Басты тақырыпЖаңалықтар

Жәкен БАЙТУҰЛЫНЫҢ туғанына -125 жыл

Руым Қоныштағай арғы затым,

Байтуов Жәкен ақын – менің атым.

Кетпеді қамыт табы мойынымнан,

Байлардың жастан көріп қиянатын…

    Сол қамытты айтулы ақынның ұрпақтары бабаларының мойнынан ғана емес, өз мойындарынан да түсірді. Өткен аптада «Болашақ» академиясының акт залында рухты ақынның 125 жылдығы кеңінен аталып, лайықты құрмет көрсетілді.

Туған топырағында көше атады. Соңында қалған мұралары өз алдында үш кітап болып қалың оқырмандар қолына тиді.

Ақынның академиядағы кеші «Сүлейлер сонарындағы жыр жампозы» деп аталды. Шын мәнінде кеш ғылыми-практикалық кон­­ференция еді. Конференция жұмысын белгілі ғалым Мәуен Хамзин жүргізіп отырды.

Кештің көркін кіргізген айтыскер ақы­ны­мыз Дидар Қамиевтің арнауы еді.

Алғаш болып құттықтау сөзді «Болашақ» академиясының ректоры, ғылым докторы Құрал Меңлібаев айтты. Одан кейінгі сөзді мемлекет және қоғам қайраткері Қасымбек Медиев алған. Шет ауданының әкімі Марат Жандәулетовтің құттықтау хатын мәслихат хатшысы Бәкен Төлеуқұлов жеткізген. Ақын жөнінде ел ағасы Боранбай Жумкин, баласы Жақсылық, немересі Бауыржан жап-жақсы естеліктер айтты.

Негізгі баяндаманы белгілі тарихшы ғалым Мәулен Жакин жасаған. Оның баяндамасы атақты Бөрі батырға қатысты еді. Ал, Бөрі батыр жөнінде бірден-бір дерек қалдырған адам осы Жәкен Байтуұлы болатын. Соған орай баяндама атауы «Бөрі батыр. Аңыз бен дерек» деп аталды.

Шын мәнінде сол тұстағы күйіп тұрған саясатқа қарамастан ерлікке толы дастан жазу өлімге қарсы жүру болатын. Соның алдында ғана осы өңірдегі Дияқажыдан бастап Тоқсантайдың Қапасына дейінгі ақындарды асып, айдап тұқымын тұздай еткен еді. Отызыншы жылдардағы қырғын қырқыншы жылдары да тоқтамаған. Сол қара бұлт айналып келіп Жәкен ақынның басына да келіп үйірілген. Ақын екі оттың ортасында қалған. Мұртты көсем батырларды дәріпте деп отыр. Ал, дәріптегендердің жайы белгілі. Кемі итжеккенге кетіп жатты.

Жазбасқа тағы болмайды. Мұртты көсем сөзіне қиғаш келді деп те айдап жіберуі мүмкін. Ауыл молдасынан алған сауатына сенген ол арбаның да сынбайтын, өгіздің де өлмейтін жолын табады. Ол осы төңіректі жайлап отырған Бесатаның үш батырын жазуды қолға алады. Жазғанда дастандар еді.

Дастандарының өзегі ел құлағында жүрген әпсаналар болатын. Кейіпкерлерін көрмесе де олардың ұрпақтарын жақсы білді. Батыр ауылдарына дүркін-дүркін барып әңгімелер өткізеді, жазған дастандарынан үзінділер оқиды. «Көкжайдақ» деген дастанында әңгіме Арқаның атақты жауқуар аты Көкжайдақ жөнінде болғанымен, түйсігі бар адам әңгіменің Арқаның атақты батыры Сазанбай жөнінде екендігін жазбай таныр еді. Бодық батырды таныту үшін қарсы тұлға ретінде Саржан төрені алады. «Бөрі батыр» дастаны жөнінде де осыны айтуымыз керек.

