Әлихан Бөкейханның әкесі жерленген Талдыбейіт қайта жаңғыртудан өтеді
Ақтоғай – Алаш тарихында айрықша орны бар мекен. Өңірдегі тарихи орындардың бірі – Талдыбейіт. Бұл жерде Алаш қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейханның әкесі Нұрмұхамед Мырзатайұлы мен туған інісі Сымахан Нұрмұхамедұлы жерленген. Осы орайда келер жылы Ақтоғай ауданындағы тарихи Талдыбейітте реставрациялық жұмыстар басталады.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей Ақтоғайға жұмыс сапары барысында Талдыбейіттің қазіргі жағдайымен танысып,

тарихи нысанды қалпына келтіру жоспарын айтты.

Облыс әкімі орынбасарының атап өтуінше, Талдыбейітте реставрациялық жұмыстарды келер жылы бастау жоспарланып отыр. Жұмыстардың негізгі мақсаты – тарихи орынның бастапқы келбетін сақтап, кейінгі ұрпаққа аман жеткізу.

Талдыбейіттің тарихы Әлихан Бөкейхан әулетімен тығыз байланысты. Сондықтан бұл нысан Алаш қайраткерінің өмірі мен шыққан ортасын танып-білуге мүмкіндік беретін маңызды тарихи орындардың бірі саналады.

Жалпы, Ақтоғай ауданындағы тарихи-мәдени мұраны жаңғырту жұмыстары Беғазы, Жекежал және Талдыбейіт нысандарын біртұтас туристік бағытқа біріктіруге бағытталған.
– Жекежал қыстағындағы қайта қалпына келтіру жұмыстарының барысымен де таныстық.
Бұл – Әлихан Бөкейханның алғаш асық атып, ат жалын тартып мінген шағының куәсі болған мекен. 2016 жылы консервациялау, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, басына тас орнатылған болатын. Араға 10 жыл салып, қайта жөндеуден өтті. Қыстаудың қабырғалары толық аршылып тазаланды, екі бөлмелі баспана мен оған іргелес орналасқан қора-қопсы қалпына келтірілді. Ал Әлихан Бөкейханның әкесі – Нұрмұхамед, туған інісі – Сымахан жерленген Талдыбейітте реставрациялық жұмыстар келер жылы басталады.
Бұл бастамалардың барлығы Ақтоғайдың бай тарихи-мәдени мұрасын сақтап қана қоймай, Беғазы – Жекежал – Талдыбейіт бағыттарын өңірдің жаңа туристік нысандарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді.
Киелі мекеннің тау-тасын аралап жүріп: «Түп-тамырымызды толыққанды танып-білу арқылы ұлт дамуының көкжиегін кеңейте түсеміз», – деген Мемлекет басшысының сөзі ойға оралды.
Ақтоғайдың бай тарихи-мәдени мұрасын дәріптеп, тарих тағылымын келер ұрпаққа аманаттау – бізге парыз. Ал тарихын таныған ел жолынан жаңылмайтыны әлімсақтан белгілі, – деді Әлібек Үсенұлы.

Беғазы – Жекежал – Талдыбейіт бағыты алдағы уақытта өңірдің тарихи-танымдық туризм жобасының жаңа нүктесіне айналмақ.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



