АймақБас тақырыпҚарағанды

Облыста балық аулау ережесін 125 рет бұзу дерегі анықталды

Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мен Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығының өкілдері «Уылдырық шашу – 2026» және «Таза су айдындары» табиғат қорғау акцияларының қорытындыларын жариялады.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Тексеру жұмыстары барысында табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 113 фактісі және балық аулау қағидалары талаптарының 125 рет бұзылғаны анықталды.

Ең көп тіркелген құқық бұзушылықтар қатарында тыйым салынған балық аулау құралдарын пайдалану және уылдырық шашу кезеңінде енгізілген шектеулерді елемеу деректері бар. Анықталған заң бұзушылықтардың басым бөлігі Бұқар жырау мен Осакаров аудандарында тіркелген. Мамандар мұны аталған аумақтарда су айдындарының көптігімен және балықшылардың жоғары шоғырлануымен байланыстырады.

Заңсыз айналымнан төрт шанышқы мен жалпы ұзындығы 75 метр болатын екі ау тәркіленді. Сонымен қатар заңсыз ауланған 45 келіден астам балық алынды. Бұдан бөлек, «Таза су айдындары» акциясы аясында су қоймаларының жағалау аумақтары тазартылып, заңсыз орнатылған 5,3 шақырым ау жиналды.

– Браконьерлер көбіне синтетикалық моноталшықтан жасалған тыйым салынған ауларды пайдаланады. Қазақстан аумағында оларды қолдануға да, сатуға да тыйым салынғанына қарамастан, мұндай фактілер әлі де анықталып жатыр. Тағы бір өзекті мәселе – көктемгі кезеңде, тасқын кезінде балық жайылмаларға шыққанда шанышқыларды қолдану. Мұндай құралдар балық қорының жаппай қырылуына әкеліп, үлкен зиян келтіреді. Біз тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргіземіз, оның ішінде сауда орындарымен де түсіндіру жұмыстарын өткізіп, синтетикалық аулардың сатылуына жол бермеуге күш саламыз, – деді Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Бекзат Махажанов.

Өрескел құқық бұзушылықтың 16 фактісі бойынша материалдар сотқа жолданды. Құқық бұзушыларға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу көзделген, ал заңсыз аулау құралдары тәркіленген.

– Рейдтік іс-шаралар кезінде, әсіресе түнгі уақытта, белгілі бір қиындықтар туындайды. Ең алдымен браконьерлерді анықтау және құқық бұзушылық фактілерін дәлелдейтін айғақтарды жинау оңай емес. Кей жағдайларда құқық бұзушыларды қууға және оларды ұстау үшін полиция қызметкерлерін тартуға тура келеді. Соған қарамастан бұл жұмыс тұрақты түрде жүргізіліп келеді, – деп түсіндірді Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығының жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі жедел топ жетекшісі Нұрлан Байжұманов.

Бүгінде инспекция қажетті техникамен толық қамтамасыз етілген. Қызметкерлердің қарамағында қызметтік автокөліктер, жүзу құралдары және дрондар бар. Олар профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттырып, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Балық шаруашылығы комитеті балық өнімдерінің заңды айналымын бақылауға арналған e-Fish ақпараттық жүйесін әзірледі. Қазіргі уақытта жүйеге барлық балық ресурстары туралы мәліметтер енгізілуде. Мониторинг балық ауланған сәттен бастап оны түпкі тұтынушыға сату кезеңіне дейінгі барлық үдерісті қамтиды.

Мамандар тұрғындарды балық аулау қағидаларын қатаң сақтауға, су айдындарының жағалауларын таза ұстауға және заңсыз балық аулау фактілері анықталған жағдайда тиісті органдарға хабарлауға шақырады.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button