Жаңа нысан – жұрт игілігіне
Ел Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасы туралы айтылды. Елбасының өміршең идеясын жүзеге асыруды нұралық кәсіпкер Төленді ШАЙХИН ертеден қолға алған. Ахмет ауылында алғашқы болып жылыжай ашып, өнімімен Астана қаласы мен Нұра өңірін қамтуда. Аудан бойынша «Қоғабаев» шаруа қожалығының көкөнісі зор сұранысқа ие. Міне, Конституция күніне орай кәсіпкер тағы бір ілкімді іске ұйытқы болды. Қайта күрделі жөндеуден өткен «Жәңгір» сауда үйі есігін айқара ашты.
– Заман талабына сай сауда орталығының ашылуы – баршамыз үшін маңызды оқиға. Сондықтан, осы сауда орталығын ашып, Ахмет ауылында бизнестің дамуына үлес қосып отырған Төленді Шайхинге алғысымызды білдіреміз. Бұл – тек, сауда орнын ашу емес, ауыл тұрғындарын қосымша жұмыс орнымен қамту. Яғни, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын тиімді іске асыруға үлес қосып, нағыз патриотизмнің үлгісін танытуда, – деді ашылу салтанатында аудан әкімі Ниқанбай Омархановтың құттықтауын жеткізген аудан әкімінің орынбасары Мұратбек Дәлелханұлы.
Ахмет ауылы ардагерлер ұйымының төрағасы Темір Сейсембекова ауылдың жүгін арқалап жүрген кәсіпкерлерге ризашылығын айта келе, бүгінгі сауда үйінің иесі Төленді Шайхинге ерекше алғысын білдірді. Салтанатты шара барысында сауда үйінің таспасы қиылып, ауыл әжелері шашу шашты. Рәсім соңы концерттік бағдарламаға жалғасты.
Кейінгі 5-6 жылда қаңырап, төбесі ортасына түсіп, бос қалған ғимарат бүгінде халық игілігіне қызмет көрсетуде. Кәсіпкер Төленді Шайхиннің айтуынша, күрделі жөндеу жұмысы 5-6 ай жүрген. 3 млн. теңгеден аса қаржы жұмсалған. Сауда үйі ішінде азық-түлік, құрылыс материалдары, балалар және ересектер киімі халық талғамына қарай ұсынылған. Шаштараз, фотосалон, балаларға арналған компьютерлік ойын бөлмесі, тігін цехі, дәріхана, пошта қызметін де осы орталықтан табасыз.
Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.
Нұра ауданы.