Жұлдыздар жерде де жарқырайды

     Сонау жылдары «Қазақ қыздарының қолынан журналист болу келмейді» деген пікір берік қалыптасқан еді. Мұндай ұстанымды тіпті, қазіргі қазақ журналистикасының талай марқасқаларын тәрбиелеген Алматыдағы журфактың естен кетпес есті деканы Темірбек Қожакеевтің өзі ұстанған екен. Бұл ащы да болса өмір шындығы. Қазақ қоғамында әйелдердің басты парызы ана болу, ошаққа ие болу еді ғой. Сондықтан, журналистика сияқты ауыр жұмыста әйелдерге қазіргі тілмен айтқанда карьералық өсу, шығармашылық табысқа жету оңайға соқпаушы еді.

Тіпті, еркектердің еркегі ғана шыдас беретін. Компьютер мен интернет жоқ заманда, партиялық баспасөздің заманында жұмыс шынында да ауыр болатын. Айшылық алыс жерлерге апталап іссапарға шығу, қазақша екі ауыз сөздің басын құрай алмайтын шенеуніктердің атынан саяси тақырыпқа авторлық мақалалар ұйымдастыру, толып жатқан пленум, сессия, конференциялардың орыс тілінде түсетін материалын номерге «диктовка» жасау (машинкаға бірден айтып аудару), кезекшілік келгенде Бас хатшының, немесе тағы бір дөкейдің сөзін түні бойы жүріп газетке теріп шығару және басқасы. Бұған талай апа-қарындастарымыз шыдай алмай жұмыстан шығып, тіпті, қайғылы жағдайға душар болғанын көргеніміз бар…

Журналист Жұлдыз алдымен осы пікірді жоққа шығарып, өзінің жеке шығармашылық қызметімен де, жеке басының өнегесімен де дәлелдеген қазақ журналист әйелдері ішіндегі жарық жұлдызының бірі болды. Көктегі демей-ақ қояйық, осы өзіміз күнде басып жүрген жұмыр жердегі. Оған өзінің табандылығы, еңбекқорлығы, керек десеңіз қайсарлығы арқылы қол жеткізді. Бүгінгі шыққан биіктеріне самғау оған да оңай соққан жоқ.

Жұлдызды оқу бітіріп келіп, алғаш «Орталықтың» табалдырығын аттаған 1990 жылдан білемін. Жарқылдаған мінезімен бірден сүйікті қарындасымыз болып алды. Жоғарыда айтқан себептермен журналистер арасында қыз балалар жоқ болатын. Сондықтан бауыр бастық, ақыл қостық, үйреттік. Ол да «ағаларым» деп еркелеп тұрушы еді. Қандай жарасымды қазақи қылық! Өзінің де талабы таудай екен. Егіндібұлақта мектеп бітірісімен сол кездегі партияның ұранына сәйкес шопандардың комсомол-жастар бригадасының құрамында қой баққан көрінеді. Кейін біз жап-жас қыздарды қой соңына салып қоюды әпербақандық деп қаншама сынағанымызбен, Жұлдыз өмірінің осы кезеңін ілтипатпен еске алады. Кешегі ата-анасының қолында, үлкен отбасында өсіп, не ішем, не жеймін дегенді ойламаған тұлымшағы желбіреген жас қыз бір жылдың ішінде есейіп шыға келеді. Армандаған журфагына да түседі. Мұнда оны тағдырдың тағы бір сыны тосып тұр екен. Сексен алтының қысында, екінші курста оқып жүргенде атышулы Желтоқсан оқиғасына қатыстың деп КГБ біраз әуреге салады, кешегі белсенді студентті топ комсоргынан алып тастайды. Қазір мұндай тәртіптік шара қайсыбіреулерге ойыншық болып көрінуі мүмкін, ал егер бұрынғы режим сақталса, комсомол мен партияның есеп карточкасына жазылатын сөгісі сүйекке таңба болары сөзсіз еді. Өзінің «Мұздақта жанған желтоқсан оты» атты өлеңінде көргендері туралы ақын Жұлдыз былай толғанады:

Түк болмаған секілді, рас, бүгін,

Төгейін кеудемдегі жыр асылын.

Кешегі Алматыда болып өткен,

Мен де бір Желтоқсанның куәсімін…

Шықты әне, мінбеге бір курстасым,

Аманғазы есімі оның, өз тұстасым.

Өлеңменен өз ойын өрнектеп ед,

Әлдекім шоқпарменен ұрып салсын…

Ойымды көкейдегі тап басқаны,

Ұнамапты курсымның топтасқаны.

