Ақтоғай

Жүлдесіз қалған кезі жоқ

Сарышағанда алты жүзге жуық адам немесе әрбір оныншы тұрғын бұқаралық спортпен айналысады. Кенттің құрама командасы кейінгі кезде спорт саласында жақсы көрсеткішке қол жеткізіп, әртүрлі жарыстардан жүлделі оралып жүр. Барған жерінен бос қайтқан кезі жоқ.

Айтқанды дерекпен дәйектейік. Қаңтарда Ақадырда ұйымдастырылған шайбалы хоккей турнирінде І орын алған кент құрама командасы ақпанда Ақтоғайда өткен допты хоккей додасында жүлделі ІІ орынды иеленді. Ақпанның аяғында Приозерск қаласында шағын футболдан өткен екі күндік додада тағы да ІІ орыннан көрінді.

 Сәуірде Ақтоғайда мемлекеттік қызметшілер арасында дәстүрлі аудандық спартакиада өтті. Сарышағандық спортшылар онда да алғашқы үштіктің ортасынан ойып тұрып орын алды. Ал, маусымда жалауын желбіреткен аудандық «Сарыарқа – 2018» жазғы спартакиадасында жалпы командалық есепте ІІІ орынды иеленді.

Биыл Астананың 20 жылдығына орай өткен әртүрлі спорттық іс-шараға да белсенді қатысты. Сарышағанда қаңтардың соңғы күнінде шайбалы хоккейден ұйымдастырылған ашық турнирде ІІ орынды иеленген кент құрама командасы, ақпанның аяғында Приозерск қаласында өткен жарыста ІІІ орынмен қанағаттанды. Мұрат Қыдырманов «Үздік шабуылшы» атанды.

Мамырда Мойынтыда Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай кенттегі орта мектепті 1968 жылы бітірген түлектердің жүлдесі үшін шағын футболдан ұйымдастырылған аймақтық турнирде Сарышағанның құрама командасы ІІ орыннан көрініп, мерейі үстем болды.

 Ақтоғай ауданының 90 жылдық мерейтойы талай спорттық шараға серпін берді. Наурызда Шашубай кентінде қазақ күресінен «Ақтоғай барысы» турнирі өтті. Боз кілем үстіндегі белдесуде өз салмақ дәрежесінде қарсыласын қапы қалдырған Ескендір Байғубаев бірінші жүлдені қанжығасына байласа, Әділет Әбсамат пен Айдос Шуланов ІІ орынға көтерілді. Ал, күні кеше қыркүйекте аудан орталығында қазақ күресінен өткен жарыстан Хуанған Бертілек ІІІ жүлдемен оралды.

Әрине, спортқа жақындық баланы жастай баулудан басталады. Сарышағандағы мектепте үстел тенисі, шахмат, тоғызқұмалақ, волейбол үйірмесі жұмыс істейді. Биыл қыркүйектің ортасында қазақ күресі үйірмесі ашылды. Оған «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында кентке келген қазақ күресінен спорт шебері Хуанған Бертілек жетекшілік жасайды.

 Үйірмеге жазылған 150 адамның 63-і – оқушы. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі өз тарапынан көмек көрсетіп отыр. Үйірмеге 6 кимано, 4 күрес аяқ киімін, бағасы 3 млн. теңге тұратын бозкілем берді. Осының бәрі кентте спорттың бұқаралық сипат алуына игі ықпалын тигізері анық.

Әлібек ӘБДІРАШ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button