Руханият

Тілеш

Жарықтық Тілештің – Тілеуқабыл Байтұрсынұлының қайтқанына жыл болып қалыпты. Дүниеден өтерінен бірер күн бұрын жүздесіп едік. Көңілі қамсыз-мұңсыз көрінген. Ол жай-күйімнің сергектігіне риза қалыпта қуанып қалды. «Сонда зәре-құтымның ұшқаны-ай. Кетіп қаласың ба деп қауіптенген едім», – деді  сөз арасында ілкідегі пышаққа түсуімді еске түсіріп, «сәл-пәл жүре тұрсақ, ақыры, әкетер болған соң қиналдырмай, ешкімді қинаттырмай алса етті».

Кейінгі кезде ауызға ала беретін бұл тілеуін бұрыннан білетінмін. «Арғы жағаға» өтуге жақындаған бәріміздің де көкейімізді түрткілеген ой ғой. Екі-үш күннен кейін сол тілеуінің берілуін жұбаныш қылудан басқа лаж қалмасын кім ойлаған?

Маған қатысты қимас көңілін білемін. Аты да, заты да қатерлі дертке ұшырағаным жанына  қатты батыпты. Екеуі күн құрғатпай бірге келіп тұратын Батырхан Жанатов досымның   айтуынша, Тілеш кәдімгідей қыстығып, жылап жүріпті. Алдында «олай-бұлай бола қалсам, бас-көз болып, ауылға жеткізерсің», – дегенмін. Ежелгі сыйласы Самат Жүнісов марқұмның сүйегін Алматыдан әкелгенін еске түсіріп, тағы бір күйік-міндет күйзелтеріне қиналып, босайды екен.

Жалған-дүние-ай! Өмірдің өткіншілігі Тілеш келмеске кеткелі бері одан сайын сезіліп жүр. Тіршілікте дос  қадірін кім білген?! Ойда жоқта жалт еткен шақта сезіледі. Түнеукүнгі бір түсімде «45-ке бара жатырмын. «К-700» мақалаңды шығарыпты», – деген асығыс үні естіліп, қолбаңдаған таныс кейпі көз алдыма келіп, «қазір» деп оянып кетіппін. Көпке дейін өң мен түстің арасында әлгі дауысы мен бейнесін қия алмай, өксік қысып, бордай босап жаттым. Бәрі-бәрі елестеп қоя берді…

Алғашқы танысуымыз әлі күнге жадымда. Өткен дәуірдің 70-ші жылдарының соңында «Лениншіл жас» газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі болып бекіген соң, қарағандылық әріптестермен танысып-білісу Тілештен басталған-тын. Ойлап отырсам, содан бергі уақытта жұбымыз жазылмапты. Шамамен, ширек ғасырға жуық кезең. Оның жақын аралас-құраластыққа тартпай қоймайтын тазалығы, өзім дегенге өзегін жұлып беретін мәрттігі, алып құшағының кеңдігі бізге етене белгілі қасиет-тін. Мағау /Сембаев/ досы болмыс-бітіміне сай, оған «К-700» деген ат телігеніндей, өзінің түр-тұрпаты мен мінез-қылығы тура сол теңеуге лайық-тұғын.

Жас кезіндегі ерен қарулылығы, жұмысты жапыра істеп, әлжуаздау курстастарының қолын босататыны жайлы бүгінде белгілі қаламгерлер Жанболат Аупбаев, Несіпбек Айтов, ғалым Намазәлі Омашевтың әңгімелеуінде – үлкен жыр.