Аталмыш тұлғаларды жазуға ақынның ақындық ішкі қуаты жеткенімен саясаткерлік қуаты жетпеуші еді. Оны ақын жасырып жатпайды. Сол қаупін ақ қағазға түсіреді. Мұнысы әлдеқандай күн болады дегендік. Сөйтіп, сап-сары майды сүті ішіне тастайды. Сол сүт ішіндегі майды айыра алатын ұрпақ өсіп шықты. Соның бірі – айтып отырған Мәулен Жакин ініміз. Ол осы тақырыпты қаузауға үш жылын жіберді. Қазірде монографиясы дайын. Ақынның бір ғана осы «Бөрі батыр» жөніндегі дастаны арқылы қазақтың Торақты, Мырзабек, Деріпсалы, Қашқынбай батырларын алып шыға алған. Олардың өмір сүрген ортасын ғана анықтап қоймай, кеңістігін де айғақтауға күш салған.

Міне, қызық сол төрелермен соғысып жүрген батырларымыз кенеттен түп-тұқиянымен көтеріліп Кенесары қолында жүреді. Сол тұста Бодық батырдың жасы жетпісте еді дейді. Жетпіс жастағы шалды төсектен қандай күш жұлып алды екен деп ойланасыз. Қату жүрген батырлар қайтып тату бола қалды деп тағы ойлайсыз.

Осының жауабын ақын оқырманына қалдырады. Сол жауапты оқырман табады. Қазақ деген елдің етегін жау басқанда қойындағы қатын, мойындағы бала есеп емес. Батырлар арасындағы егес, хан мен қараша арасындағы ерегіс те есеп емес. Есеп – еркек тоқты құрмалдық! Үйде тудың ба – түзде өл!

Ат үстінде тудың ба – ат жалында өл! Жеріңді жауға алдырма, жаныңды жат жерге жіберме!

Мұндай елдің ертеңі үзілмек емес. Ақын осыны айта алды. Ерлік, өрлік дастандары арқылы.

Шет өңірінде Жәкен Байтуұлынан ақындық қуаты бір де кем емес талай ақын өткен. Олар кешегі бәлшебекті, партияны, коммунизмді жырлады. Сол ақындардың сол өлеңдері сорлы да емес еді. Сол ақындарды бүгінде ешкім де білмейді. Себебі, олардың топырағы болмады. Айтқандары өнетін.

Ал, Жәкен ақынның құнары болды. Ол – қазақ рухы еді!

Рухты өлең жазу үшін ең алдымен өзің сіңірлі болуың керек. Өзіңнің рухың жоғары болғанда ғана өлеңің еліңді ертеңге бастайды.

Бұл кез келген ақынның маңдайына жазыла бермейтін бақыт. Ал, бақыттың сор болатын сәті де аз емес.

Жәкен ақынға айтып отырған дас­та­нымыздың біреуін жазса да құрметіміз ке­мімес еді. Ақынның бұл шығармалары ұрпақтары үшін таусылмас қазына. Мұхтар Мағауиннің, Ілияс Есенберлиннің, Олжас Сүлейменовтің шығармалары бірдің ғана емес, мыңдардың азығы! Жалпы, қазақ баласының азығы!

Жәкен Байтуұлы осы санаттағы ақын. Ақын бұл дастандарынан да бөлек талай жырлар жазды. Соның көбісі тарихи жырлар. Жәкен ақынды өлтірмей келе жатқан осы рухты жолдары.

Кеш соңында академияның өнерпаз студенттері мен белгілі күйшілер Зәрубай Сүйіндік пен Қайролла Сәдуақас өз өнер­лерін ортаға салды. Алдыңғылары ақын өлеңдерін оқыса, кейінгілер Арқаның қос­басарларын төгілдірді.

Қасымбек МЕДИЕВ,

мемлекет және қоғам қайраткері, Қарағанды қаласы, Шет ауданының Құрметті азаматы:

Жәкен ақынды мен ең алдымен дара ақын деп бағалар едім. Түкпірде жатқан ауылда жатып қазақ баласының қамын жеген жандар бізде көп болмаған ғой. Ауылда жатса да ойы кемел, сөзі мәйекті болған. Оның ішінде «Наршөккен» өлеңі Нарманбет ақынның «Сарыарқасын» еріксіз еске салады.

Сөзге құдірет бітіретін ақын. Сондықтан да, ел-жұрты ол кісіні Жәке, болмаса басқадай атамай Ақын деп атаған.

Төрехан МАЙБАС

Мақаланың негізгі тақырыбы: Рухты жырлары өлтірмей келеді

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button