Цифрлық дәуірдің экономикалық келбеті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында ел экономикасын тұтас цифрлық жүйеге көшіру міндетін қойды. Мемлекет басшысы жасанды интеллект пен заманауи технологияларды экономиканың барлық саласына енгізудің маңызын атап өтті. Бұл бастама мемлекеттік қызметтерден бастап сауда-саттыққа, өндіріс пен кәсіпкерлікке дейінгі барлық бағытты қамтуға тиіс. Қазақстанның цифрлық даму деңгейіне шетелдік қонақтар да жоғары баға беріп келеді. Мәселен, 2024 жылы Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде елімізге келген шетелдіктер ұлттық мәдениетіміз бен қонақжайлығымызға ғана емес, күнделікті қызметтердің цифрлық форматта қолжетімді болуына да назар аударып, таңданысын білдірді. Қонақтар үшін смартфон арқылы төлем жасау, қажетті ақпаратты жылдам алу, онлайн сервистерді пайдалану – еліміздің технологиялық мүмкіндігін танытқан ерекшеліктердің бірі болды.
Еліміз соңғы жылдары цифрландыру бағытында бірқатар нәтижеге қол жеткізді. Біріккен Ұлттар Ұйымының 2024 жылғы электрондық үкіметті дамыту индексінде еліміз 193 мемлекеттің арасында 24-орынға тұрақтады. Ал, онлайн қызметтер индексі бойынша әлемнің үздік ондығына еніп, 10-орынды иеленді. Осыдан-ақ, Қазақстанның мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытындағы жетістігінің нақты көрсеткішін аңғаруға болады. Еліміздің осы көрсеткіш бойынша әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен бір деңгейде бағалануы да бекер емес.
Мемлекеттік қызметтердің басым бөлігін үйден шықпай-ақ алуға болады. Құжат рәсімдеу, анықтама алу, өтініш жолдау, төлем жасау секілді қызметтер смартфон арқылы орындалады. Электронды үкімет жүйесі мен мобильді қосымшалардың дамуы азаматтардың уақытын үнемдеп, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырды. Бұған қоса, банк қызметтері де цифрлық форматқа көшіп, шот ашу, ақша аудару, несие рәсімдеу және тауарды бөліп төлеу секілді операцияларды бірнеше минутта орындауға мүмкіндік туды.
Президент Жолдауында ендігі кезеңнің міндеті айқындалды. Цифрлық технологияларды мемлекеттік қызмет көрсету деңгейінде ғана емес, экономиканың барлық саласында кеңінен қолдану қажет. Digital Qazaqstan стратегиясы аясында суперкомпьютерлерді дамыту, жасанды интеллектіні коммерциялық мақсатта пайдалану, блокчейн технологияларын енгізу және цифрлық жұмыспен қамтуды кеңейту мәселелері көтерілді. Мемлекет басшысы халықтың интернетті тұтыну құралы қыла отырып, табыс табу мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын кеңістік ретінде пайдалануына басымдық берді.
Цифрлық экономиканың қарапайым халық күнделікті сезінетін бағытының бірі – электронды сауда. Бүгінде қазақстандықтар қажетті тауарын сатып алу үшін сауда орталықтарын аралап жүрмейді. Kaspi.kz, Halyk Market, Wildberries, Ozon, Teez секілді маркетплейстер арқылы киім-кешек, тұрмыстық техника мен күнделікті қажетті заттарға тапсырыс бере алады. Ал, азық-түлік пен дайын тағам жеткізу қызметінде Arbuz, Glovo және «Яндекс Еда» платформалары сұранысқа ие. Бұл қосымшалар сатып алушыға уақыт үнемдеуге, ал кәсіпкерге өз өнімін кең аудиторияға ұсынуға мүмкіндік береді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы еліміздегі ішкі бөлшек электронды сауда көлемі артқан. Ал, маркетплейстер арқылы жасалған сауда электронды сауданың негізгі бөлігін қамтиды. Бұл көрсеткіш онлайн сауданың енді қосымша қызмет емес, ел экономикасының маңызды бөлігіне айналғанын аңғартады.
Цифрлық экономиканың дамуы тек ірі қалалар мен интернет-дүкендерге ғана қатысты емес. Шағын және орта бизнес үшін де жаңа технологияларды пайдалану қажеттілігі артып келеді. Мәселен, Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы өңірдегі бизнес өкілдерін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әзірлеген «Business Go» цифрлық платформасын пайдалануға шақырып отыр.
Бұл – онлайн-касса, тауар есебі, маркетингтік құралдар мен клиенттерге арналған сервистерді бір жүйеге біріктіретін цифрлық экожүйе. Платформа сауда орындарына, қоғамдық тамақтану нысандарына және қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлерге арналған. Оның басты ерекшелігі – кәсіпкердің бірнеше жүйені бөлек сатып алып, әрқайсысына жеке төлем жасау қажеттілігін азайтуы. Барлық қызметті смартфон арқылы басқаруға болады.
Атап айтқанда, GreenKassa онлайн-кассасы арқылы қолма-қол ақшамен, банк картасымен және Halyk QR көмегімен төлем қабылдауға болады. GreenMag жүйесі тауардың кірісі мен шығысын, қоймадағы қалдығын және сатылым көлемін бақылауға мүмкіндік береді. Ал, GreenScan сервисі алкоголь және таңбаланған өнімдердің акциздік маркалары мен сәйкестендіру құралдарын тексеруге арналған.
