Басты тақырыпЖаңалықтар

Қызғыш құс

Нәзір Қосубаевпен таныстығым ертеден. Қазақтың аса бір қадірлі ақыны Свет Оразаев жүдеп-жадап жүргенде қызғыш құстай қанатының астына алғаны бар еді. Сол ақын ағамыздың екі қанатындай Ақадырда жүрген күндеріміз әсте ұмытылар ма?! Ол жай теміржолшы емес, ақын жанды теміржолшы. Ғалым Жайлыбайдың өлеңін жатқа оқығанда Ғалымның өзі тосылып қалар еді… Свет ақынның өлеңін оқығанда ағасының өзін жаңылдыратын. Міне, қызық, ол жалғыз емес еді. Мертай Қилыбаев, Қабыкеш Бимақаев сынды теміржол басшылары ақын болмаса да ақыннан былай да емес еді.

Солардың ішінен Нәзір ерекшеленіп тұратын. Барынша елгезек, барынша ілтипатты. Қашанда бар нәрсені ұқсатып жүрер еді. Атшабар жүріп жатса жорғасын да құйысқанына қыстырып жіберер еді. Ән айтылған жерде терме де естіп қалар едік. Қайдан, қалай тауып алатынын кім білген, әйтеуір тауып алады. Соның аяғына дейін жүреді. Сонысына ешкімнен ештеңе дәметпейді.

Көпшілік оның теміржолшы екендігін де біле бермейтін. Тіпті, оның Ақадыр жол дистанциясының бас инженері екендігінен де хабарсыздар баршылық еді.

Өйткені, оның жүрген жері думан еді. Жақсының жаршысындай оқ бойы озық жүрер еді.

Осында ата-бабаларына, оның ішінде Қабылда әкесіне дұға бағыштап, құдайы дәм бергені бар еді. Бардық та басымызды шайқап қайттық. Қайдағы жоқты теріп ұзынсонарға салмай, қазақтың қара домбырасы мен қобызын төрге оздырсын. Қазақтың қара өлеңі де оқылсын. Арқаның кең тынысты әндері де қыр асып кете барсын. Өйткені, Қабылда әкеміз де ақынжанды ғұмыр кешкен екен. Бәрі де жарасымды шықты. Құдайы дәмде ән шырқалғанын ешкім де сөкеттемеді.

Басқаларға болмаса, Нәзірлерге домбыраның қос шегі таңсық емес. Сайын даланың күретамырындай тартылып жатқан айыр қанат болат жолдар Нәзірдің көзін ашқаннан көріп келе жатқаны. Бала кезінде талай қиялға берілетін. Оның қайда баратынымен жұмысы жоқ, әйтеуір қайтып оралатынына сенімді еді. Сол сенімі алдамапты. Осы жолмен ол талай мәрте сапарлап, талай рет қайтып оралған.

Теміржол болған соң қайнаған өмір бар. Иен даланың қазақтары балаларын осындағы интернаттарға беріп, өздері сырттан қоғамдар еді. Үй соққандай жағдай болса осы жол бойындағы разъездерге сүйкендіре салар еді. Әйтеуір зиян шекпейтіндерін білетін.

Теміржол болған соң оны қуалай орналасқан стансалары көп. Олар да ірі, майда деп бөлініп жатады. Соның майдасын разъезд деп күлтелейді. Оның өзінде олардың байлаулы атаулары болмайды. Нөмірленген. Бірінші, екінші, үшінші… елу алтыншы деп кете барады. Сол нөмірленген разъездері өздеріне ыстық. Қанша ұзаса да, қайтып оралдырады. Сол атаусыз стансалар сарыатанның тісіндей сиреп барады. Олар да бүгін жетім ауылдың кебін киген.

Ондағы жұмысшылар да өздерін теміржолшыларымыз деп күпсініп отыратын. Сондағы бұйырғаны көсеу балға. Біреуі майы таусылды ма деп доңғалағын тықылдатып жатса, екіншілері ілмегі босап қалған жоқ па деп төсемелерін қағыстырып жатады. Иықта жүретін сол ұзын сапты балғалар да көзден ұшып барады. Бұрындары төсеме рельстерді санамалап төсеуші еді, қазір бірден шақырымдап төсейді. Ондай жұмыс, әрине, тек қуатты техниканың ғана қолынан келеді. Әлгіндей техниканың бірі мың адамды алмастырады. Осыдан кейін теміржолшы сорлы қайдан жұмысты болсын.

56-шы разъезд дегені Нәзірдің туған топырағы. Ол үшін осы 56-дан өткен үлкен станса жоқ.

