Нұра ауданының ауылдарында әлеуметтік жобалар жүзеге асуда
Нұра ауданының ауылдарында кәсіпкерлер мен ірі шаруа қожалықтары жергілікті тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда.

Мұзбел ауылында «Пржевальское» ЖШС қаржысына заманауи саябақ салынып жатыр. Мұнда серуендеу орындары, орындықтар мен жарықтандыру жүйесі қарастырылып, аумақ көгалдандырылып, жаяу жүргіншілер жолы төселеді. Жобаны серіктестік директоры Әлібек Тәттібаев туған ауылын қолдауға бағытталған азаматтық міндет ретінде қабылдап отыр.
Изенді ауылында «Нұра» кәсіпорны тұрғындардың өтініші бойынша мектеп жанынан балаларға арналған ойын алаңын салды. Бұл нысан шағын орталық тәрбиеленушілерінің таза ауада ойнап, уақыт өткізуіне мүмкіндік беруде.

Шахтерское ауылында жас мамандарды тарту үшін екі екіпәтерлі тұрғын үй салынуда. Жалпы аумағы 540 шаршы метр болатын үйлерге инженер-электрик, гидротехник, дәрігер және учаскелік полиция инспекторы қоныстануы жоспарланған. Әр пәтерге жеке гараж қарастырылған.
Сонымен қатар «Шахтерское» ЖШС мамандарға арналған жатақхана құрылысын бастап, 90 адамға дейін орналастыру мүмкіндігін қарастырған. Кәсіпорын жасанды интеллект технологиялары қолданылатын автоматтандырылған қойма мен сыйымдылығы 15 мың тонна болатын жаңа картоп қоймасын салуды да жоспарлап отыр.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