Қоғамдық тамақтану орындары Dastarkhan QR электронды мәзірін пайдалана алады. Келуші QR-кодты сканерлеу арқылы мәзірді көріп, қажетті тағамды таңдайды. Кәсіпкер болса, ассортимент пен бағаны қосымша арқылы жаңартады. Сұлулық салондары, автосервистер, қонақүйлер және басқа да қызмет көрсету орындарына Amian Business сервисі ұсынылады. Оның көмегімен бонустық бағдарламалар, акциялар мен түрлі ұтыс ойындарын ұйымдастыруға болады.
Сонымен қатар, 1 қарашадан бастап, Amian қосымшасында «Чекті талап ет» акциясы басталған. Фискалдық чектерді жүктеген сатып алушылар кэшбэк алып, автокөлік пен басқа да сыйлықтардың ұтыс ойынына қатыса алады. Бұл кәсіпкерлер үшін де сатып алушыларды тартудың қосымша тетігі.
Қазіргі уақытта «Business Go» платформасы Қарағанды облысының барлық қалалары мен аудандарындағы Кәсіпкерлер палатасының алаңдарында таныстырылып жатыр. Дерекке сүйенсек, қазір бұл қосымшаны облыста 162 кәсіпкер пайдаланады. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мемлекеттік кірістер органдарымен кездесулерде, семинарлар мен салалық жиындарда жүргізілуде.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісовтің атынан келісуге ұсынылатын пікір:
«Бүгінде шағын және орта бизнес үшін цифрлық технологияларды пайдалану – уақыт талабы. Кәсіпкер бірнеше бағдарламамен жұмыс істеп, әр қызметке жеке жүйе қосып, артық уақыт жоғалтпауы керек. «Business Go» платформасы онлайн-касса, тауар есебі, маркетинг және клиенттермен жұмыс істеу құралдарын бір ортаға біріктіреді. Біздің мақсатымыз – өңір кәсіпкерлеріне осындай цифрлық мүмкіндіктерді таныстырып, олардың күнделікті жұмысын жеңілдетуге көмектесу. Бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстарын облыстың барлық қалалары мен аудандарында жалғастырамыз».
Цифрлық сервистердің қарапайым тұрғындар өміріне енуі де айтарлықтай өзгерістерге жол ашты. Бүгінде көпшілік коммуналдық төлемнен бастап азық-түлік пен киім-кешек сатып алуға дейінгі жұмыстарды смартфон арқылы атқарады.
«Қазір онлайн саудасыз өмірді елестету қиын. Өзім Kaspi мен басқа да қосымшаларды жиі пайдаланамын. Үйден шықпай-ақ керекті затымды таңдап, ақысын төлеп, жеткізіп алуға болады. Бұрын дүкен аралап, кезекте тұратын едік. Қазір бірнеше минутта тапсырыс бересің. Төлем жасау да, коммуналдық қызмет ақысын төлеу де оңай. Шынымды айтсам, цифрлық технологиялардың тұрмысымызды жеңілдеткені рас. Пайдаланамыз, рахат болды», – дейді қала тұрғыны Айдар Алпысұлы.
Әрине, цифрлық экономика онлайн сауда мен электронды төлемнен тұрмайды. Оның ауқымы әлдеқайда кең. Өнеркәсіптегі автоматтандыру, ауыл шаруашылығындағы ақылды технологиялар, логистика, қаржы, білім беру және медицина салаларындағы цифрлық шешімдер де осы жүйенің құрамдас бөлігі.
Президент Жолдауында ауылдық өндірушілердің өнімдерін цифрлық платформалар арқылы сатуға көмектесетін пилоттық жобаларды іске қосу міндеті де айтылды. Бұл шалғай ауылдардағы кәсіпкерлер үшін жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік бермек. Яғни, цифрландырудың игілігі тек қала тұрғындары мен ірі компанияларға ғана емес, ауылдағы шағын кәсіпкерге де қолжетімді болуы қажет.
Алайда цифрлық экономикаға көшуде интернет сапасы, ауыл-аймақтардағы технологиялық инфрақұрылым, халықтың цифрлық сауаттылығы мен дербес деректердің қауіпсіздігі секілді мәселелер де назардан тыс қалмауы керек.
Бүгінде Қазақстанда цифрлық қызметтерді пайдалануға қажетті негіз қалыптасты. Еліміздің халықаралық рейтингтердегі көрсеткіші, электронды сауданың өсуі және өңірлік кәсіпкерлерге ұсынылып жатқан жаңа платформалар осы бағыттағы өзгерістердің нақты көрінісі. Ендігі мәселе – цифрлық мүмкіндіктерді өндіріс пен кәсіпкерліктің тиімділігін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағыттау.
Цифрлық экономика – болашақтың ғана емес, бүгінгі күннің де талабы. Ал, Қазақстанның бұл бағыттағы келесі қадамы технологияны тұтынатын елден оны экономикалық өсімнің нақты құралына айналдыратын елге көшу болмақ.
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq Qazaqstan