«Тобыңдағы тобырға ие болмадың» деп

Мені-дағы комсоргтан ап тастады…

Ақын Жұлдыз өлең жазуды мектеп қабырғасында оқып жүргеннен бастапты. Республикалық «Қазақстан пионері» газетіне өлеңдері жиі жарияланып тұрады. Мұның өзі оны қанаттандырып, қаламгерлік, журналистік мамандықты таңдауына себеп болғаны сөзсіз. Ал университетте оқып жүргенде студенттер арасындағы айтысқа қатысып, бойына қонған өнерін шыңдай түседі. Тіпті, 1990 жылы Атырауда өткен Махамбет Өтемісұлының және алматыда «Лениншіл жас» газетінің 70 жылдық мерейтойы құрметіне өткізілген республикалық айтыстарда жүлдегер атанған. Журналистік қызметте жүргенде ақындардың талай мүшәйрасына қатысып, жүлделерге ие болып жүргенінің куәсі болдық. Өлеңдеріне әйел, ана, қаламгер ретінде өзінің қуанышын, мұңын, жүрек сезімін арқау етеді. Оның біраз өлеңдеріне ән жазылып, халық арасында орындалып жүр. Ал «Қарағанды – құтты мекен», «Орталық Қазақстаным» (әндерін жазған Қ. Шаймерденова) әндері кеншілер мен қаламгерлердің әнұранына айналып кеткендей. Шығармашылық қызметінің есебі ретінде «Көтердім ақ желкенін жыр кеменің» (2006 ж.) атты жыр кітабын және «Арқаның ару қыздары» (2009 ж.) атты портреттер жинағын шығарды. Ана бір жылы «Шалқыма» концерт залында Ж.Тойбектің әсерлі поэзия кеші ұйымдастырылып, ақын қыз көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Редакцияда қалыптасқан тәртіппен жас журналист Ж.Тойбекті біраз бөлімдерден «өткізіп» алдық. Әуелі әлеуметтік сала және ішкі саясат бөлімінің әдеби қызметкері немесе біздіңше тілшісі болды. Біртіндеп мәдениет, әдебиет, өнер, тіл, білім, денсаулық сақтау салаларын қамтитын бөлімдердің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Осылардың қайсысын болсын абыроймен жүргізіп отырды. Әйелдерге арналған «Сұлушаш» бетін оқырмандар әрдайым жылы қабылдайтын. Жұлдыздың әсіресе, қазақ тілінің мәртебесін көтеру саласындағы еңбегін ерекше атап өту керек. Бұл жерде ол белсенді қоғамдық қызметімен көзге түсті.

Жұлдыз тіл жанашыры ретінде қазақша балабақшаларының ашылуына тікелей атсалысып, газетте қазақ тілінің іс жүргізуде қолданылуын жазып көрсететін «Тілтұмар» атты арнайы бет ұйымдастырып отырды. Осы орайда тіл басқармасымен бірге жарнамалардың дұрыс жазылуын қадағалайтын айлықтарға, рейдтерге қатысты, қазақ тілін қолданудағы орашолақтықтар туралы сын мақалалар жариялады. Ономастикалық мәселелерді де қаузап, тарихи атауларды қалпына келтіруге үн қосты, газетте алғашқылардың бірі болып Октябрь ауданына ұлт көсемі Ә.Бөкейханның есімін беруді көтерді. Тіл мерекелерінен, байқауларынан есептер үзбей беріліп тұрды. Осынау еңбегінің арқасында бірнеше рет облыстық байқаудың жүлдегері, жеңімпазы болып шықты, облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығының иегері атанды. Сондай-ақ тынымсыз журналистік қызметінің жемісі ретінде облыс әкімінің журналистер арасындағы «Алтын сұңқар» сыйлығына және Халықаралық қазақ творчестволық бірлестігінің «Мәдениет майталманы» медалінің иегері атанғанын да атап өткен ләзім. Халықаралық «Заман» газетінің облыстағы тілшісі қызметін қоса атқарды.Теледидардан «Қоғам және әйел» хабарын да жүргізіп отыратын.

Қазір Ж.Тойбек Елордамыздағы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ «Еуразия — ақпарат» орталығының қызметкері, журналистика және саясаттану факультетінің оқытушысы болып қызмет істейді.

Ерлерден қалыспай журналистика саласында жанталасып жүрген қарындасымыз Жұлдыз Тойбек екі ұл тәрбиелеп өсіріп, екі немере сүйіп отырған аяулы ана, ардақты әже. Ол, міне, елу жасқа – жер ортасына келіп қалыпты. Жұлдызға жаңа қызметінде табысты еңбек тілейік. Жұлдызың жер бетінде жарқырай берсін дегіміз келеді!

Аман ЖАНҒОЖИН,

«Орталық Қазақстанның»

ардагер журналисі.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.