Еңбекке жол ашқан мүмкіндік
Өңірдің өркендеуі өндірістің қарқынынан, бой көтерген ғимараттардан ғана танылмайды. Оның игілігін күнкөрісі төмен отбасы да, мүгедектігі бар азамат та, жалғызілікті қарт та сезінуі керек. Қарағандының кенішіндегі еңбек пен зауытындағы өнім елдің табысын еселесе, әлеуметтік саясат сол мүмкіндіктің адам өміріне жетуіне қызмет етеді. Бір шаңырақ үшін бұл – қысқы отынға жеткен қаражат, екіншісі үшін – тұрақты жұмыс, үшіншісі үшін – баласына көрсетілген қолжетімді қызмет.
Жаңа Конституцияның 1-бабында Қазақстанның әлеуметтік мемлекет екені бекітіліп, адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде танылған. Осы ұстанымды өңірдегі әлеуметтік қолдау шараларымен сабақтастырғанда, атқарылған істің нәтижесін тұрғынның тұрмысымен өлшеудің мәні ашылады. Мемлекеттік көмектің қайтарымы адамның күнделікті қиындығын жеңілдетіп, өз мүмкіндігін жүзеге асыруына жол ашқан кезде көрінеді.

Көмек мұқтажға жеткенде
Аз қамтылған отбасының тіршілігін бір ғана табыс көрсеткішімен түсіндіру қиын. Баланың күтімі, баспананың шығыны, денсаулық жағдайы мен жұмысқа орналасу мүмкіндігі өзара байланысып жатады. Сондықтан, әлеуметтік көмектің атаулылығы отбасының нақты мұқтажын анықтаудан басталады.
Конституцияның 31-бабы жасына, науқастануына, мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына және өзге де заңды негіздерге байланысты әлеуметтік қамсыздандыруға кепілдік береді. Бұл кепілдіктің күнделікті өмірдегі мазмұны заңда көзделген қолдаудың адамға уақытында жетуімен толығады.
Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен аспайтын отбасылар атаулы әлеуметтік көмек ала алады. Өңірде тұрғын үй көмегі, қиын өмірлік жағдайға байланысты төлемдер және жекелеген санаттарға арналған жергілікті қолдау шаралары да қарастырылған.
Қарағандының қысы ұзақ. Сол себепті, тұрмыс шығынын жеңілдететін көмектің маңызы жылу маусымында айрықша сезіледі. Қатты отын сатып алуға арналған біржолғы көмектің мөлшері 16 айлық есептік көрсеткіш, яғни, биыл 69 200 теңге. Оны тағайындаудың табысқа қатысты талаптары қала мен ауданға қарай ерекшеленеді.
Газдандырудың әлеуметтік жағы да осы тұстас. Өңірде белгіленген талаптарға сәйкес келетін зейнеткерлерге, мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған және өзге де тиісті санаттағы отбасыларға газ жүргізу мен жабдық орнату шығынын өтеуге көмек қарастырылған. Оның көлемі нақты шығынға қарай айқындалып, 130 айлық есептік көрсеткіштен аспайды.
Газ құбыры көшеге жеткенімен, үйге қосылуға қаражат таппаған отбасы инфрақұрылымның игілігін бірден көре алмайды. Осындай жағдайда әлеуметтік көмек коммуналдық жаңғыруды тұрғынның тұрмысымен байланыстырады. Қолдау тетіктерін бағалағанда, бөлінген қаржымен бірге оған мұқтаж адамның өтініш беру жолын білуіне, талаптарды түсінуіне және көмекті уақытында алуына назар аударған жөн.
Атаулы әлеуметтік көмек алушылар санының азаюын да байыппен саралау қажет. Отбасының тұрақты табысқа қол жеткізіп, көмекке мұқтаждығы кемігені – оң нәтиже. Ал, өтініш берудегі кедергі немесе құжат рәсімдеудегі қиындық салдарынан қолдаудан тыс қалу өзге мәселе. Әлеуметтік саясаттың тиімділігі осы екі жағдайды ажыратып, әр отбасының ахуалына үңілуден көрінеді.
Тұрақты табыс адамның сенімін нығайтады
Мүгедектігі бар азаматтың еңбекке араласуы да отбасының кірісін арттырумен қатар, кәсіби білігін қолдануына, қоғаммен байланысын кеңейтуіне мүмкіндік береді.
Жаңа Конституцияның 27-бабында әр адамның еңбек етуге, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бекітілген. Осы құқықты жүзеге асыру үшін адамның дайындығы мен жұмыс орнының жағдайы үйлесуі қажет.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, «Арнайы жұмыс орындары» бағдарламасына есту, көру немесе тірек-қимыл аппараты бұзылған, мансап орталықтарында жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтардың қатыса алатыны көрсетілген. Қатысу мерзімі 36 айға дейін белгіленген. Бағдарлама еңбекке орналасумен бірге кәсіби тәжірибе жинақтап, жұмыс орнына бейімделуге бағытталған.
Өңірде бұған дейін мұндай қолдаудың нақты мысалдары да баршылық. Бұған дейін жазғанымыздай, көру қабілеті бұзылған әйел арнайы жұмыс орнында тігінші болып еңбек етеді. Теміртау тұрғыны «Бірінші жұмыс орны» жобасы арқылы массаж жасаушы болып орналасса, Қарқаралыда І топтағы мүгедектігі бар азамат аудан әкімі аппаратында статистик қызметіне қабылданған.
