Рухани жаңғыру

Әулие емшілер

Ғаламшарды мекендеген адамзат баласының қоршаған орта мен айналасында болып жатқан түрлі жұмбақтың сырын танып, оны бір-бірінен толық мәнінде ажырата алу кез келген пенденің пешенесіне жазыла бермейтіні шындық. Алайда, осы жұмбағы көп құпия сырдың анық-қанығын білу Алланың бұйрығымен әулие-әнбиелерге тиесілі деген ұғым-сенім бар. Бұған сенейік десек қиял-ғажайып ертегілерде кездесетін сиқыр, көз байлау сияқты болып елес береді. Дегенмен, осы жайттар дерексіз діни – абстракциялы-теософиялық ілімдер қатарына жатса керек. Сөйтсе де, осыларда қисын бар сияқты. Сол қисындарға арқа сүйеп, осы жұмбақты сырларымен аттары мәшһүр болған 4 адам жайлы: Егімбай ЖАМПЕЙІСОВТЕН, Сайлаубек ИСАТАЙҰЛЫНАН, Қали НЫҒМЕТУЛЛИННАН, Әуез ИСБЕКОВТЕН, және Көбес ЖАЗИБЕКОВТЕН естігендерімді көпшілікке жеткізуді жөн санадым.

Біріншісі – Шайхыұлы Нығметолла (1900-1971 жж.) бұрынғы Еңбек елді мекенінде ғұмыр кешкен. Сәдір қожа әулеті. Ол 1925-1928 жылдары Түркістандағы медреседе 2 жыл оқып, одан соң Бұхарадағы орта дәрежелі семинарияның емдеу бөлімін бітіреді. Сол кезден бастап ауырған адамдардың тамырын ұстау арқылы науқастың түрін анықтап, өзіндік емдеу тәсілін қолдана бастайды. Келе келе өз бойындағы осы ерекшеліктерді дамытады. Түрлі кеселдердің алдын алу жолдарын меңгереді. Диагнозды дәл қоятын дәрежеге жетеді. Жаңа басталып келе жатқан өңеш, ұлтабарда болатын қылтамақ ауруларын алмаспен емдеп құлан таза айықтырып жібереді екен. Халық арасында осы қасиетімен қоса көріпкел, болжампаз ретінде де танылады. Орта Азиядағы түрлі ғылыми сала оның бір ғана емдеу мамандығымен шектеліп қалмай, өзінің ізденістері қосылып тылсым әлем құпияларын меңгеруге бастамашылық негізін қалаған сияқты. Өйткені, оқу орнында жұлдызнама (астрология) ғылымын пән ретінде оқыпты. Ол осы салада көптеген тәжірибелер жинақтайды. Соған сүйеніп, болатын түрлі құбылыстарды болжап, көріпкелдік ойын жария етеді екен. Мысалы, 1930 жылы қазақ жерінде аштық апаты болатынын болжай білген. Айналасындағыларға жан сақтаудың бір-ақ жолы барын ескертіп, ол – оңтүстік аймақтарға жылыстау екендігін түсіндіреді. Өзі ұлы апаттан сырғақтап, күн ілгері 1930 жылы Балқаш қаласына қоныс аударады. Сол жерде бір жарам жылдай балықшы болады. Күн көріс қамы оңала қоймаған соң, жеміс-жидекті кәсіп ететін Алматы облысы, Шелек ауданындағы қызылша өсіретін совхозға орналасып, 1932-1935 жылдары бухгалтер міндетін атқарады. Оның емшілік қасиетінен хабардар болған Алматы қаласындағы бір дәрігердің шақыруымен көмекші-кеңесшілік міндет атқарады. Тұрмыс тауқыметімен Алматы маңын сығалап жүрген кездерінде бір топырақтан жаралған, жастау болса да тәрбиесінен өнеге алған Алаш ардақтысы, айдау мен түрме қасіретінен айықпас дертке ұшырап, Алматыға оралған Ақбайдың Жақыбымен жасырынып жүріп байланыста болады. Демі үзілер сәтінде аузына су тамызып, басын сүйейді. Дүниеден өткен соң мұсылмандық жолымен жаназасын шығарады. Жақыппен жасырын байланысы болғандығынан сезіктенгендіктен бе, әйтеуір сол кезде НКВД Нығметолланың соңына түседі. Келген жері Қарағанды облысы, Қоңырат ауданы, Қызылжар Кеңесіне жасырын сұрау салады. Ауылдық Кеңестің төрағасы Сейілхан Қашқынбаев пен оның хатшы[1]сы Мәкет Кенжетаевтың шындықты айтып, шырылдап ара түскен хаты, куәлігі Нығаңды алдында құрулы тұрған қақпаннан құтқарып қалады. Осы боспадан бой тасалау үшін Қарағандыға көшіп келеді. 1937-1938 жылдары шахтада электрик болып жұмыс атқарады. Өзінің көріпкелдік болжамына сүйенген ол қара құйын дауылы бәсеңдей бастаған 1938 соңында туған еліне оралады. Алғашқыда малшы, 1945-1960 жылдары колхозда пошташы болып еңбек етеді. Нығаңның көріпкелдік болжамының айнымай келетінін сыйлас, ниеттес болған өкшелес інілері саналатын Жәңкенің ұлы Садық, оның бәйбішесі Бибіғайша және Жағыпарұлы Қойшыбектер жеткізіпті. Атап айтқанда, 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, 1945 жылы жеңіспен аяқталатынын, Америкадан таяу маңда қатер болмайтынын, 1985-1986 жылдары Кеңес Одағында елеулі өзгерістер болатынын, соңында кеңестік құрылыстың өзін-өзі құлататынын, 2000 жылдардың шамасында Америка Құрама Штаттары құдіреті күшті бірден-бір держава атанып, көп адамның қанының төгілуіне себепші болатынын айтқан болжамдары дәлме-дәл келеді. Осы өзгерістерді ертерек айтқан екен.

