Заңғар замандасымыз

        Қарағанды топырағында жаралып, қызметін қатардағы журналистен бастап, заңғар биіктерге қол жеткізген үш ғалым-қаламгерді ерекше атап өтер едім, олар жетпісінші жылдардағы редакторымыз, «редакторлардың редакторы» Рамазан Сағымбеков, филология ғылымдарының докторы, этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбеков және бүгінде 75 жасқа толып отырған ірі ғалым, hәм публицист Зарқын Тайшыбай ағамыз. Үшеуі де қаламының ұшымен, талабының күшімен бар саналы ғұмырын туған халқының тарихын шұқшия зерттеуге арнаған замандастарымыз. Үшеуі де «Орталық Қазақстан» газетінің қасиетті табалдырығын аттап, жетпісінші жылдардың ортасында осында қатарласа қалам сермеген.

Зарқын ТАЙШЫБАЙҒА ЭКСПРОМТ

(Пушкиннің әуенімен)

Ел надан болса, ер – қараң,

Отқа айдар ұлды боққа айдап өткен кер заман:

Түріктен тусаң – Әзиз Несин,

Ебірейден тусаң, – Исхақ Рабин болар боздақ ең,

Қазақтан тудың, қайтейін, қайран, бекзадам?!

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

«Қаламды қатар

сермеген күндер»

1975 жылдың басында редакторымыз Р.Сағымбеков құрылыс бөлімін нығайту қажет деген ниетпен (мүмкін жоғарыдан нұсқау болған шығар) бөлім меңгерушілігіне Зарқын Тайшыбаевты, тілшілікке мені тағайындады. Екеуміз де «Орталықтың» табалдырығын аттағалы бес-алты-ақ айдың жүзі болған. Облыс ол кезде бейне бір алып құрылыс алаңына айналған. Қазақстан Магниткасында №2 агломерат фабрикасы мен №4 домна пешінің құрылысы аяқталуға тақалып қалған еді. Ақтауда Жаңа Қарағанды цемент заводының, Шахтинскіде «Тентек» шахтасының, Саранда резина-техникалық бұйымдар заводының, тіпті, Дубовкада «Волынск» шошқа комплексінің құрылысы қызу жүріп жатты. Біз де жұмысқа қызу кірісіп кеттік. Арнаулы топтамалар мен беттер ұйымдастырамыз, құрылысшылар мен прорабтарды, трест басқарушыларын сөйлетеміз. Іске қосылған күн салтанатынан репортаждар жариялаймыз.

Зақаңмен жұмыс істеу бір ғанибет. Бастығың екенмін деп зекуді, дауыс көтеруді білмейді. Материалдар күрделі. Қолға түскен анықтама, запискалар тек орыс тілінде. Техникалық терминдерден аяқ аттап жүре алмайсың. Мынаны қалай қазақша берсек деп бас қатырамыз.

Техникалық журнал емес, қалың оқырман оқитын газетке икемдей білу керек. Зақаң осының алдында Егіндібұлақта атқарушы билік органдарында, аудандық газетте қызмет істеген ысылған азамат екен. Орысша жазу-сызуға ағып тұр. Аударғанда ойға келмейтін қазақи тіркестер тауып ала қояды. Үлкендер жағы: «мына Қудың қуы, зудың зуы орысшаны қай жерде жүріп үйреніп алған» деп қызғаныш білдіреді. Ақжарқындығы, әзілқойлығы өз алдына. Жетісіп тұрмаған материалыңды басқа бөлім меңгерушілеріндей шимайлап, өз стиліне келтірмек болып әуреленбейді, «міне, мына бір жерін былай істесек, қатып кетеді» деп әрі материалыңды жөндеп береді, әрі оңып тұрмаса да мақалаңды мақтап қояды. Бұл өзіңді қанаттандырады, жаңа тапсырмаға құлшына кірісесің.

Зақаң қай шаруаны қолға алса да іскерлік танытады. Редактор ең күрделі деген тапсырманы соған жүктейді. Ғаламат еңбекқор. Кезінде ауданнан Алматы жоғары партия мектебіне оқуға жіберген көрінеді. Оған керегі де осы еді. Арманы үлкен қалаларға шығып, арнайы зерттеушілік жұмыспен айналысу болатын. Барады да ҚазМУ-дің журналистика кафедрасының аспирантурасына түсіп алады. «Не партия мектебі, не аспирантура», деп Орталық Комитеттегілер зіркілдегенде ол көрегендік танытып, кейінгісіне көңіл тоқтатады. Бұл алдағы бүкіл ғұмырына азық болатынын сол кезде жүрек қылымен сезді ме екен?! Бірақ, бес-алты балалы үлкен отбасының ұйытқысы болып отырған, қолында кәрі шешесі бар ол елге оралып, ресми ғылыми жетекшісі болмаса да, сол ҚазМУ-де істеп, журналистика тарихынан диссертация қорғаған Р.Сағымбековті сағалап, «Орталық Қазақстаннан» табылады.

