"Таза Қазақстан"Жаңалықтар

«Таза Qazaqstan» Road-эстафетасы: «Əділет» жастары 1800 шақырымды бетке алды

«Әділет» партиясының жастар қанаты «Таза Qazaqstan» атты ауқымды экологиялық эстафетаны бастады. 13–16 қазан аралығында 5 мыңға жуық жас азамат «Астана – Өскемен» бағытындағы автожол бойының 1800 шақырымға жуық аумағын қоқыстан тазалайды.

Cуреттер ұйымдастырушылардан

Бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды. Эстафета Ақмола, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарын қамтиды. Қатысушылар 10 аудан мен 59 ауылға барып, жол бойындағы аумақтарды тазалауға және экологиялық мәдениетті насихаттауға атсалысады.

Іс-шараға Құрылтай депутаттары, партия өкілдері, мемлекеттік органдар қызметкерлері және белсенді жастар қатысуда.

«Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, қоршаған ортаны қорғау мен тазалықты сақтау әр азаматтың күнделікті дағдысына айналуы керек.

«Табиғатқа жанашырлық – халқымыздың қанына сіңген қасиет. Мемлекет басшысы экономикалық, әлеуметтік және цифрлық дамумен қатар, «Таза Қазақстан» бастамасына да ерекше көңіл бөледі. Себебі қоғамның тазалығы әрқайсымыздан басталуы керек. Сананың тазалығы мен айналамыздың тазалығы табиғатқа деген жанашырлықтан басталады», – деді ол.

Эстафета аясында жол бойындағы аумақтарды тазалаумен қатар, түрлі экологиялық іс-шаралар өткізіледі. Сонымен бірге депутаттар тұрғындармен кездесіп, қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырады. Кездесулер барысында ауыл тұрғындарының өтініштері мен өзекті мәселелері тыңдалып, жүйелі шешімді қажет ететін мәселелер Құрылтай деңгейінде көтерілмек.

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы эстафетаның маңызы тек қоршаған ортаны тазалаумен шектелмейтінін атап өтті. Оның сөзінше, бастама қоғамда рухани тазалықты, жауапкершілікті және табиғатқа құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Сонымен қатар жастар «Вандализмге жол жоқ!» акциясы аясында тарихи-мәдени орындарды тазалауға қатысады. Ал «Чемпиондық рух» жобасы аясында спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Құрылтай депутаты Айжан Аймағанованың пікірінше, мұндай бастамалар жастардың еріктілік тәжірибесін арттырып, тұрғындардың экологиялық мәселелерді шешуге белсенді араласуына мүмкіндік береді. Ал депутаттардың қоғамдық қабылдаулары ауылдардағы өзекті мәселелерді тікелей анықтауға жол ашады.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» бастамасы «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында да қамтылған. Бағдарламада экологиялық ахуалды жақсарту, елді мекендерді абаттандыру және тұрғындарды қоршаған ортаны таза әрі жайлы ұстауға жұмылдыру негізгі бағыттардың бірі ретінде белгіленген.

Материалды әзірлеген Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button