Ресми

Өзекті мәселе талқыланды

Кеше облыстық мәслихаттың депутаты Жанна Штергердің төрағалығымен депутаттық өкілеттік, әдеп, заңдылық және құқықтық тәртіп мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Күн тәртібінде облыстық мәслихаттың 2020 жылғы 27-ақпандағы №505 шешімімен бекітілген облыс аумағында иттер мен мысықтарды асырау мен серуендету Ережесі талаптарының сақталуы және облыстық мәслихаттың 2017 жылғы 12-желтоқсандағы ХІІІ сессиясының №264 шешімімен бекітілген облыс аумағында иесіз иттер мен мысықтарды аулау мен жою Ережесі талаптарының орындалуы туралы мәселелер қаралды.

Күн тәртібіндегі екі мәселе бойынша облыстық ветеринария басқармасының басшысы Қайырбек Тұрсынбеков баяндап берді.

Тұрақты комиссияның жұмысына мемлекеттік мекеме басшылары, қала-аудан әкімдерінің орынбасарлары, қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты.

– Облыс аумағында иттер мен мысықтарды асырау мен серуендету Ережесі 2014 жылғы 5-шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексіне, 2001 жылғы 23-қаңтардағы «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» және 2002 жылғы 10-шілдедегі «Ветеринария туралы» ҚР Заңдарына сәйкес жасалған. Бекітілген Ережені орындау бағытында біршама жұмыс атқарылғанымен, қимылдың баяу екенін мойындауымыз керек. Бүгінде 6 қалада: Абай (1), Қарағандының Октябрь ауданы (3), Жезқазған (1), Сәтбаев (1), Приозерск (1), Саран (2) – ит серуендететін 9 орын белгіленген. Ал, Қарағандының Қазыбек би ауданында, Балқаш, Теміртау, Шахтинск қалаларында әлі шешімін таппай отыр, – деді Қ.Тұрсынбеков.

Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Халел Әкімжанов, Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Арат Қарамурзин, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Самат Зияшев күн тәртібінде қаралған мәселеге қатысты белгіленген жұмыс жоспарымен бөлісті, қойылған сауалдарға жауап берді. ОПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Арман Оразбаев қалыптасқан жағдай жөнінде өз ойын ортаға салды. Депутаттар мен қоғамдық ұйым өкілдері қала-аудан әкімдіктерінің назарын үй жануарларын еркін серуендету орындарын анықтау мәселесін жедел шешу қажеттігіне аударды. Ереженің қабылданғанына жыл өтсе де әлі жердің бөлінбеуі мен орынның дайындалмауы, сөзбұйдалыққа салыну жүйелі жұмыстың жоқтығының салдары екеніне көңіл аударған облыстық мәслихаттың хатшысы Серік Өтешов: «Осыған кім мониторинг жүргізуі керек? Тиісті орын дайындай алмай отырып, итін қыдырыстап жүрген иесіне ескерту жасау немесе айыппұл салу қандай қисынға келеді?» деп, орынды пікір айтты.

Тұрақты комиссия отырысы облыс аумағында иттер мен мысықтарды асырау мен серуендету басқа да мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың пәрменді ықпалын қажет ететін күн тәртібіндегі өткір мәселеге айналғанын көрсетті. Мәселен, көпқабатты тұрғын үйде үш және одан да көп ит ұстайтындар кездеседі. Көршілері олардың үстінен арызданып жатады. Алайда, жоғарыда сөз болып отырған Ережеде осыны реттейтін норма жоқ. Тіпті, бұл мәселені орайлы шешетіндей нормативтік-құқықтық актіні бүгінде май шам алып іздесең де таппайсың. Осыдан кейін пәтерін шағын хайуанат бағына айналдырып жіберген адамды тәртіпке шақыруға немесе қандайда бір жауапкершілікке тартуға негіз жоқ.