Қарап отырсақ, З.Тайшыбаев сол кездің өзінде-ақ ҚазМУ-дің ғылыми «Журналистика» жинағында қазақтың алғашқы журналистері Рақымжан Дүйсенбаев пен Қорабай Жапақовтың публицистикасы туралы зерттеу мақалаларын жариялап үлгеріпті. Демек, ол ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында шығып тұрған, ескі араб ғарпімен басылған «Түркістан уәлаяты» және «Дала уәлаяты» газеттерін түпнұсқадан оқыған.

70-жылдардың ортасында «Орталық Қазақстан» газетінде өзінің ресми емес ғылыми кеңесі болыпты ғой!? Р.Сағымбеков, Ә.Әзиев, О.Сағынаев ғылым кандидаттары болса, Ақаң мен Зақаң кейін олардың орнын басып, қазақ ғылымының көгіне қол созды. Публицистикада да табысымыз аз болмады. Өзінің 1998 жылы жарық көрген «Алтын бесік ән орда» атты кітабына жазып берген қолтаңбасында Зарқын-аға маған: «Аман замандасым! Қаламды қатар сілтеген күндерді есіңе ал» деген қолтаңба жазып қалдырыпты. Қалайша ұмытарсың ол күндерді!

Журналист Зарқын Тайшыбайға үлкен ұйымдастырушылық қабілет те дарығанын атап өткен ләзім. 1977 жылы Талды ауданы құрылғанда обком оны қояр да қоймай жүріп қос тілде шығатын «Шұғыла-Восход» деп аталатын аудандық газеттің редакторы етіп тағайындады. Жоқ жерден (осы бір тіркесті тағы бір-екі рет қайталауға тура келеді) газет шығару қияметтің қияметі. Әсіресе, орыс тілінде жазатын журналистің жоқтығы қинайды. Сонау қияндағы Қарағайлыға жайлы қаладан қандай маман бара қойсын? Зақаң оның да ретін табады. Бұл жұмысқа ауылда орыс тілінің мұғалімі болып істеп жүрген Жұмабике Жүнісованы тартады. Қазір ол республикаға белгілі журналист болып алды. Кейін «Орталыққа» оралып, мәдениет бөлімін басқарғанда бірге қызмет атқарған әріптестері ақын Оңайгүл Тұржанова мен «әртіс» Гүлсім Оразалиевалар да бүгінде танымал қаламгерлер қатарына жетті. Осы бөлімнің ұйытқы болуымен соғыс жылдарындағы ақындар айтысы қалай қайра жаңғыртылғанын өткенде айтыскер ақын Қойлыбай Асанұлы жылы еске алды (ОҚ, 29. 04.2017 ж.). Өткен жылы газеттің 85 жылдығына арналған фотошежіре кітаптағы осы екі қарындасымыздың ұстазымен бірге түскен суретіне «Зақаңның шекпенінен шыққандар» деп қол қойыппыз. Бірге қалам сермеген жылдар еске түскенде мен де өзімді осы қатарға қосамын.

Абайтанудан

Абылай ханға дейін

«Орталықта» істеп жүрген жылдардың өзінде қайдан тауып алатынын білмейміз, ізденгіш журналист З.Тайшыбай талай тамаша танымдық материалдар жариялады. Бірде ХІІІ ғасырдың архитектуралық туындысы Қызыл кеніш сарайын оқырмандарға таныстырса, енді бірде Абайдың нағашылары мен қайын жұртын, ұстаз Зейнел Боранбаевтың ұлағатын әңгіме етеді. Бірте-бірте ол тарихи тақырыпқа ауысып, Қарқаралы петициясы, Мәдидің түрмеден жолдаған хаттары, Жақып Ақбаевтың ісі, Ахмет Байтұрсыновтың ісі , Затаевичтің Балқантау өңірінен қазақтың ән-күй өнерін жинауы туралы жазғандарын оқырман әрдайым жылы қабылдап жатты. Соңғы аталған шығармаларының басын құрап, жоғарыда айтылған «Алтын бесік ән орда» атты эссе кітабында басын біріктірген. Мұнда автор өзін оқиғалардың ортасында жүргендей суреттеп, 20- жылдардың белестерін нанымды да тартымды суреттей білген.