Басқа жерлермен салыстырғанда мұндағы тірлік көш ілгері. Ең алдымен басыбайлы атауы бар. Көктіңкөлі деген. Түтінін түзу ұшырып отырған қырық шақты үйі бар. Көріп жүрген жүдеу стансаларымыздай емес. Қазақы қоржын үйлер, бір-біріне тіркей салған тоқал тамдар жоқтың қасы. Кейінде көтерген үйлері еңселі, шатырлы. Қос шатырлы үйлер де пайда бола бастапты.

Ішіміз сезеді. Ауызбіршілікті ауылда ғана мұндай мамыражай тіршілік кешсе керек. Осы көрініске қарап азаматтарын танығандай боламыз.

Кейіндеу білсек адаса қоймаппыз, осы ауылдан талай нарқасқа азаматтар шығыпты. Соның жуан ортасынан Нәзірді көргендей боламын.

Солар дүр етіп сілкінген ғой. 

Теміржолшының баласы, әрине, теміржолшы болады. Ауылдың жайын біледі олар. Солар бастама көтереді. Ауылымызды көркейтейік деп. Бұл кезде аудан да «Жерлестер» бағдарламасын қыздырып жатқан. Жер-жерден бас көтерген азаматтар туған ауылдарына қарлығаштайын су себелесін.

Көбісі дүниелік нәрселер еді. Біреуі дүңгіршік ашып жатса, екіншісі көр-жер сатқан дүкен ашып жатты.

Ауылының иманын ойлағандар да бар еді. Кешегі гүлдеп тұрған ауыл сиқының күл болуы, кетеуінің кетуі нақ осы имани құндылықтармен байланысты еді. Кәсіпсіз қалған ер-азаматтар тірлік жасап, сырттан кәсіп іздемей ішімдік жолына түсіп кеткен. Азған елдің кәсібі де белгілі. Соның бастысы арақ сату. Күндіз-түні… Ақшаң жоқ болса қарызға да бере береді…

Мұнан шығатын бір-ақ жол бар еді. Имандылық үйін салу, мешіт салу.

Сол мешітті ауыл азаматтары сала алды. Ертай Жарылғапұлы бастап, Нәзір Қосубаев, Мертай Қилыбаев, Мерген Сәдуақасов және басқалары қостаған жерлестер бір мешітпен тоқтап қалмады.

Бұл жердің сыры өздеріне мәлім, суы – ащы. Ондай су көзін де таба алды. Шүмектерден сыздықтап су аға бастады. Көтерме жолмен арадағы тасжолы шайылып, ел теперіш көрген екен. Ауыл азаматтары оны да ретке келтірді.

Әбден тозығы жеткен бастауыш мектеп үйі қайта жарақталып, күрделі жөндеуден өткізілген. Еденін қайта салған, төбесін қайта жапқан, пештерін бұзып, онысын электрмен жылытылатын қондырғымен алмастырған. Суы кіріп тұр. Қажетті құрал-жабдықтарды жеткізген.

Осының барлығы көптің қолдауымен жүзеге асқан. Әсіресе, ақадырлық және жаңаарқалық теміржолшылардың көмегі ересен болды.

Нәзір Қабылдаұлының туған топырағына деген қамқорлығы осымен тоқтап қалмаған. Енді ол жаңа аймақтарды қосып алсын. Қолынан келгенше өзі қанаттанған Ақадыр стансасына да көмек қолын ұсынсын.

Қызметі өсіп, Қарағанды жол магистралының басшысы болсын. Бұл біле білгендерге үлкен қызмет. Магистраль жолының бүкіл жауапкершілігі өздерінің мойнында. Соның ең бастысы, әрине, жол қауіпсіздігі. Бұл істеп жатқан жұмысыңның басты көрсеткіші. Бұл жағынан да Нәзір кімге де болсын тіктеп қарай алады. Өйткені, оның жолы қашанда бапты. Сол жол бойын жағалай отырған елдің жайы бапты ма? Міне, Нәзір Қабылдаұлын осы жағы мазалайды.

Қолда күш жоқ емес, бар. Бұрындары бір ғана Көктіңкөлі стансасының жайын ойласа, бүгінде өзіне қараған ондай стансалар саны жүздеп саналады. Соның бірін алаласа, кәне?

Оның үстіне халық қалаулысы. Облыстық мәслихаттың депутаты. Бұрынғы жауапкершілік салмағы ауырлай түскен. Бұрындары ел өзіне келсе, енді өзі елге баратын болған. Барғанда құр қол баруға болмайды. Жағдай сұраған бір басқа да, жағдайды түзеу бір басқа.

