АймақБас тақырып
Майқұдықта Балаларға арналған шығармашылықты дамыту орталығы салынып жатыр
Майқұдықта Балаларға арналған шығармашылықты дамыту орталығының құрылысы жүріп жатыр. Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев нысанға барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Жоба екі блоктан тұрады. Оның бірі – түрлі үйірмелер мен шығармашылық бағыттарға арналған бөлім болса, екіншісі – спорттық жаттығулар мен көрермендер қатысатын жарыстар өткізуге бейімделген әмбебап зал.

Қазіргі таңда ғимараттың құрылысы басталып, екі блок бойынша жұмыстар қатар жүргізілуде. Нысанда 60-тан астам адам еңбек етуде.

Аймақ басшысы мұндай орталықтың бұған дейін Пришахтинск кентінде салынғанын атап өтті. Оның айтуынша, басты мақсат – балалардың шығармашылықпен және спортпен заманауи әрі жайлы жағдайда айналысуына мүмкіндік жасау.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