«Ол не туралы, қандай мақала жазса да терең зерттеп, ой елегінен өткізіп жазады, оқыған әр адам өзіне жаңа мағлұмат, ой ләззатын, тәрбие алатындай етіп, кеңінен толғап барып кестелейді. Ел азаматтары жайында сөз қозғағанда солардың ісін кейінгілерге үлгі болатындай мінезін, шығармашылығын нақты мысалдармен, шынайы сезімдермен өрнектей біледі» деп сипаттама береді Зарқын Сыздықұлының шығармашылығына «Ғасыр адамы, физик-ғалым Темірғали Көкетаев (ОҚ, 19.04.2012 ж.).

Бірақ, өзіндік пікірі бар, басы ноқтаға сыймайтын азаматтың өмір жолында қысталаң жылдар да болды. Аяқтан шалушылар, «домалақ» арыз жазушылар қоғамымызға тән құбылыс еді ғой. Дегенмен, «алмас кездік қын түбінде жатпайды» дегендей, Зақаң заман талабына сай ұмтылыс жасап, тыңнан түрен сала білді. Жоқтан бар жасап, қайта құру заманында аудармашылар кооперативін құрды.Оның өмірбаянында келтіріліп жүрген медицина мен техникалық ілім саласындағы аударма кітаптардың, басқа да құжаттардың басым көпшілігі сол жылдары жасалды. Тәуелсіздік таңы атқанда Қарағанды мемлекеттік университеті жанынан журналистика бөлімшесін ашып, кафедра құрғанын көзсіз ерлікке балау керек. Т.Көкетаев ағамыз жазғандай, ол осы іске «құлшына кірісіп кетіп, аз уақыттың ішінде жоқтан бар жасап, кафедрасын жасақтап, университеттің алдыңғы қатарлы бөлімшелерінің біріне айналдырды». Өзі бас болып, алғашқы кандидаттық диссертация қорғады.

Диссертация тақырыбы ретінде Зарқын Сыздықұлы «Абайтанудың революцияға дейінгі кейбір қайнар көздері» деген тақырыпты таңдап алып, тамаша қорғап шығады. Сөйтіп, абайтанудың терең мұхитына бойлайды. Абайдың «Дала уәлаяты» газетін оқығанын, бұл газетте қазақ зиялылары Абайдың терең мәнді философиясы туралы пікірлер беріп отырғандығын, «Ескендір» поэмасында шығыстың ұлы шайырларының ой-пікірін одан әрі дамыта түскенін ғылыми түрде дәлелдейді. Сөз жоқ, ізденуші З.Тайшыбайдың диссертациясы мен «Абай және баспасөз» (1997 ж.) монографиясы абайтануға да, қазақ журналистикасының тарихына да қосылған үлкен үлес болып табылады. Мұнан кейін ғалым-публицист ізденістерін жалғастырып, «Абайтану арналары» (2007 ж.) атты монография ұсынды. (Зақаңның диссертацияны қорғау кезіндегі басынан кешкен қызықты оқиғалар аталмыш екі мақалада сөз болғандықтан, оларға тоқталмай-ақ қояйын).

ҚарМУ-дегі журналистика кафедрасын кемеліне келтіріп алып, қаптаған қалың орыс тұратын Петропавлға барып, Солтүстік Қазақстан университетінде қазақ журналистика мамандығын ашты, оны ұйымдастыру да оңайға түскен жоқ. Бұндай қиын да күрделі іске жүрегінің түгі бар адам ғана бара алады ғой, деп толғанады Темекең. Мұнда да Зақаң өзіне тән ұйымдастырушылық пен іскерлік қабілеттерін таныта біліп, тез арада көзге ілінеді. Талай істің бастамашысы, талай ізденістің түрен салушысы болады. Соның ішінде ең атап өтерлігіміз және мүмкін Тайшыбай шығармашылығының шыңы Абылайтану болып табылады десек ақиқаттан алыстамайтын шығармыз.

2005 жылы Қарағандыға келген бір сапарында Зақаң Астанада жақында ғана басылып шыққан, баспахана бояуының иісі аңқып тұрған «Абылай хан» атты өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдардың жинағын ала келіп, бас-басымызға таратып берді. Бас салып қарап шығып, таң қалдық, бас шайқадық. Қазақшаға аударып, түсініктерін жазған Зақаңның өзі екен. Бұдан кейін ізденгіш ғалым З.Тайшыбай осы тақырыпты онан сайын қаузай түсіп, екі томдық «Қазақтың ханы Абылай» (заманы, өмірі, қызметі) атты еңбекті ұсынды (2011 ж.). Әлі де ізденістерін жалғастырып, Абылай тағылымы арқылы өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеп келеді.

