазақша таза сөйлейді. Және орысша білмейді. Есесіне, кейде өзара ағылшынға көшіп кететіні бар. Мұндайда Жексен ағалары: «Қазақша…» – деп, жөнге бұрып отырады екен. Аздан соң балалардың өздері де бірін-бірі түзей бастайды. Жексен ағаларының көңілі хош.

Осы Жексен бар, Мағаштың машинасы, тағы бір қосымша көлік, тобымызбен Кент тауына аттандық. Жолай Қасым Аманжоловтың туған ауылына соғып едік. Жазаң етек екен. Арқалы ақынның ескерткішін көрдік. Айдынды кейіпте, тәп-тәуір жасалған кеуде мүсін. Жалпы, Арқада, оның ішінде біздің Шығыста, бір ауыл емес, бүткіл ел азаматы дәрежесіне жеткен тұлғаларды құрметтеу жағы жетісе бермейді. Туған жеріндегі осы шағын белгінің өзіне тәуба дедім. Қасым ақынның бұдан басқа қайда, қандай ескерткіші барын білмеймін. Қалай бейнелесе де, қанша мүсін тұрғызса да артық емес дер едім.

Бұл Кент сапары да есте қаларлық өзгеше оқиға болды. Тау іші, қалың қарағай арасындағы шағын алаңқайға жайғасқан едік. Қазақы дастарқан, көңілді кеңес өз алдына. Әуезі өзгеше екі әнші ініміз бар: Дәуренбек Әркенов және Құрмаш Ыбышев. Дәуренбек – консерватория бітірген және Қарағанды өнер колледжінде ұстаз. Құрмаштың атаулы оқуы жоқ, Арқаның әншілік мектебінің дипломсыз түлегі. Екеуінің де дауыстары ғажайып. Диапазонның кеңдігі ғана емес, қазақы, ұлттық сырсыпаты тұрғысынан алғанда.

Міне, Кент тауының қойнауы, қарағайлы орман арасында Алаштың байырғы әуезі көкке өрледі. Әдепкі ән мерекесінен мүлде өзгеше жағдаят. Біз қаншама заман, ғұмыр бойы дерлік, радио, теледидар өз алдына, қазақ әнін тікелей, жанды қалпында концерт залдарынан тыңдап келеміз. Кейде үй іші, қайткенде төрт қабырға аясында. Ал мынау – ашық-алаң киіз үйден де тыс кең дүние, жер беті, аспан аясында шалқыған еркін, өзгеше сарын. Табиғи, әрі тәңіріге жалғас қазақ әуезі… Кейде екеуі кезектесе, кейде әлдебірі қатарынан екі-үш ән. Талмады, тоқтамады, екі бауырымыз жарым күн бойы жарты дүние – бүткіл Кент, Қарқаралы аймағы, Сары-Арқаның аспанында қалықтап еді. Осындай да ғажайыпқа куә болдық.

Тыныс, сейіліміздің келесі күні Қарқаралы тауының басы, Шайтан-көлге шықпақ болдық. Алайда, түнде қалың нөсер өткен екен. Жоғарыға көтерілу үшін батпақтау керек. Бұл кезде ашық жерлер сорғып қалған, жұмбақты көлге шыға беріс, жасыл етекке аялдадық. Мұнда қала жұртының, басқа да серуеншілердің тыным, отырысына ыңғайланған, төбесі жабық, алды ашық, үш қабырғасына ұзын сәкілер қойылған шарбақ үйшіктер бар екен. Соның кеңістеу біреуіне жайғастық. Әрине, көңілді дастарқан және ән мерекесі. Дәурен мен Құрмаш тағы да, біздің бәйбіше шыға алмай, көре алмай, өкініште қалған Шайтанкөлдің биігі ғана емес, Кент пен Қарқаралы аспанына ұласқан сұлу әнге ерік берді.

Иә. Біздің құлағымыздың құрышы қанған, әйтсе де көңіл тоймаған үйреншікті жағдай. Кешегі Кент сапары ғана емес, бүгінгі Шайтанкөл етегі ғана емес, күн сайынғы, кеш сайынғы ән мерекесі. Мәдениет сарайындағы кездесуге жалғас түнде, Кент тауынан соңғы тыныста, енді бүгін тағы да – Қарқаралы қаласының орталық, екі қабат, кеңіс мейманханасында, ілкідегі жиын мен отырыстар соңы үнемі ән мерекесіне ұласып, түннің бір уағына дейін толастамас еді.

Міне, осының бәрін ұйымдастырып, Мұхтар ағасының ғұмыр кешуінің жетпіс жылдық, қалам ұстағаннан бергі елу жылдық тойын Қарқаралының биігінде бастап берген – менің Мағаш бауырым, журналист, жазушы, қайраткер, жайсаң жанды Мағауия Сембай болатын.

