Эльмира Сыздықова – Азиаданың күміс жүлдегері
Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында жерлесіміз Эльмира Сыздықова Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. 76 келіге дейінгі салмақта сынға түскен жерлесіміз ақтық бәсекеде жапониялық Юка Кагамимен белдесіп, қарсыласынан айласын асыра алмады.

Айта кетейік, Эльмира ширек финалда Моңғолия өкілі Даваанасан Энх-Амарды 4:1 есебімен жеңіп, жартылай финалға шыққан болатын. Ал, жартылай финалда жерлесіміз Қытай өкілі Ли Вэньцзимен белдесті. Тартысты өткен кездесуде Эльмира қарсыласын 9:8 есебімен басым түсіп, финалға жолдама алады. Бұл кезеңдегі қарсыласы – жапониялық Юка Кагами еді. Жапон спортшысы – 2024 жылғы Олимпиада чемпионы. Әрі әлем, Азия чемпионы. Десе де, жерлесіміздің де бұл спортта жинаған тәжірибесі аз емес. Ол күреспен 18 жылдан бері айналысып, боз кілемде талай белесті бағындырып келеді. Спортшының жеке бапкері – Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Владислав Сутормин. Бүгінде «Жоғары спорт шеберлігі мектебінің» тәрбиеленушісі. Осы уақытқа дейін XXXI жазғы Олимпиада ойындарының (Рио-де-Жанейро, Бразилия), Ислам ынтымақтастығының VI ойындарының қола жүлдегері атанған.

Финалдық кездесуде жерлесіміз қарсыласынан айласын асырып, бір ұпай еншілеп, есепте алға шығып еді. Алайда, кездесудің 2-ші минутында жапон спортшысы әдіс жасап, үш ұпайға қол жеткізді. Ал, белдесудің аяқталуына бір минутқалғанда Юка Кагами қорғаныста сәтті қорғанып, тағы да қосымша екі ұпайға қол жеткізді. Осылайша, Эльмира ақтық кезеңде жапон спортшысынан 1:5 есебімен жеңіліп, Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»