– Анам қылтамақпен ауырды. Қарағандыда дәрігерлерге қараттық. Ем қонбады. Олар ғұмыры аз қалды, алып кетіңдер деген соң үйге алып келдік. Қорек бірде барып, бірде бармай жатқан анамызды Нығаңа көрсеттік. Тамырын ұстап: «Ұлтабарындағы жарасы ұлғайып барады екен. Мен шөп дәрімен емдесем, Алла сәтін салса жазылып кетуге үміт бар. Бірақ ол дәрілер қазір менің қолымда жоқ. Іздейтін адамдар болса дәрілік шөптердің атын жазып беремін. Олар Ташкенттің базары мен қырғыз жерінен табылар» – деп маған 6 түрлі дәрілік шөптердің аттарын арапша, қазақша, орысша жазып қолыма ұстатты. Мен сол дәрілік шөптерді тауып алып келдім. Нығаң мен әкелген шөптерді үгіп дәрі жасады. Оқтап орап, анама ішкізе бастады. Он үш күн дегене анамның беті бері қарады. Құс етінің сорпасын қорек етіп, шамасы бір жарым ай болса керек, ауруынан құлан таза айығып кетті. Өзі ұзақ жасап, кейін қайтты – дейді Исатайұлы Сайлаубек қария. Тағы осы Сәкең ақсақал:

– Нығаңның дұғамен буып тастайтынын да көргенім бар. Біздің ауылда тентектеу Оспанның Әубәкірі деген азамат болды. Сол араққа тойып алып, аузына не келсе соны айтқаны үшін Нығаң көпшіліктің көзінше тоқтамға шақырды. Делебесі одан сайын қозып кетті ме, Нығаңа тіл тигізіп, қол жұмсады. Жазығы жоқтығына назаланды ма білмеймін, Әубәкір ертеңінде шалықтап, қатты ауырды. Оның ауырғандығын көрген ауыл үлкендері қожа назаланған ғой, мынау соның салдары. Алдына барып кешірім өтіну керек деп мәміле жасады. Ақсақалдар Әубәкірдің әйелін Нығаңның үйіне ертіп апарады. Әйел жылап, жалбыранып тұрып Нығаңнан кешірім сұрайды. «Өздерің де кеше көрдіңдер, мен жазықсыз едім ғой. Жарайды, балам. Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш деген, мен кешірдім, қолыңды жай», – деп ұзақ дұға қайырады. Бірер күннің мұғдарында Әубәкірдің ақыл-есі қалпына келіпті. Нығаң араб, орыс тілдерін меңгерген полиглоттылығымен де ерекшеленген екен.