– Жануарлар мен адамдар арасында құтырудың пайда болуы мен таралуына жол бермеу мақсатында, ветеринарлық заңнамаға сәйкес, қаңғырған иесіз иттер мен мысықтарды аулау және жоюмен бұрын жергілікті атқарушы органдардың аудандық, қалалық ветеринарлықстансасы айналысты. Қазір облыс әкімдігінің 2020 жылғы 11 маусымдағы №37/01 қаулысына орай, облыстық ветеринария басқармасы шұғылданады. Биыл 010 «Қаңғырған иттер мен мысықтарды аулау мен жоюды ұйымдастыру» бағдарламасы бойынша 66,914 млн. теңге қаржы бөлінді. Есепті кезеңде облыста 7 040 қараусыз жануарлар ауланды және жойылды: оның 6 790-ы ит, 250-і мысық.

Сондай-ақ, алдын алу шараларының жоспарына сәйкес үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 1 500 ит пен 200 мысық құтырмаға қарсы егілді. Жасыратыны жоқ, жылда қараусыз қалған иттер қапқан немесе талаған оқыс оқиғалар тіркеледі. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметі бойынша биыл бірінші тоқсанда сондай 421 оқиға тіркелген, – дейді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Қайырбек Тұрсынбеков.

Былтыр 21 851 ит пен мысық ауланып және жойылып, қарастырылған 68,9 млн. теңге қаражат толық игерілгенін айта кеткен артық болмас. Соған қарамастан, өткен жылы облыс бойынша 3 498 адам иттің қабуынан зардап шеккен. Бірақ, бұл – 2019 жылдағымен салыстырғанда 466 адамға кем. Қазір дер уақытында аулау мен жоюдың арқасында қаңғырған иттердің қабуы азайғаны байқалады. Негізі қаңғырған иттерді аулау жеке және заңды тұлғалардан, елдімекендердің әкімдіктерінен, жергілікті полиция қызметінен, прокуратурадан және басқа органдардан түскен өтінімге қарай жүргізіледі. Итті аулау кезінде қоршаған ортаға қолайсыздық тудырмау үшін пневматикалық қару, «Дитилин В» фармакологиялық дәрісі жағылған қысқа сапты найза қолданылады. Ауланған қаңғыған иттер арнайы ұстайтын уақытша орынның жоқтығынан бірден «Адилин» препаратын қолдану арқылы жойылады. Айта кетейік, қаңғырған иттер мен мысықтарды аулау мен жою жергілікті бюджеттен бөлінген қаржының есебінен жүргізіледі. Бірақ, оларды ұстау үшін бірегей бюджеттік классификацияда арнайы бағдарлама қарастырылмаған. Сондықтан, бұл мақсатқа қаржы бөлуді қарастыру мүмкін емес. Ауланған ит пен мысықты жоюға аудандық-қалалық ветеринария стансасы басшыларының бұйрығымен құрылған, құрамына қоғамдық кеңестер мен аймақ әкімдігінің өкілдері, еріктілер кіретін комиссия қатысады.

Ветеринария басқармасы жан-жануарларды қорғау ұйымдарымен, қоғамдық бірлестіктермен, жеке және заңды тұлғалармен бірлесіп төрт рет «дөңгелек үстел» өткізіп, онда тәлімбақ (питомник) немесе баспана салу мәселесін талқылапты. Бірақ, ондай нысанның құрылысымен айналысуға тілек білдіруші табылмай отырған көрінеді. Соған қарамастан, жан-жануарларды қорғау ұйымдарымен және еріктілермен білек біріктіріп Қарағанды, Жезқазған және Балқаш қалаларында уақытша ұстауға арналған қаумал тұрғызуға қол жетті.

Тұрақты комиссияның кеңейтілген отырысында күн тәртібіндегі мәселе қызу талқыланып, депутаттар тарапынан ұтымды ұсыныс-пікірлер айтылды. Қаралған екі бойынша тиісті қаулы бір ауыздан қабылданды

Әлібек ӘБДІРАШ

Басқа материалдар

Back to top button