АймақЖаңалықтар

Шаруаның жүгін жеңілдеткен кәсіп

Ақтоғай ауданында ауыл мен қала арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындардың тұрмыстық қажеттілігін өтеуге үлес қосып жүрген кәсіпорындардың бірі – «Sapa mix» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. Былтырдан бері жұмысын жандандыра бастаған кооператив қысқа уақыт ішінде мал шаруашылығы мен азық-түлік саудасы саласында бірқатар игі бастаманы қолға алған.

Суреттерді түсірген автор

Кәсіп иелері аудан тұрғындары мен төңіректегі ауылдық округтердің халқына көмір, арпа, бидай, кебек секілді мал азығының түр-түрін қолжетімді бағамен ұсынып келеді. Әсіресе, тауарларды ешқандай үстеме пайызсыз, бөліп төлеу арқылы алу мүмкіндігі қарапайым тұрғындар үшін тиімді болып отыр. Кооператив жұмысының тағы бір маңызды бағыты – азық-түлік жеткізу ісі.

Солтүстік Қазақстан облысынан ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей тасымалдап, аудан орталығындағы тұрғындар мен сауда орындарын сапалы тауармен тұрақты қамтамасыз ету жолға қойған. Одан бөлек, ауыл тұрғындарының мал етін қалаға жеткізіп, саудалауына қолайлы жағдай жасалған. Кооператив малды тікелей сатып алу, сою және дайын өнімді тұтынушының үйіне дейін жеткізу қызметтерін де қарастырылған. 

Кооперативтің алдағы жоспары да ауқымды. Кәсіпорын егін шаруашылығын дамытып, мал бордақылау ісін қолға алуды көздеп отыр. Қазірдің өзінде аудан орталығынан 30 шақырым қашықтықтағы жер телімінде мал азығына қажетті дақылдар өсіруде.

– Алдағы уақытта жоспарымыз көп. Аудан орталығынан 30 шақырым жерден жер алып, шөп егіп жатырмыз. Былтыр жоңышқа мен судан шөбін еккен едік. 100 гектар алқаптан жақсы өнім алдық. Енді осы маңнан мал бордақылайтын қора салуды жоспарлап отырмыз. Келер жылы егіс көлемін 200 гектарға жеткізгіміз келеді. Өсірген шөбіміздің бір бөлігін сатсақ, қалғанын өз қажетімізге пайдаланамыз. Бұдан бөлек, картоп егуді де қолға алмақпыз. Сондай-ақ, құрылыс материалдарының түр-түрін сатамыз. Біздегі барлық тауарды бөліп төлеуге болады. Оған қоса, малға айырбастау мүмкіндігі де қарастырылған, – дейді кооператив құрылтайшыларының бірі Марат Көкеев.

Жергілікті жердің тыныс-тіршілігін жақсы білетін кәсіпкерлер үшін туған өлкенің дамуына үлес қосу – басты мақсаттың бірі. Осы бағытта «Sapa mix» кооперативі сауда мен ауыл шаруашылығын өзара сабақтастырып, өндіруші мен тұтынушы арасындағы байланысты нығайтуға күш салып келеді.

Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq Qazaqstan

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button