– Әкей үнемі жай жатып, ерте тұратын. Түннің біраз уақытына дейін радиоқабылдағыштың алдында отырып, арапша берілетін уағыздар ма, бізге мәлімсіз хабарларды тыңдайтын. Бір күні таңертең біздер оянғанда: «Балалар, сүйінші. Түнде араптардан қуанышты хабар естідім. Жөйттер соғысты тоқтатыпты» – деп жаңалығын айтты. Жаспыз ғой, оған сене қоймадық. Сол күні Мәскеуден берілген ТАСС-тың ақпаратынан соң ғана әке сөзінің растығына қанықтық, – дейді ұлы Қали. Бұл 1954-1956 жылдары болса керек. 1968 жылы Ақжан Машанов әл-Фарабидің еңбектерін аудару кезінде араб тіліндегі біраз сөздерін қазақша баламасын таба алмай қатты қиналса керек. Алматыдан Ақтоғайға арнайы келіп, сол сөздері Нығаңа аудартып алыпты. Нығаңды арап еліне ерте баруды ниет етіпті. Денсаулығына орай Нығаң бұл сапардан бас тартады. Осы деректі қызы Ғалия мен келіні Света жеткізген еді. Ақтоғай ауданының ауруханасын басқарған Бюрикова Жанна Михайловна мен Әнуарбек Төртбаевтар кейбір науқастардың диагнозын анықтай алмағанда Нығаңа барып көрінулеріне кеңес береді екен. Бұл халық емшісі Нығаңның емшілік қасиет-қабілетімен кеңестік медицина өкілдерінің санасқандығының айғағы болса керек. Түйіндей келгенде ол туа біткен дарындылығымен ауылдастарының ауруына дауа жасап, жан азығы боларлық адамилық-мұсылмандық шарттарды насихаттады. Тағылымдық – тәрбиелік қасиеттерді арқылы аймағының сый-құрметіне бөленді. Ол болжам айтқанда құмалақты сөйлетіп, балгерлік жасамаған. Құран мен жұлдызнамаға (астрология) сүйенген әулие.

Нығаңның тағы бір ерекшелігі жайлы айтпай кетуге болмас. 1960 жылдары ауданымыздың көптеген жастары Алматыдағы жоғарғы оқу орындарында оқыды. Шамамен 40 шақты болуы тиіс. Менде 1962 жылы оқуға барып, түсе алмадым. Сол жылдары Нығаң қызы Софияны КазПИ ме, ЖенПИ ме (жаңылып қалыппын) оқуға апарды. Сол жолы емтихан алдында болатын мұғалімдердің өткізетін кеңесіне (консультация) сұранып қатысады. Ол тақтаға шығып, есеп шығарған абитуриенттердің қатесін тауып түзетіпті деген сөз сол жылы ақтоғайлық жастардың арасында аңыз болып тараған еді.

* * *

Екіншісі – Жүнісұлы Исбек (1990-1961) молла, қызыларайлық қырғыз, жасынан діни білім алыпты. Молланың емшілік қасиеттерімен қоса белгісіз тылсым әлеміндегі Алла тағала жаратқан жын-сайтан аталатындармен байланысы көбірек айтылады.