Қашанда елді мазасыздандыратын үш мәселе бар. Су мәселесі, жол мәселесі, тоқ мәселесі. Және мұның бәрі барлық теміржол стансаларына қатысты.

Теміржолдың экономикамыздың күретамыры екендігі түсінікті. Халық үшін қажетті болса шығынға да бара алатын еді. Қазір соның бірі жоқ. Жергілікті тұрғындардың өздеріне итеріп тастаған жайы бар. Мектеп, аурухана, кітапхана, клубтан құтылған олар ауызсудан да құтылған. Жергілікті жерлердің балансына берген. Алайда, оны қабылдап алуға жергілікті жерлер де дайын емес еді. Еріксізден серіктестік ашуға барған. Осы өңірдегі сондай жалғыз серіктестік Ақадыр кентінде орналасқан «Ақадырсу» мекемесі еді.

Нәзір Қабылдаұлын бүгінде осы су мәселесі алаңдатады. Соған орай өзінің жерлесі, Қарағанды жол бөлімшесінің басшысы Данияр Жәмиевпен ақылдасқаны бар. Ол да халық қалаулысы. Екеуі облыстық мәслихаттың хатшысы Рысқали Әбдікеровтің алдына барған. Өйткені ол кісі де осы өңірден сайланған депутат болатын. Сол басқосулары себеп болып, сонау Мойынты стансасынан бастап Киікті, Босаға, Ақадыр, Жарық, Дәрия, Қарамұрын стансаларында болып, жергілікті тұрғындарды алаңдатып отырған мәселелермен танысып, оны шешудің жолдарын қарастырды.

Қиян түкпірде орналасқан қазақы ауылдарға қарағанда бұл жердің қарымы, мүмкіндігі едәуір жоғары. Соған қарамастан, шешімін күтіп тұрған әлеуметтік мәселелері де күрделі. Ондай күрмеулі мәселені көп болып шешетіні түсінікті. Сондықтан, бұл мәжіліске Шет ауданының әкімі М.Жандәулетовтің, аудандық мәслихат хатшысы Б.Төлеуқұловтың қатысуы өзара түсіністікке жол ашқан.

Аталмыш стансалардың барлығы да Шет ауданына қарайды. Ал стансалардың өмірі қашанда біртекті болып келеді. Соған орай түйткіл мәселелері де ортақ болып келеді.

Ақадыр стансасында «Ырыс» кәсіпорыны тарап кетіп, жүздеген теміржолшы далада қалған. Сондықтан, кәсіптік бағдарламамызды дәйектейтін уақыт келді. Соған орай қайта мамандану бағдарламасы ұсынылды. Босаған қызмет орнына сырттан кісі алмау тапсырылды.

Мойынты стансасының іргесінде Бапы кен кәсіпорыны орналасқан. Ондағы жұмыс істеп жатқан мойынтылықтардың, жалпы шеттіктердің үлес салмағы мардымсыз. Қазір кәсіпорын басшылығымен келіссөз жүріп жатыр.

Ауызсу барлық жерде өткір тұр. Кезінде теміржолға қараған, кейінде жекеменшік қолға өткен. «Ақадырсу» серіктестігінің мүшкіл хәлі сөз болды. Кеңестік заманнан қалған мұра емес пе, тесілген, жамалған құбырлар елді жарылқай алмай отыр. Ал оны дәл бүгін алмастыра алатындай кәсіпорын болмай шықты. Осы елді мекендердің ауызсуын жақсарту бойынша республикалық бюджеттен қаржы бөлдіру мәселесі қолға алынбақшы.

Жол мәселесі де күн тәртібінен түспей тұр. Мойынты кенті Үлкен жерден бөлініп қалған. Ақадырға дейінгі стансалар арасындағы жолдар аттылы кісілер жүрмесе көлікті адам жүретіндей жағдайда емес. Дегенмен, қалай дегенде ілгерлеу бар. Қазір Ақадыр-Өспен, Ортау бағытындағы жолдарды қалыпқа келтіру жұмыстары жүруде.

Киіктінің іргесінен Ұзынжал кеніші ашылғалы жатыр. Бұл жергілікті жердегі жұмыссыздық мәселесін айтарлықтай бәсеңдететін фактор.Ондағы мектеп жағдайы мәз емес. Оның құрылысына бюджеттен қаражат жеткілікті қарастырылған. Аманшылық болып жатса ондағы балалардың да шат күлкісін көретін боламыз.

Бұл Нәзір Қабылдаұлының бір сапары ғана. Алда тағы да сапарлар күтіп тұр. Енді ол разъездерге бармақшы…

Төрехан МАЙБАС

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button