Оны облыс жұртшылығы жақсы білді. Радионың ауыр қобдишасын арқалап, қыстақтан қыстақ қалдырмай аралаудан басталған сүйікті ісі «Орталық Қазақстанда» жалғасып, сол газетте аяқталды. Зейнетке шыққан соң да, қаламы қолынан түспей, бұрынғы кейіпкерлері туралы кеңейтіп, татымды кітаптар жазды. Өзі жазады, тереді, өзі баспаға дайындайды, өзі бастырады. Қиямет еңбек. Мұны тек басынан өткергендер біледі. «Ауру қалса да, әдет қалмайды», қайтпас қалыппен, тіршілік тауқыметімен жазған кітаптарын кейіпкерлеріне табыс ету, қуанту үшін жержерге жаяулап-жалпылап тартатыны және бар-тын. Сондай сапардың бірінде Нұра жақта жинақты көріп, танысқан бұрынғы бір дөкейдің «Байтурсунов, денег нет и скоро не будет», – деп ат-тонын ала қашқаны жанына қатты батқанын айтатын. Намысқойлығы қысып, ежелгі машығын қойып та кетті, ақыры.

Тілеш қиындықты аз көрмеді. Ауылдағы ағасы қайтыс болып, жеңгесі жалғыз қалғанда,  қарайласуға апта сайын артынып-тартынып тартатын. Азық-түлік, жемшөп, отын-су бәрі мойнында болды.

Осы бертінде Тілегі әке-шешесімен Қарқаралыдан келе жатқанда көлігі аударылып, аман қалғандары бар. Алайда, едәуір көлемде айыппұл салынып, мерзімінде өтеу талабы қойылды. Бұрыннан мойынға ілулі несиенің ай сайынғы өсімі тағы бар. «Жақсыға жақын көп» дегендей, Тілештің достарына, өз ортасына қадірлі  азамат екені осы кезде  анық білінді.  Жағдайды естіген Жүрсін Ерманов бастаған байырғы курстастары қаражат жинап берді. Досы Жанболат Аупбаев  маған қайта-қайта хабарласып, ақшаның тезірек қолына тиюін қадағалап отырды. «Орталық Қазақстан» газетінің Мағауия Сембаев ұйытқы болған жігіттері де көмектерін аямады. Мұны сөз реті келген соң айтып отырмын, осының бәрі – Тілештің сыйлы болғанының айғағы.

Өзіміз дүниеге келуін көрген, сүйінші хабар жеткенде, марқұм Матай Айнабеков өлең арнаған сол Тілек те қазір үлкен азамат. Папасы ауруханада жатқанда дәрі-дәрмегін жеткізіп, жүгіріп жүруі іштей риза етті. Одан туған сүйікті немересін «Күшік» дейтін. Жөппелдеме телефоннан «Ата» деген даусы естілсе, ата жөнелетін.

Маңдайымызға сыйластықты, сырластықты, қимастықты жазыпты. Бәлкім, өмірді қабылдауымыз ұқсас болған шығар. Тілештей көкірегі таза, пейілі көл, аңғал, ақкөйлек азаматпен етене жақындыққа жарағаным – зор мақтаныш.

Қимастық демекші, бірде ұялы телефоным жоғалып, төрт-бес күн хабар-ошарсыз қалғанымда Батырхан екеуі қатты мазасызданыпты. Сырқатымның жайы белгілі. Түрлі ойлар алаңдатқан Тілеш шыдамсызданып, ақыры іздестіруге шығады. «Көгілдір тоғандарда» дәл қай үйінде тұратынымды тап басып, таба алмай, ауладағы адамдардан сұрастырып жүргенде, ауылдасы Сапарға жолығады. Ол біле қоймайтынын, бірақ кеше сыртымнан көргенін айтып, дегбірін басады. Мұны қалайша ұмытайын?!

Бүгінде аяулы дос арамызда жоқ. Оның есімі көпшіліктің есінде қалғаны – көңілге жұбаныш. Облыстық радионың алтын қорын ашып қалсаңыз, репортаждары шыға келеді, «Орталық Қазақстан» гаетінің беттерін парақтасаңыз, мақалалары жарқ етеді, кітапханаларға барсаңыз, кітаптары алдыңыздан шығады. Дауысы мен сөзі өмірінің ізі болып, сайрап жатыр.

Құжаттағы есімі Тілеуқабыл еді. Бәріміз Тілеш дейтінбіз, ол осы ыстық атпен – жүрегімізде.

Айқын  НЕСІПБАЙ.

АЛМАТЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button