– Бұл соғыс аяқталғаннан кейінгі оқиға. Бір күні анам: «Сен таяу күндерден соң молламен ел аралауға шығасыңдар. Атшы боласың. Жаңа сол кісімен келісіп келдім. Еңбегіңе қысқы киім-кешек әпермекші болды. Баратын жерлерің қашықтау болса, жолдағы Бастаубұлаққа соғып, шай қайнатып бересің. Молла азық-түлігі мен шай жабдығын ала жүреді. Қолы-басыңды таза ұста деп бірнеше қайталап пысықтап айтты. Денесі толық болғандықтан жазда арбамен, қыста шанамен жүретін. Біздің қатарымыз соғыс кезіндегі ауыртпалықтардан ертерек пісіп қатқан ұрпақ қой. Ат-арба жегіп, оған иелік жасауды бес саусағымдай меңгергем. Өзім шамалас балалардан бойымның сұңғақтығына қарай ересектеу көрінемін. Тапсырылған іске тиянақтымын. Белгіленген күні жолға шықтық. Баратын жеріміз Қарқаралы ауданындағы Жамбыл колхозы. Жамбылға тақай бергенімізде алдымызды жеңді білектей қара шұбар жылан кесіп өтті.

– Балам, тоқтай қал. Шәйнектің жанындағы ораудан кішкене құманды алып, әнеубір жердегі жол жиегіндегі жалпақтау тасқа қойып, қақпағын ашып кел, – деді. Мен молланың айтқанын орындадым. Арбадан жайлап түскен ол тізерлеп отырып, ұзақ дұға оқыды. Дұғаның аяқталар мөлшері ме, аңғара алмадым. Жаңағы жылан ирелеңдеп құман тұрған жерге келді. Иіріліп біраз жатты да құманның ашық тұрған аузына бас сұғуға айналды. Іле-шала жіңішкеріп барып құман ішіне енді. Сәлден соң құманның аузынан лап еткен от көрінді. Құман қолма қол быт-шыт болып шашылып кетті. Көріп тұрған менде зәре-құт қалмады. Молдекең дұғасын аяқтап, құманның түбіндегі ұнтақты қырып, ақ матаға орап, түйіп алды.

– Ал, балам, жолымыз болды. Жаңағы жан иесі көптен бері кезікпей жүр еді. Бүгінгі күн сәтті болды. Мен алдағы ауылға екінші рет келемін. Бұл ауылда сырқат жасөспірім бала бар. Алғашқы келгенімде ем қонбаған. Енді мына жыланның күлі шипа болады деп сеніммен айтты. Науқас баланың үйінде бір жетідей болдық. Бала сауықты. Ол ем-шара жасағанда үйге ешкімді кіргізбейтін, – деп сөзін аяқтады Егімбай аға. Жоғарыда аты аталған Сайлаубек қария тағы бір сөзінде:

– Еңбекте тұрғанымызда Ермекбайдың Нұрбайы аяқ астынан делбе болып қатты ауырды. Ешкімге ие бермейтін болған соң аяқ-қолыңды байлап тастады. Нығаң ауылда болмады ма, әкем өзінің ат арбасын жеткізіп, мені Қызыларайдағы Исбек молланы алып келуге жұмсады. Қайтар жолда молда арба үстінде дұға оқумен болды. Нұрбай үйінде ат басын тірей бергенде «Ананың қол аяғын босатыңдар», – деп айқай салды. Өзі арбадан түсіп үйге кіргенде Нұрбай: «Мен не істедім?» деп есі кіріп, тілге келді. Шамалы уақыттан соң сауығып кетті, – деп келтіреді. Жоғарыдағы деректер көрмеген адам сене алмайтын ертегі қиял, ойдан құрастырылған өтірік сияқты болып сезілуі кәдік. Бірақ, көзімен көріп, куәсі болған адамдардың сөздеріне қалай сене алмайсың? Исбек молланың емшілік қасиеттерімен қоса науқасты дуамен қайтаруының себеп-салдарын үлкендер оның пері оқуын оқып меңгеруінен деп айтатын. Ертеректе Рамазанов Қабылбек те: «Сыйқыр ма, көз байлау ма, әйтеуір өзіміз отырған қыстақтағы үйдің қабырғасын қақ жарып, қайта орнына келтірді» деп баспасөзде жазған еді. Бұл да болса Алласының пендесіне жұмбақ әлемнің құпиясын бойына дарытқандығы шығардан басқа не айта аламыз. Ныған қожа мен Исбек молланың ара қатынасындағы тағы бір жұмбақтың жайын Әуез ағадан естігенмін.

