Қазақстандық балуандар әлем чемпионатында екінші алтын медальді жеңіп алды
Қазақстан құрамасы АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында грек-рим күресінен екінші алтын медальға қол жеткізді.

72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Юсуф Ашрапов жарыстың финалында армениялық Гаспар Тертерянмен белдесіп, қарсыласынан басым түсті. Осылайша отандасымыз әлем чемпионы атанып, Қазақстан қоржынына кезекті алтын жүлдені салды.
Айта кетейік, бұған дейін 60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Айбек Айтбеков те әлем чемпионы атанған болатын. Ол финалдық белдесуде әзербайжандық Эльмир Алиевті жеңіп, алтын медаль иеленді.

Осылайша, Қазақстан құрамасы грек-рим күресінен U23 санатындағы әлем чемпионатында екі алтын медаль жеңіп алды. Бұл нәтиже отандық балуандардың халықаралық аренадағы жоғары деңгейін тағы бір мәрте көрсетті.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



