Бас тақырыпЖаңалықтарСпорт

Таэквондодан ел чемпионаты аяқталды

Қарағандыда WT таэквондодан ауған соғысының ардагерлері мен қаза тапқан жауынгерлерін еске алуға арналған «KARAGANDA OPEN» ХХІ ашық республикалық турнирі өз мәресіне жетті. Дүбірлі додаға Қырғызстан мен Түркиядан және Қазақстанның барлық өңірінен 600-ден астам спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Ашылу салтанатына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұркен Нұратов қатысып, жарысқа қатысушыларға жылы лебізін білдірді.

Биыл бұл турнирдің ұйымдастырылып келе жатқанына – 21 жыл. Осы уақыт аралығында талай дарынды спортшының танылып, шеберлігін шыңдайтын маңызды додаға айналды. Қазақстандық таэквондошылармен қатар, шетелдік спортшылар да бұл жарыста тәжірибе жинап, өздерінің спорттық әлеуетін сынап келеді. Басқарма басшысы өз сөзінде турнирдің маңыздылығына тоқталып, таэквондоның өңірде дамуына ықпал ететін ауқымды спорттық алаң екенін атап өтті.

– Бұл турнир бүгінде білікті спортшылар бас қосатын үлкен турнирдің біріне айналды. Мұнда қатысушылар өздерінің техникалық және физикалық дайындығын сынап, татамидегі шеберліктерін шыңдайды. Ал, жас таэквондистер үшін мұндай додаға қатысу – жарыс тәжірибесін жинақтап, өз мүмкіндігін сынап, спорттық шеберлігін шыңдаудың зор мүмкіндігі. Біз бұл турнирдің алдағы уақытта да жалғасын тауып, жас спортшылардың кәсіби тұрғыдан өсуіне серпін беретініне сенеміз, – деді Нұркен Қанатұлы.

Биылғы турнир бағдарламасында алғашқы рет сурдотаэквондо бар. Бұл санатта есту қабілеті бұзылған спортшылар татамиге шығып, өзара бақ сынайды. Ұйымдастырушылар сурдотаэквондоның турнир бағдарламасына енгізілуі әр спортшыға өз қабілеті мен шеберлігін көрсетуге тең мүмкіндік беретінін айтады.

– Биылғы додада Қарағанды облысының намысын 74 спортшы қорғады. Олардың қатарында тәжірибелі спортшылармен бірге жас таэквондошылар да бар. Бұл турнир жас буынға өз шеберлігін сынап, жарыс тәжірибесін жинақтауға және жоғары деңгейдегі бәсекеде шыңдалуға мүмкіндік береді, – деді WT таэквондодан облыстық федерацияның жетекшісі Руслан Ищанов.

Турнирдің алғашқы күнінде 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер татамиге шықты. Екінші күні 18 жастан асқан ересектер мен 12-14 жастағы спортшылар өзара бақ сынады. Ал, жарыстың соңғы күні 8-9 және 10-11 жас санатындағы балалар өнер көрсетті. Ең айтулы жекпе-жектің бірі жарыстың соңғы күнінде орын алды. Ардагерлерден құралған «Тоньиль-Атырау» командасы өнер көрсетті. Командадағы ең жасы 68 жастағы Людмила Ли болса, үлкені 85 жастағы Светлана Хан.

– Біздің командамыздың атауы корей тілінен аударғанда «Бірлік» деген мағынаны білдіреді. Біз бірнеше жылдан бері таэквондомен тұрақты түрде айналысып келеміз. Биыл көктемде сары белбеу сынағын тапсырдық. Ал, жасыл белбеудің әзірге жалғыз иегері – этномәдени бірлестіктің төрайымы Людмила Ли. Кейде жастарға «Біз де таэквондошымыз» десек, олар таңырқап, сене қоймайды. Бірақ, біз спорттың жас талғамайтынын көрсетіп жүрміз. Өткен жылы Руслан Ищанов таэквондоны дамыту мәселесімен Атырауға келіп, бізбен кездескен. Биыл бізді Қарағандыдағы турнирге шақырғанына алғысымызды білдіреміз. Бұл – командамыздың өз облысымыздан тыс жердегі алғашқы жарысы. Біз үшін бұл – үлкен тәжірибе, әрі жаңа белес. Алдағы уақытта Қазақстанның басқа өңірлерінде де өнер көрсетіп, тіпті, шетелдік жарыстарға қатысып, өз мүмкіндігімізді сынасақ деген ниетіміз бар, – деді Светлана Хан.

Турнир қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Павлодар облысының құрамасы жеңімпаз атанды. ІІ орынды Астана қаласының командасы еншілесе, жүлделі үштікті Алматыдан келген спортшылар түйіндеді.

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button