– Әкей жазылмас дертке кезігіп, әл-қуаты төмендей бастағанда, көңілін сұрауға Нығаң арнайы келді. Әкей замандасымен шүйіркелесіп мәре-сәре болып қалды. Екі шал түнімен бір-бірін пірадар-пірадар десіп, дін-шариғат жайлы көп пікірлесті. Тіпті, түннің бір уағына дейін ұйықтамады-ау деймін. Ертеңінде қайтарда Нығаң: «Жасыңыз үлкен ағасыз, сәлем кішіден екені белгілі. Көңіліңізді сұрай келгенімді біліп отырсыз. Шер тарқатып жеңілдеп қалдық. Бұл пәниден кетеріміз шын. Бәріміздің де дәм-тұзымыз таусылған күні тәніміз мәңгілік мекенге жайғасар. Жанымыз Алланың құзыретіне кезігер. Кешу алысалық. Пенде болған соң артық кемді кеткен кездеріміз болған шығар. Көңіліңізге келмесін. Ауырып жатқанымда өлім тілегендей болып кешу алыспағы несі деп күдіктеніп қалмаңыз. Сайрап отырған мен бұрын кетем бе, ол Алланың еркінде» деп барып құшақтасып кешу алысты. Мен Нығаңды аттандырып үйге кірдім. Әкем: «Балам, саған айтар сөзім бар, құлақ сал. Мен қайтпас сапарға аттанғалы отырмын. Мен қайтқан соң елге хабарласыңдар. Бірақ Нығаңа арнайы хабар жіберме. Өзіңе хабар тимеген соң ол келе қоймайды. Кейін келіп көңіл айтар. Сол кезде қожаны риза етіп жібер» деді.

– Хабарламаңыз дегеніңіз не? Ауылдың үлкендері мені тыңдайды ма? Бәрібір хабар жетеді ғой, мен не істей аламын? – дедім.

– Бұл менің саған айтар аманатым екенін жеткізерсің. Олар келіседі ғой, – деді.

– Расында әкей қайтқанда ауылдың ақсақалдары қиғылық салсын. Бірақ «Аманат» деген сөзден аса алмады. Әкейдің жетісі беріліп жатқанда Нығаң келіп көңіл айтты. Кетеріңде бір байтал жетектетіп жібердім. Екі шалдың ризашылық көңілімен кешу алысқанын жаңа да айттым. Әкейдің қонақасыма хабарлама дегені осы уақытқа дейін көңілімде түйткіл болуда. Халық айтқандай бірі таза дін ғылымын оқуын, екіншісі жын-перінің оқуын бітіріп, психологиялық тұрғыда адам түсінігі мен танымына қатты әсер ететін ерекшеліктерімен не болмаса ұстаған көзқарастарының аз да болса кереғарлығынан ба екен? Біз шеше алмайтын жұмбақ күйінде қалды, – деп еді Әукең.  