Бұл думанды мереке арада жыл өтпей, Еуропаның төрі – Злата Прага – Алтын Прага қаласында одан әрі жалғасты. Мағаш арнайы ілтипат жасап, Мейраш келінмен бірге, манағы Базарбай мен Құрмаш бауырларымды бастап, менің жетпіс жылдық мерейтойыма келіп еді. Алматыдан тағы қаншама дос-жар, туыстас ағайындар жеткен. Кейінде Базарбай арнап жазды, ең үлкен мереке – күнұзақ және кеш бойы, Праганы қақ жарып өтетін мол сулы Влтава өзенінің кең арнасымен жоғары, төмен, қайтадан оңды, солды, бір қалыпты тынымсыз жылжыған айдынды «Еуропа» кемесінің үстінде өткеріліп еді. Көңіл шалқыған күлкі, у-ду, қазақы, әрі еуропалық ерекше дастарқан, өзгеше сейіл. Батыстағы тойларда біздегі жаппай жиналыс болмайды, әйткенмен, ықшам, нақты, тілектес сөздер айтылып жатты, ең бастысы – жалпы жұрттың риясыз пейілі мен қуанышты көңіл-күйі. Кеменің ішкі екі қабатында бүгінгі заманғы, ырғақты, екпінді, абыр-дабыр би. Үстіңгі ашық алаң – әнсүйер қауымды елбірей толқытқан қазақ әуезі – Құрмаш байсал, үлкен кеменің биігінде бар бабына келіп, кең далада отырғандай, сырлы ән толғаған. Жарым кеш бойы дерлік. Қатар-қатар көпірлер астынан өткенде, үстінде серуендеп жүрген жұрт таңырқай, үңіле қарар еді. Кейбір кісілер тілек қосып, қол бұлғап жатады.

Ән сауығы кемедегі тойдан соң екі күн бойы Праганың көшесі, трамбай мен метрода жалғасын тапқан екен. Әлбетте, бүткіл Еуропа жұрты еркін, чех халқының көңілі кең, дария бойындағы ең негізгі, сәулетті Карл көпірінде серуен, сейілмен қатар, әнкүй, әрқилы ойын мен сауық тыншымас еді, арнайы өнерпаздар емес, әуесқой жұрт, көңілі шалқыған кез келген адам өз алдына бір әлем, сондықтан біздің қазақтың көшедегі, көліктегі әні мен күйі тосын емес, бірақ таң қаларлық, өзгеше сырлы әуез. Бұл ерекше сауық жайын естігенде бәріміз де мәз болдық.

«Еуропа» кемесіндегі үлкен тойдан соң, ертеңіне тал түсте, ел астанасының шеткей, тыныш, әрі таңдама Небушице аумағындағы біздің үйде қайыра жиналдық. Барлық жұрт емес, ауылдан келген ірікті ағайындар. Үй ішінде кең залда, бақ ішіндегі көкорай мен киіз үй кейіпті тор қабырғалы, ақ шатыр астында бірнеше дастарқан жайылған. Тағы да Құрмаштың әні. Сонымен қатар, көбіне-көп әдепкі кеңес, жан жадыратар әрқилы жеңіл әңгіме. Елден келіп, жат жұртта бас қосқан қонақтардың бәрі де бірге туған ағайындай, бұл да есте қаларлық, ерекше отырыс болды.

Келер жылы Алматыға қатынағанымызбен, Қарағанды, Қарқаралыға жол түспеген. Мағаш қиылып сұраса да. Қайткенде, жер аяғы шалғай, ең бастысы – уақыт тығыз, сыртта тек Семейге ғана барып қайттық. Есесіне, 2015 жылы басымыз қайтадан қосылып еді. Мен 75 жасқа келдім, бәйбішем екеуіміз шаңырақ көтергенімізге жарым ғасыр – елу жыл болыпты. Бұл кезде біз курортты Карловы Вары кентінде тұрамыз, Мағаш пен Мейраш шипалы арасанның да қызығын көрмек екен. Тағы біраз ағайын екі тарап мақсатпен жеткен еді – әрі демалыс, ем, соған қоса атаулы мереке. Атақты, үлкен ресторанда өткерілген тойдан соң, алыстан жеткен ағайындарды рет кезегімен өз шаңырағымызда күтіп алған едік. Оның ішінде, әрине, Мағаш пен Мейраш та бар.

