Теміртау тынысы: КӨРСЕТКІШ КӨҢІЛДЕГІДЕЙ

«Теміртау» десе, ең алдымен, еске Тұңғыш Президент түседі. Оның себебі айтпаса да түсінікті: бұл – төрткүл дүниеге танымал Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ тұсауын кесіп, саясат кеңістігінде самғауына тұғыр болған Теміртау. Ел Магниткасы Тәуелсіздік әлдиі тербеткен 30 жылда экономикасы өркендеп, әлеуметтік әлеуеті артып, келбеті келісті шырайлы шаһарға айналды.

ӨНДІРІСТЕ ӨСІМ БАР

Бүгінде 180 мыңнан астам адам тұратын құтты мекенде 15 ірі, 32 орта, 2070 шағын кәсіпорын бар. Қала экономикасының локомотиві – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ. Былтыр өндірілген 746 млрд. теңге өнімінің 83%-ы (621,3 млрд. теңге) осы қуатты кәсіпорынның үлесіне тиеді.

Өткен жылы негізгі капиталға 58,4 млрд. теңге инвестиция салынды. 35,4 млрд. теңгенің құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылды. Халыққа қызмет көрсететін 8790 шағын және орта бизнес субъектілері 33229 адамды жұмыспен қамтамасыз етті.

Қалалық қазынаға түсер қаржы жыл сайын ұлғайып келеді. Мәселен, былтыр бұл көрсеткіш 25 млрд. 326 млн. теңгеге жетіп, жоспардан 6,1% асып түсті. Бюджеттің әлеуметтік саланы қаржыландыруға бағытталған шығыс бөлігі өсуде: 2020 жылы оған 15 млрд. 794 млн. тенге жұмсалды. Бұл – жалпы шығынның 61,1%-ы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірегей тосын тәсілді, жаңаша ойлауды, жаппай ынтымақтастықты және өзара қолдауды талап ететін, дағдарыстық жағдайдағы іс-әрекеттің ерекше жоспары іспеттес «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы көздеген көрсеткішке жетуде игі ықпалын тигізді, – дейді қала әкімі Қайрат Бегімов.

КӘСІПКЕРЛІК – КІРІС КЕПІЛІ

Нарықтық қатынас «нан табудың» құралына айналған қоғамда кәсіпкерліктің «көші көлікті» болатыны әлімсақтан әйгіленген. Бұл тұрғыда теміртаулықтардың айы оңынан туып тұр. Кәсіпкерлікті қолдаудың жол картасы жобаларын жүйелі жүзеге асыру қалада шағын және орта бизнестің дамуына игі әсер етті. Бұл жол Картасы қолға алынған кезден бастап 181 млрд. теңгенің 10 жобасы кіріп, 1,5 мың жұмыс орны ашылды.

Кәсіпкерлер қаланың тыныс-тіршілігінің қалыпты дамуына қомақты үлес қосып келеді. Олар өткен жылдың өзінде жалпы 32 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, қызметін көрсетті. Бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жандандырып, орта және шағын бизнестің шаһар экономикасындағы үлесін ұлғайту мақсатында кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары аясында біршама шаруа тындырылды.

Айталық, «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша арнайы курстан өткен қаланың 81 әлеуетті кәсіпкерінің әрқайсысы 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант алып, шаруашылығының керегесін кеңейтуге кірісті. Мұның сыртында Бизнестің жол картасы аясында 16 адам шағын несие алды. Ал, мақұлданған 59 жобаға ұзын-ырғасы 3 млрд. теңгеден артық жеңілдетілген несие берілді.

Бизнесін жаңадан бастаған жас кәсіпкерлердің белсенділігін арттырып, қаржылай қолдау көрсету үшін оларға 1 млн. теңгеден 10 грант және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 200 айлық есептік көрсеткіші (АЕК) көлемінде 25 грант бөлу жоспарлануда.

