Ескекшілер ерледі
Түркістанда жастар мен жасөспірімдер арасындағы байдарка мен каноэде есуден Азия чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға 17 елден 350-ге жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Ел атынан сынға түскен ұлттық құрама спортшылары турнир қорытындысы бойынша 40-тан астам медаль еншілеп, үздіктердің қатарынан көрінді. Ал, құрама сапында өнер көрсеткен қарағандылық спортшылар жеті алтын, екі күміс және төрт қола медаль жеңіп, жоғары нәтиже тіркеді.

Байдаркамен жүзуден жекелей сында өнер көрсеткен жерлесіміз Дмитрий Холмогоров үш алтын медальді жеңіп алды. Атап айтсақ, спортшы жекелей сында 500 және 1000 метр қашықтықта өнер көрсетіп, қарсылас шақ келтірмеді. Екілік байдаркамен жүзуден де 500 метр қашықтықта сынға түсіп, мәре сызығын бірінші болып кесті. Бұдан бөлек, Дмитрий аралас экипаж құрамында да бақ сынап, күміс медальға ие болды. Және дәл осы санатта 1000 метр қашықтықта қола жүлдеге қол жеткізді. Жарыс қорытындысы бойынша жерлесіміз қыркүйекте Жапонияда өтетін Азия ойындарына қатысатын ұлттық құрама сапына қосылды.
Одан бөлек, тағы бір жерлесіміз Вероника Трапезникова да үш дүркін Азия чемпионы атанды. Ол екілік байдаркамен жүзуден 200 және 500 метр қашықтықта сынға түсіп, қос алтынға қол жеткізді. Сондай-ақ, төрттік байдарка сайысында да команда сапында өнер көрсетіп, алтын медаль еншіледі. Облыс қоржынына тағы бір алтын салған спортшының бірі – Алексей Ширман. Жерлесіміз К-4 экипажында құрама сапында бағын сынап, 500 метр қашықтықта үздік атанды.
Каноэшілер арасындағы сында «С-4» санатында 500 м қашықтықта сынға түскен Мария Карманова ел қоржынына күміс салды. Ульяна Иванова «С-2 микс» санатында 500 м және «С-4» санатында 500 м қашықтықта екі қола медаль еншіледі. 1000 метр қашықтықта екілік байдаркада сынға түскен Денис Кленин Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.
– Бұл жетістік – ұзақ әрі тыңғылықты дайындықтың жемісі. Біздің спортшылар, әдетте, жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Чемпионаттағы бәсекелестік өте жоғары. Дегенмен, спортшыларымыз өз деңгейін дәлелдеп, халықаралық аренада ең жоғары орындар үшін күресе алатынын көрсетті. Түркістандағы жаңа есу арнасы халықаралық стандарттарға толық сәйкес. Жоғары деңгейдегі оқу-жаттығу жиындары мен беделді жарыстарды сапалы өткізуге мүмкіндік береді, – деді Қарағанды облысының байдарка мен каноэде есу бойынша аға жаттықтырушысы Владимир Петров.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



