Тура жолдан айнымаған тарланбоз

Балаңдау кезімізде, бәлен жыл көрші тұрған адуындау бір апамыз туралы: «Жұрт не десе о десін, өзім жақсы көрем Шабазия апамды…» – дейтін бір сөзі бар еді Ахат ағамның. Сол айтқандай, кім не десе де, өзім жақсы көремін Балтабек Әбеу ағамды. Қадір-құрметім бөлек. Ықылас-пейілім айрықша. Мен ғана ма, бұл санатқа ол әр кезеңде қызмет істеген басылымдардың қалың оқырманын, ізінен еріп, ұстаз-аға деп қадірлейтін басқа да әріптес іні-қарындастарын қосыңыз еш күмәнсіз.

Ал, ағамыздың мұндай абыройға, қылаусыз құрметке ие болуының себебі сан алуан деп білем. Ең бастысы, өз патша көңілімнің пайымынша, Балтабек ағам – заманына қарай амалы дейтін, табаны тайғақ, замана-уақыт ауанына қарай аунап түсе салатын, кешегі «ойбайы» бүгінгі «бай-байына» қайшы келіп жататын «хамелеондарға» үш қайнаса сорпасы қосылмайтын арда азамат. Өзі сенген идея-мұраттың айнымас жауынгері ол. Сертіне берік, ары таза. Нақ сол себептен қашанда еңсесі биік, мерейі үстем, жүзі жарқын. Айталық, тәуелсіздік таңы атпай тұрып-ақ еліне азаттық тілеп, «Азат» қозғалысының жергілікті қолдаушы-күрескерлері қатарынан табылды. Тіліміздің тағдыры қыл үстінде тұрған сол бір өліара шақта облыстық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын жандандыруға сүбелі үлес қосты. Ал сол кезде, тіпті, тәуелсіздік деген сөзден шошыған, қозғалысты тұншықтыруға тырысып, қазақ тілі десе кірпідей жиырылған талайлар бүгінде басқаша сайрап жүр. Жә, бұл – басқа әңгіменің өзегі. Алайда, бір ақиқат бар. Кешегі күні халқымыздың бодандық бұғауын үзуі, бүгінде ана тіліміздің баяу болса да бел алып келе жатқаны – көкірек көзі ояу, санасы сергек, ұлт тағдыры сынға түскен шақтарда бұғып қалмаған осындай күрескер азаматтардың арқасы.

Меніңше, дәл осы мысалдан ағамыздың екінші бір қыры жарқырай көрінеді. Демек, ол – ұлтын сүйген перзент. Қаламымен ғана емес, жан-тәнімен, барша қабілет-қарымымен халқына қызмет еткен азамат. Иә, ағамыз өзінің кей жазбасында қазағын сынап-мінейтіні рас. Алайда, сол сынның астарында, «Қап деп қалма, қазағым!» деп өзі жазғандай, қазағым қатардан қалмасыншы деген ізгі ой жатқаны күмәнсіз. Және, сын айтып қана қоймай, «Қазақ көш соңында қалмайды!» деп қамшылайтын да, қуаттандыратын да өзі.

Ағамыз – журналистиканың не екенін, журналистің міндет-мұраты не екенін жете түсінген зерделі де зерек жазбагер. Бәлкім, «Журналист адамды журналистиканың не екенін түсінеді деп мадақтау қай қисынға сыяды?» деп таңғалатындар табылар. Таңғалатын жөні де бар. Бірақ, өмір бойы қолына қалам ұстап жүрсе де журналистиканың не екенін түсінбегендерді көз көріп жүрген соң айтып отырмын мұны. Мұндайлар бұрын да болған, қазір мүлдем өріп жүр. Өкінішті. Бірақ, шындық осы.

Ал, журналистика деген құдіреттің түпкі міндет-мұратын терең түйсінген адам, әрине, нені жазуды, қалай жазуды жақсы біледі. «Атып кетті, шауып кетті!» дейтін арзан айқай-сүреңнен, «Бәленше әнші байынан таяқ жепті…» дегендей сарындағы жеңіл-желпі өсек-аяңнан ада ол. «Жалпы ұлттық журналистиканың әлі де олқылау бір тұсы – байыпты, жан-жақты журналистік зерттеулердің, салиқалы сараптамалық дүниелердің кемшіндігі» дейтін пікір бар ғой. Өз ойымша, Балтабек ағамыз – дәл осы олқылықтың орнын толтырып жүрген шын мәнісінде кәсіби жазбагер. Бұл сөзіме оның «Теріс ағымдардың арбауы. Неге оның жетегінде кетеміз?», «Ұлттық сананы әлсірету саясаты бар ма?», «Байқоңыр бағымыз ба, сорымыз ба?..» деп келетін, атауынан-ақ талай сыр аңдауға болатын көптеген зерттеу жазбалары даусыз дәлел.