«ДЕНСАУЛЫҚ – ЗОР БАЙЛЫҚ»

Жайшылықта жеңіл-желпі айтыла беретін бұл сөздің шын мәніндегі маңызын елді ғана емес, әлемді әлекке салып, дүниені дүрліктірген індет еріксіз мойындатты. Кенеттен көлденең киліккен кесапаттың кесірінен келген қиындықты теміртаулықтар да көрді. 2020 жылы қалада 1761 адам COVID-19 жұқтырды. Сөйтіп, әрбір 100 мың адамға шаққанда 963-і коронавирустың «құрығына» ілікті.

Иә, алғашқыда абыржып, абдырап қалғаны рас. Алайда, қала басшылығы бастап, медицина мекемелері мен өндірістік кәсіпорындар қоштап жедел қолға алынған қауырт шаруа жағдайды ушықтырмай, сабасына түсірді. Алдымен, санитарлық автокөлік паркіне қосымша 12 жеңіл автокөлік және «жедел жәрдем» үшін 12 реанимобиль сатып алынды. Қазір қалада жалпы қуаты тәулігіне 2 мың сынама (тест) жасауға жететін екі ПТР-зертхана, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қаражатына салынған №4 жаңа емхана жұмыс істеп тұр.

Сонымен қатар, облыстық фтизиопульмонология орталығының құрылымдық-инфекциялық 250 орындық станционары ашылды. 5 инфекциялық стационарда қосымша 505 орын қарастырылған. Бұдан басқа 200 орындық стационар үшін, ауырғандарды бөлек жатқызу мақсатында «Самал» санаторий-профилакториы теңгерімге алынды. Екі айға еркін жететін дәрі-дәрмек қоры жасалған. Ол ұдайы толықтырылып отырылады. Осындай кешенді іс-шара коронавирус инфекциясының таралуын тегеурінді тежеуге оң әсер етті.

Қазір қаланың медициналық мекемелерінде жоғары білікті 379 дәрігер, 1029 орта медицина қызметкері денсаулық күзетінде тұр.

ЭКОЛОГИЯ – ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

Теміртау таза қала екеніне талас жоқ. Сенбесеңіз, шырайлы шаһарды аралап көріңіз: біраз іс тындырылғанына бірден көзіңіз жетеді. Өкінішке қарай, экологияға қатысты, нақтысы – атмосфералық ауаның тазалығы туралы оны айта алмаймыз. Өнеркәсіптік қаланың аумағындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, Теміртау электрометаллургиялық комбинатының химиялықметаллургиялық зауыты, «BaselGroup» ЖШС-нің ГРЭС-1 стансасы сияқты қуатты кәсіпорындар қолайсыз «қолтаңбасын» қалдырған.

Әрине, қол қусырып қарап отырған ешкім жоқ. Ауаға тарайтын және төңіректі ластайтын газ бен зиянды қалдықтың көлемін азайту бағытында мақсатты жұмыс жүргізілуде. Мәселен, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ таяуда №5 агломашинаның қуатты электр сүзгісін қатарға қосты. Жаңа жабдықтың өнімділігі жоғары және газ тазарту тиімділігі айтарлықтай (99%). Компания кейінгі екі жылда №6 және №7 агломашинаға осындай электр сүзгісін орнатуды жоспарлап отыр. Ол бұрап бекіте салатын торап емес, күрделі құрылысы қатар жүретін кешен, сондықтан едәуір уақыт кетеді.

Таяудағы үш жылда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ табиғат қорғау шараларына 60 млрд. теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр, сондай-ақ, өндіріс үдерісін газға көшірмекші. Сонымен қатар, қаладағы қоғамдық көліктің таксопаркі мен коммуналдық автокөлікті газ отынына көшіру бағытында мақсатты жұмыс жүргізілуде. Қазірдің өзінде «Қала-Көлік» ЖШС мен «Түнқатар» жеке кәсіпкерлігіне қарасты 192 автобустың 36-ы қайта жарақтандырылды.