* * *

Үшіншісі – Тоқыметұлы Молдахан (Жуантаяқ Жанайдың Бөленінің (Бәлек) Сазан тармағынан). Балқаш маңындағы Дересінде туған. Тохметтен туған 5 ұлдың, төртеуі мейілінше ширақ, алдай да, арбай да алатын пысық, берсе қолынан, бермесе жолынан алатын аптал азаматтар болып ержетеді. Соған орай үлкені – Қойгел-Қара қасқыр, Қожакелді – Ақ қасқыр, Садыхан – Бала қасқыр атанады. Жігіттік жасында қайтқан Мұсахан да ерекше батыл, ер мінезді болыпты. Осы бес баланың ортаншысы Молдахан ғана жастайынан біртоға, қақ соқпен ісі жоқ, бауырларына ұқсамаған өзгеше жан болып өседі. Молда алдын көріп, тез сауаттанады. Өзін молданың берерін тауысып, онымен иық тіресер шамада ұстазы батасын беріп: «Бала молда» атандырады. Осы кезден бастап оның үшкіргендері, дұға оқып, су ішкізген шіріткілері, бала-шағаға берген бойтұмарлары ауру-сырқауға ерекше әсер етіп, науқастардың жеңілдеуіне, кейбіреулердің құлан-таза айығып кетулеріне септігі тиеді. Кейін осы қасиеттерді ерекше дамып өзі біржола құдай жолы – шариғатты насихаттауға ойсады. Маңындағы жақын-жуық ағайындарының маңайын «сәждеге» тигізуге ықпал етеді. Тұрмыста қарапайым, бір аяғын сылтып басатын шап-шағын денелі, ауыл адамдарынан еш айырмасы жоқ, сол кездегі қарияларға тән шешіліп кетсе мақалдап сөйлейтін сыпайы ақсақалмен бір ауылда өстім. Оны біз мекендеген Жамбыл колхозының үлкендері: «Молда», кішілері «Әйе» деп ерекше сыйлайтын. Бір жағынан дұғалап тастайды деп қаймығатын да. Ауыл арасында үнемі ақ інгенін, шалғайлау жерге шыққанда боз биесін мініп, құлынын соңынан ертіп жүретін. Жылан мен қара құрт шаққан адамдар, қиналып босана алмай жатқан әйелдер болса, молданы сол ауылға қоярда-қоймай жүріп, қолқалап алып кететін. Есіріп, еліріп есінен адасқандарды, денесіне «Сарамас», «Ақауыз» деген жаралар шыққандарды дем салып, оқытып сауықтырып жіберетін. Жазибеков Көбес Молдаханның соғыс жылдары жаз айында сан рет дұғамен жаңбыр жауғызғанын аңыз қып айтып, былайша жеткізген еді.

– Күн шығар шықпастан ерте тұрып, шабындық басына жетеміз. Таңның атысы, күннің батысына дейін арпалыста боламыз. Күн ыстық. Соңымызда шабатын жерді өлшейтін «Учетчик» деген белсенді қоса жүреді. Тыныс алдырмайды. Бір күні бастау бұлағы бар жердің айналасын шабуға кіріскенбіз. Түскі үзілісте шайымызды сол жерге қайнатып ішеміз. Ересектеу бір бала: Мына жерде бақа көп екен. Біреуін ұстап алып, шалқасынан салып, төрт аяғын төрт жаққа керіп байлап тастаса, бауырынан ыстық өткен бақа бар дауысымен шұрылдап жылайды екен. Оның осы жан айқайы жаңбыр шақырады деп естігем, – деген. Біздер үлкендерге сездірмей, жаңағы баланың айтқанын істедік. Бір-екі сағат мөлшерінде бұлт шығып, жел көтерілді. Іле жаңбыр төкпелеп құйып кетті. Өгіздерімізді доғарып, ауылға қайттық. Күн ысыған сайын осы әрекетімізді, үлкендерге сездірмей қайталаймыз. Дем алып, жасап каламыз. Біраз күннің мөлшерінде әрекетіміз әшкере болды. Ауыл балаларын жинап алған молдекең: «Бақа мақұлық болғанымен жан иесі. Алла тағала жан иесін тірідей қинағанды құптамайды. Қойыңдар!», – деп ескерту жасады.

– Әйе, сізді де жаңбыр жаудыра алады дейді ғой. Жаңбыр жаудырсаңыз, біз бақа керуді қояйық дедік. Молдеке келісті. Күн ыстық күні қауып ойлады ма, шөп басына келіп үлкендерге: «Мына тентектер бақа керуді қоятын емес, оны шырылдатып қинағанша, мен жаңбыр жаудырайын. Сендер ренжімеңдер», – деп отыра қалып, ұзақ дұға қайырды. Іле-шала көкжиекті бұлт басып, жаңбыр төпелеп берсін. Біздер қатаң аңдуға ілігіп, әрекетімізді қайталаудан тиылдық», – дейтін.