Ардақты ағаның өмірдегі азаматтық ұстанымы, қасиетті қаламға, өз мамандығына адалдығы жазбаларынан да анық аңғарылады. Турашыл. Жалтақтамайды. Еркіндік бар. Шын мәнісінде тәуелсіздік рухы атойлап тұрады.

«…Әділін жазсаңдар тосқауыл болмайды. Біржақты болмау керек. Барды – бар, жоқты – жоқ деп жазу керек. Жақсылықты да, кемшілікті де көре білген жөн. Мәселен, «Қазақмыс» болмаса, мысымыз болмаса, мынау іргедегі Арқалық сияқты тоз-тозымыз шығар еді. Мұны мойындаған және халыққа шынайы жеткізген дұрыс. Сонымен бірге, мейлі «Қазақмыс», мейлі Үкімет, не әкімдік болсын, кемшілігін ашық жазу қажет. «Бәрі жақсы» болуы мүмкін емес және газет «Бәрі жақсыны» бас тақырыбы етіп алса, онда бұл басылымның халыққа да, қоғамға да, мемлекетке де жаны ашымағаны. Жалпы, біржақты пікір – надан, мәдениетсіз газеттің ісі».

Ағамыздың «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында айтқан ой-пікірінің бір ғана үзігі бұл. Сөз басында «кім не десе де…» дегенді бекер айтқам жоқ. «Турасын айтқан туғанына жақпайды» демекші, тап осындай ұстанымдағы, «Айтпаса сөздің атасы өледіні» ту еткен журналистке, әрине, елдің бәрі елжіреп тұрмасы анық…

Бұл кісінің өзім тәнті болған тағы бір қасиеті – ізінен ерген талапты жасқа қашанда қамқор, тілекші. Жөн-жоба сілтеуге, бағыт-бағдар беруге әркез даяр. Яғни, ол – ұстаз. Керек десеңіз, ол тек жас буынға ғана емес, ойлы да орнықты, салиқалы да салмақты, әрі батыл да уытты дүниелерімен оқырман талғамын өсіруге де қызмет етті деп білем.

Өз түсінігімше, ұстаз болу үшін біреудің қолына қалам ұстатып, «Олай жаз, бұлай жаз, өйт, бүйт» деу шарт емес. Күнделікті жазбаларымен-ақ талайларға ұстаздық еткенінен, бәлкім, ағамыз өзі бейхабар да болар. Бірақ, өзім тұрғылас қаншама қыз-жігіт оны ұстаз тұтатынына куәмін. Бір мысал: «Журналистика атты Азаптың, журналистика атты Ғажаптың, журналистика атты Ләззаттың кәусар тұнығын танымаққа, қыры мен сырын тереңдеп білмекке талпынғанда біздер, кейінгі толқын журналистер, үзеңгілес келе жатқан (сөйтіп, біз әріптес болу бақытына ие болған), қаламы қарымды, жұптар сөзі жасын, ұсынар ойы шыңыраудай түпсіз қадірменді ағадан жөн сұрайтынымыз бар. Егер «Мысты өңірдің» жас журналистері оқырманына ойлы дүниелер ұсына білген болса, ол ойдың ұшқырлығы, айтар сөздің жұптылығы Балтабек ағамыздың қаламынан жұғысты болғаны». Белгілі журналист Гүлшат Хамиттың жүрекжарды лебізі бұл. Иә, бір басылымда қатар қызмет еткен кезімізде ағамыздан жөн сұраған кездеріміз аз емес. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» дегендей, жұққаны да рас шығар.

Балтабек ағамыз 60 жасқа толғанда: «…Оған тән отаншылдық, ұлтжандылық қасиеттері бәрінен басым жатады. Алған бетінен қайтпайтын бірбеткейлігі тағы бар. Айтқанын аяқсыз қалдырмайтын азаматтығы әркімге үлгі боларлықтай. Ал журналист ретінде қолына қалам ұстаған әріптестерінің көш басында тұрғанына бұл өңірде ешкім дау айта алмас. Өз басым біраз нәрсе үйрендім», – деп ағынан жарылып еді тағы бір ағам Әлібек Әбдіраш. Басқа емес, өкшесін басқан, өзінің де қабілет-қарымы біреулерге ұстаздық етуге қаптал жететін адамның сөзі бұл. Арғы жағын өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз.

 

Қуат Құрмансейіт.

 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.