Қаланың 2019-2030 жылдарға арналған дендрологиялық жоспарына сәйкес 42 мың жасыл желек отырғызу қарастырылған. 2019-2020ж.ж. жергілікті бюджет есебінен 41,5 млн. теңгеге 868 ағаш пен 610 бұта отырғызылды. Биыл бұл мақсатқа 42 млн. теңге қаражат бөлінді.

ҚАЛА КӨРКІНІҢ ӨЛШЕМІ

Теміртау таза қала екенін жоғарыда айттық. Қадап айтатыны, қаланың көркіне қатысты қолға алынған кез келген шаруаның тамаша талғаммен атқарылғандығы. Қаланы абаттандыру мен көгалдандыруға былтыр жергілікті бюджеттен 1 млрд. 590 млн. теңге жұмсалды. Бұл – 2019 жылғыдан (547,5 млн. теңге) үш еседей көп. Жұмсалған қаржының оң нәтижесін қаланың қай жеріне барсаңыз да көресіз. Ал, биыл бұл мақсатқа 1 млрд. 87 млн. теңге жұмсалмақшы.

Былтыр Металлург монументі 109 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткізілді. Болат балқытушы қауым мекендейтін қала үшін мұндай еңселі ескерткіштің алатын орны қандай екендігі айтпаса да түсінікті. Ал, енді, бірегей архитектуралық бейне беру үшін 95 көпқабатты тұрғын үйдің қасбетін бір қалыпқа түсіріп жөндеу тіпті, керемет болған. Мұның сыртында 93 орындық пен қоқыс жәшігі қойылды. 11 корт жөнделді, 15 аялдама павильоны орнатылды.

Тұрғындардың демалысы үшін қолайлы орта қалыптастыру мақсатында қолданыстағы қалалық жағажайды абаттандырудың жобалық-сметалық құжаты жасалды. Биыл Абай көшесі мен Тәуелсіздік алаңы да абаттандырылады. Сондай-ақ, ит қыдыртуға арналған сегіз алаңшаның екеуін қайта құру жоспарда бар: біреуі – Теміртау және Аманкелді көшелерінің арасында, екіншісі – Ескі қаладағы Зауыт көшесінде.

2020 жылы автомобиль жолдарын жөндеуге 1,7 млрд. теңге жұмсалса, 2021 жылы 718 млн. теңге қарастырылған. Жалпы қаланың автомобиль жолдарының ұзындығы 720,02 шақырым екенін айта кеткен артық болмас. Жолдарды қанағаттанарлық жағдайға келтіру үшін 2017 жылдан бері орташа жөндеу ауқымды қарқынмен жүргізілуде: 2017-2019 жж. – 140,2, 2020 жылы – 27,4 шақырым. Осының арқасында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолының үлесі 73,2%-ға жетті. Биыл 10,62 шақырым жолды орташа жөндеу жоспарланған. 9-мөлтек ауданда жол жөндеу басталып та кетті.

P.S.

2021 жылы 785 млрд. теңгенің өнеркәсіптік өнімі шығарылады. Негізгі капиталға 91 млрд. теңге инвестиция салынады.

Былтыр коммуналдық шаруашылық саласына бюджеттен 473,8 млн. теңге (2019ж. – 240,6 млн. теңге) жұмсалды. Биыл 1 млрд. 613 млн. теңге бөлініп отыр.

Биыл жекеменшік сектордағы 1 100 үйді орталықтандырылған су жүйесіне қосу жоспарланған.

Былтыр қала көшелерін жарықтандыру жөнінде ауқымды жұмыс атқарылды. 1006 жарық бағаны орнатылды. Бұл жұмыс биыл да жалғасады: Қарағанды көшесінде 117 жарық бағаны орнатылып, Республика даңғылында шырағдандар жаңғыртылады.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ТЕМІРТАУ қаласы.