Бәйбішесі Қайшаны бүкіл ауыл: «Қайша апа» деп ерекше құрмет тұтатын. Ол кісі қолынан өнер тамған тігінші, ою-өрнек салудың шебері болатын. Ауылдың барлық әйелдері осы апаны жағалап сырмақ ойғызып, текеметке өрнек салғызатын. Оның қолынан шыққан орама ши, шімши кілемге бергісіз әртүрлі ой-өрнектермен безендірілетін. Текемет басуға, сырмақ басуға, сырмақ сыруға, шімши орауға пайдаланылатын жүндерін сол кісіге боятып алатын. Жүн бояу мен текемет басу – ауыл балалары үшін ерекше мейрам сияқты болып көрінетін. Өйткені, шашу ретінде шашылған құрт-ірімшектерді таласа теріп, мәре-сәре болып қалатынбыз. Қайша апа да ескіше көп оқып, діни сауат алыпты. Ақсақалы үйіне замандастары келгенде: «Мұның ғылымы артық, менің ілімім артық» – дейді екен. Молдаханның келіні Бишан босана алмай қиналып жатқан кездерін шешелеріміз еске алып: «Молдекең әулие адам ғой, айтқандарының бәрі келді ғой, жарықтық» – дейтін. Жалғыз ұлы Әбдіраштың келіншегі Бишан айы-күні жетіп босана алмай 3-4 күн толғатып қатты қиналды. Бұрын босана алмай жатқан әйелдерге дем салып, тез босандыратын молда өз келініне көмек көрсетпейді. Әйелдер барып жалынып, жалбарынса да мойнын бұрмапты. Үшінші күні бәйбішесі: «Бишан да балаң ғой, қиналып өлуге айналды. Елге жасаған жәрдеміңді өзіңнен өзің аяғаның ба?» – дегенде: «Қу жалғыз қу болайын деп тұр ғой. Мен барып босандырсам бұл шаңырақта шыр еткен нәресте дауысы естілмейді. Менің сырттап жүргенім де сондықтан» – деп бәйбішесін де тыңдамапты. Бишан төртінші күні есі бір кіріп, бір шығып жатқанда ауыл ақсақалдарының үлкендеу біреуі: «Ей, Молдахан, сен бір бала үшін екі жанды бірдей қиғалы тұрсың. Келін кетсе іштегі шаранада жарық көрмейді. Қолыңнан келетін жақсылықты жасамай жаназасын күтіп жүрмісің» – дейді. Молдахан осыдан кейін үйге кіріп, келінін төр алдына шалқалай жатқызады да дұға оқып, дем салады. Бір аяғымен келінінің кеудесін басқанда шыр еткен нәресте дауысы естіледі. Сол бетте өзі өкіре жылап, ауылдан безіп кетіпті. Шешелерім: «Молданың айтқаны келіп, Бишан бұдан соң бала көтермеді. Қиналып туған Мүгүлсімге де бір шикіөкпе бұйырмады ғой» деп еске алатын. Молда шаруаның ыңғайын келтіре алмаған ауыл шалағайларына: «Егіннің ебін, сауданың тегін» білмейтіндер – деп кейитін. Елге ме әлде өзіне ме, әйтеуір «Жас өтті тынымсыз, өнерсіз, білімсіз» деген өлеңді шұбырта айтып, көңілінің әлде неге толмайтынын, алаңдайтындығын аңғартқан. Сөйтсек, Абай мен Шәкерімді өзі жүрген жерлерінде аттарын атамай-ақ насихаттайды екен. Ауылдастарының діни сауатын ашуға, адамилық жолмен жүруіне жәрдем еткен, түрлі науқасты дуамен, дұғамен сауықтыратын қария 1950 жылы көз жұмды.

Аманкелді ТУҒАНБАЕВ, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы.

Басқа материалдар

Back to top button