Сондықтан, квотаның орындалуын жұмысқа орналасқан адамның сол қызметте қанша уақыт қалғанымен, кәсіби өсуімен және табысының тұрақтылығымен бірге қарастырған жөн. Қызметкерге лайық жағдай жасалып, жұмыс беруші оның білігіне сүйенген кезде әлеуметтік қолдау орнықты еңбек қатынасына айналады.
Аз қамтылған отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуда да осы сабақтастық қажет. Оқуға жолдау, мамандық үйрету, жұмысқа орналастыру бір-бірін толықтыруы тиіс. Баланың күтімі немесе қатынау қиындығы шешілмесе, ұсынылған бос орынның өзі адамға қолжетімсіз болып қалуы мүмкін. Әр отбасының еңбекке араласуына бөгет болған себепті анықтау қолдаудың қайтарымын арттырады.
Кедергісіз күннің қадірі
Қолжетімді орта адамның үйден шығып, жұмысқа, емханаға, мәдениет ошағына өз бетінше жетуінен танылады. Ғимаратқа қойылған пандус осы жолдың бір бөлігі ғана. Оған дейінгі тротуар, аялдама, көлік және кіреберіс өзара жалғасқанда күнделікті қозғалыс жеңілдейді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жариялаған 2024 жыл қорытындысына қатысты мәліметте Қарағанды облысындағы 1080 әлеуметтік инфрақұрылым нысанында бейімдеу жұмыстары жүргізілгені көрсетілген. Оның ішінде 279 білім беру, 129 денсаулық сақтау және 191 мәдениет нысаны бар.
Осы бағыттағы жұмыстың жалғасы ретінде биыл 1 шілдеден бастап Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарында жекелеген техникалық оңалту құралдарын өтеусіз пайдалану және қайтару шарттарымен берудің сервистік моделі бойынша қанатқақты жоба басталды. Жоба құралды пайдаланудың бүкіл кезеңінде сүйемелдеуге бағытталған.
Жаңа модельде құрал бұзылған жағдайда оның жай-күйі бағаланып, жөндеу ұйымдастырылады. Қажет болғанда жөндеу кезеңіне айырбастау қорынан жұмыс істейтін құрал уақытша беріледі. Баланың бойына немесе жеке ерекшелігіне сәйкес келмей қалған құралды мерзімінен бұрын ауыстыру мүмкіндігі де қарастырылған.
Мұндай тетіктің әлеуметтік маңызы адамның күнделікті тіршілігімен өлшенеді. Арба істен шыққанда жұмысқа бару, сабаққа қатысу немесе сыртқа шығу қиындайды. Сондықтан, құралды жөндеудің жеделдігі мен уақытша алмастыру мүмкіндігі адамның қалыпты өмірін жалғастыруына қызмет етеді.
Балаға қамқорлық – отбасыға сүйеніш
Мүгедектігі бар балаға көрсетілген қызмет бүкіл отбасының өміріне әсер етеді. Баласын маманға апару, оңалту сабақтарына қатыстыру, күнделікті күтімін ұйымдастыру ата-ананың уақыты мен қаражатын талап етеді. Сондықтан баланы қолдау мен ата-ананы сүйемелдеуді бірге қарастыру маңызды.
Конституцияның 30-бабында отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында екені бекітілген. Осы қағиданың өңірдегі нақты көрінісін Қарағандыдағы «Қамқорлық» күндізгі орталығының қызметінен көруге болады.
Аутизм спектрінің бұзылыстары мен өзге де менталдық ерекшеліктері бар балаларға арналған орталық жыл сайын 3 пен 18 жас аралығындағы 125 балаға тегін көмек көрсетуге есептелген. Мұнда әлеуметтік-тұрмыстық, психологиялық, педагогикалық және медициналық қолдау біріктірілген.
Орталық мамандары баланың қарым-қатынас жасауына, күнделікті дағдыларды меңгеруіне және ортаға бейімделуіне көмектеседі. Ата-анаға берілген түсінікті кеңес маманмен өткізілген сабақтың үйде жалғасуына мүмкіндік береді. Баланың қажеттілігін жақсырақ түсінген отбасы күнделікті қарым-қатынасын да соған сай ұйымдастыра алады.
Қызметтің сапасымен қатар оған жету жолы да назарда тұруы керек. Қалада орталық ашылғанымен, ауылдағы отбасының қатынауы, қабылдау кезегі және тұрақты сабаққа келуі бөлек ұйымдастыруды қажет етеді. Қолдау баланың қажеттілігін, отбасының жағдайын және тұрғылықты жерін ескергенде нәтижелі болады.
Жаңа Конституциядағы әлеуметтік кепілдіктер өңірдегі жұмысты адам өмірімен сабақтастырып бағалауға негіз береді. Аз қамтылған отбасының тұрмыс шығыны жеңілдеп, еңбекке қабілетті азамат тұрақты жұмысқа орналасып, мүгедектігі бар адамның күнделікті қозғалысы еркіндеп, бала қажетті қызметін уақытында алса, қолдаудың қайтарымы айқындалады. Қарағандының экономикалық қуаты осындай өзгерістермен толыққанда, өңірдің өркендеуін әр шаңырақ өз тіршілігінен сезінеді.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