Бұл кезде Мағаш өзінің «Орталық Қазақстан» газетіндегі Бас редакторлық қызметінде. Мен белсенді автормын. Әлеуметтік, қоғамдық тұрғыдағы мақалалар емес. Тек прозашы ретінде ғана. Мағаш әуелде маған алдын ала хабарлап, рұқсат алып, кейінде ескертіп айтпай-ақ, өз бетімен жекелеген әңгімелерімді қайыра басты. «Түйеші Қамбар», «Бесінші түлік», тағы бір мәнді дүниелер. Бұдан соң «Шыңғыс ханға» түскен. Әрбір кітабы көрінген сайын, тұтас тарауларын жариялап отырды. Отарлық кебінен жаңа ғана шыққан халқымыздың тарихи танымын кеңейте түсетін мол дерек пен жаңалықты, тосын пікірлер. Алайда, өзі айтпағанмен, анық аңдадым, осы Шыңғыс хан үшін оқырман жұрттың ризашылығын алса да, партиялық басшылыққа онша жақпаған екен. Әлеуметтік ақпаратқа тарихтың керегі қанша, алыстағы анау бір жазушы неге осыншама дәріптеле береді, дегендей. Бұл арада газеттің Бас редакторы қандай игілікті қызмет атқарып отырғаны есепте жоқ. Мәселе жеке бір адам, пенделік көңіл ауаны емес, қазақ рухы, қазақ тарихына барып тірелетін.

2015, Карловы Вары күндері – біздің жүзбе-жүз, ең соңғы көрісуіміз екен. Арада ай өтпей, біз Америкаға түп көтеріле көштік. Әрине, бұдан соң да хабарласып тұрдық. Алда менің Сексен жылдығым. Тағы да қауышамыз, той ғана емес, бұл жолы біздің балалар Мағаш ағасына байтақ Американың нысаналы жерлерін аралатып көрсетеді деп жүргеміз. Тағдыр жазбапты. 2019, қарашаның алғашқы бір күні қаралы хабар жетті…

Мағаштың қандай абзал адам болғаны туралы жазылып жатыр, айтылып жатыр, әлі де айтыла, жазыла бермек. Мен үшін Алаштың азаматы ретінде есте қалды. Атан түйедей зор денесіне қарамастан, жас баладай аңғал, жайдары болатын. Және қажетінде салмақты. Үлкенге риясыз іні, кішіге бүкпесіз аға. Қазақы мінез, кірпияз мәдениет. Ұлттық санасы айқын. Таным, білігі өз алдына. Бізді аға мен іні, әріптес ретінде жалғастырған да осы сана мен таным болатын.

Мағауия Сембай, бүкіл ғұмырлық журналистік қызметімен қатар, аттай жиырма екі жыл бойы «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы болыпты. Мен білгенде, обылыстық газеттердің алды, республикалық өредегі таңдама басылымның жетекшісі. Әлбетте, аймақ шегі, әлеуметтік, әкімшілік орайындағы міндеті бар. Бірақ, Мағаш ешқашан әкімнің, немесе басқа да ғұзырлы біреулердің шашбауын көтермепті. Шаруашылық саласындағы міндеттерін нақты, толық атқарумен қатар, ұлттық, рухани тақырыптарға айрықша назар аударған екен, оның ішінде тарихи дәріс мәселесіне. Әлбетте, обылыстық газет жалпақ республика шегіне таралмайды, әйткенмен, әрбір аймақтағы Бас редактор атаулы «Орталық Қазақстанға» қарайлап, біршама ғибрат алып отырған шығар деп ойлаймын. Қайткенде, Мағауия Сембай басқарған «Орталық Қазақстан» – біздің тәуелсіз заманның кейінгі ширек ғасырындағы баспасөз тарихынан құрметті орын алуға тиіс газет болды деп есептеймін. Үздік журналист, батыл, саналы Бас редакторының арқасында. Қазір – кісінің құнын білетін кезең емес. Әйтпесе, қартайып тұрған жоқ, өзі бірге бітіскен газетінде әлі де отыра тұрса керек еді. Қысас пен зорлық нәтижесінде, зейнет жасына жетті деген сылтаумен, сүйікті жұмысынан ажыратылды. Бәлкім, осы бір әділетсіз жағдай оның өмірін де қысқартып кеткен шығар. Үлкен өкініш осы ғана…

Әйткенмен, барымызға тәуба айтайық. Жайсаң ғұмыр кешті. Ұлттық таным, үлгілі қалам арқасында қазақ баспасөзінің бір тармағында өнімді, жемісті еңбек етті. Артында жарыққа шыққан кітаптары қалды. Сонымен қатар, орнын жоқтатпай отырған, мейірбан зайыбы, өз кіндігінен тараған ақылды балалары. Ең бастысы – бағасын білетін ел-жұрты бар екен. Міне, небәрі бір жыл өтті, осының бәріне нақты көзіміз жетіп отыр.

Мұхтар МАҒАУИН.

Силвер Сприң, Мэриленд, АҚШ.

28-30.ІХ.2020 ж.

Басқа материалдар

Back to top button