«Алаш айнасы» газетіне берген бір интервьюінде (АА 20.01.2012ж.) ғалым 1756 жылы Баянауылды басып, Қарқаралыдан асқан Қытайдың қалың әскері кірген оқиғаны баяндайды. Абылай оларды талқандап жібереді. Қытай императоры жазған хатын және оған Абылайдың жауабын келтіреді. Қытаймен соғыса беру дұрыс болмайтынын сезген Абылай «байқамай қалыппыз» деген желеумен кешірім сұрап, жеті арғымақ сыйлық жіберіп, осылай Қытаймен мәміле жасасқан, деп әңгімелейді. Ойын сабақтай келіп: «Абылай ханның түсінігінде : «Исі қазақтың жауы, мәңгілік досы жоқ, тек қазақтың мүддесі бар». Абылай ханның ұстанған саясаты осы. Қазіргі қазақ мемлекетінің саясаты да сол деп ойлаймын», деп терең мәнді тұжырым жасайды Бас абылайтанушы.

«Атығай-Қарауылға

олжа салған»

Көрнекті ғалым Зарқын Тайшыбай 2000 жылдан бері М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде жемісті қызмет етіп келеді.Профессор атанды. Келісімен «Атамекен» атты этномәдени ғылыми-зерттеу орталығын құрып, еліміздің теріскей аймағының тарихы мен топонимиясын зерттеп, өлкетану тұрғысында бірқатар құнды еңбектер шығарды. Өлке тарихына байланысты нақты деректерге негізделген мақалаларында ол, бұрыннан қалыптасып, ұшқыр пайымдалған мәселелердің басын ашты, алаш қайраткерлерінің ұлт азаттығы жолындағы күресін жаңа қырынан ашып көрсетті. Еңбектерін тізіп қана өтейік. Ономастика мәселелеріне арналған «Атамекен атаулары» деген еңбекте ежелгі Есіл бойының тарихи топонимиясына байланысты көптеген қызықты деректер тұңғыш рет жарық көрді.

Зақаң мұнда мағжантану мәселесін жаңа тұрғыда көтерді. Нәтижесінде, «Мағжанның іздері» (2003 ж.), «Мағжанның Қызылжары» (2007 ж.) атты еңбектері жарық көрді. Оларда Мағжан Жұмабаевтың күрескер-ақын болып қалыптасуына Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Әуезов, С.Сәдуақасов сынды Алаш көсемдерінің ықпал еткені жазбе деректермен тиянақталады. Мағжан қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен қайраткерлердің ортасынан көрінеді. Сондай-ақ, Солтүстік өңірдің атақты қаламгерлері Сәбит Мұқановтың, Сәкен Жүнісовтің өмірі мен шығармашылығына байланысты тың деректер жариялады.

Әуелден баспасөз тарихшысы және теоретигі ретінде қалыптасқан Зарқын Тайшыбай Қызылжарда жүріп, революцияға дейінгі қазақ және орыс мерзімді баспасөзінің тарихы, журналистиканың теориясы мен практикасы салалары бойынша талай оқу құралдарын шығарды. Мысалы: «Баспасөз тарихы» ( 2003 ж.) «Алаш көсемсөзі» (2003 ж.), «Журналистиканың құқықтық негіздері» (2007 ж.). Журналистика мамандығы бойынша жаңа тұрпатты оқулықтар мен оқу құралдарын дайындаған зор еңбегі үшін профессор З.Тайшыбай Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының Ахмет Байтұрсынов атындағы «Саңлақ автор» төсбелгісіне ие болды.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық комиссиясының белді мүшесі болып алды.Осы басқарма «Сыр сандығым, Қызылжар» атты кітабының тұсаукесерін өткізген көрінеді. Солтүстік өңірдің өлкетану ісіне үлкен үлес қосқаны айқын. Қазақша айтқанда, Құлагер құсап, «Атығай-Қарауылға олжа салды». Қыруар олжа.

Зақаңның шығармашылық кемелденген кезеңі Қызылжар өңірінде қызмет еткен жылдарға келеді. Бұл табиғи заңдылық. Толысқан шағы емес пе?! Қызылжар өңірінен тың тақырыптар тапқандығы шындық. Қызғанғандық емес, сонда да туған жерінде лайықты бағасын ала алмағаны өкінішті. Дегенмен, оның еңбектері исі қазақ баспасөзі мен ұлттық тарихымызға даңғыл жол салған туындылар екендігінде дау жоқ. Сондықтан да, жерлестері Қазақстанның Құрметті журналисі Зарқын Тайшыбайды заңғар замандасымыз деп мақтан етеді.

Аман ЖАНҒОЖИН,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.