Қарағандыда белгілі өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан мерейтойын атап өтті
Белгілі өлкетанушы, мәдениет майталманы, шежіреші Тұңғышбай Мұқан 80 жас мерейтойын атап өтті. Қарағандыда өткен кеште ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген абыз ақсақал құрметтелді.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей арнайы барып, мерейтой иесіне ізгі тілегін жеткізді.

– Жастайынан тағдыр тауқыметін тартқан Тұңғышбай ақсақал саналы ғұмырын туған жердің тарихын түгендеуге, Алаш мұрасын зерттеуге, ұлт руханиятын ұлықтауға арнады. Әр тасы тарихтан сыр шертетін Арқаның дархан даласын зерделеп, ел жадында көмескі тартқан талай деректі қайта тірілтті. Сондықтан болар, жұрт оны құрметпен «Дала академигі» деп атап кеткен.Сізді Алаш мұрасын ардақтап, ел жадын жаңғыртуға бойында бар қуатын арнаған ұлт руханиятының Темірқазығы деп білеміз, – деді Әлібек Үсенүлы.
Облыс әкімінің орынбасары жуырда ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Тұңғышбай Мұқанға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілгенін атап өтіп, бұл – оның ел тарихы мен руханияты жолындағы ұзақ жылғы еңбегіне берілген жоғары баға екенін атады.

Мерейтой барысында ақсақалға арнайы сый-сияпат табысталып, Алаш қайраткерлерінің ізі қалған Ақтоғайдың кең даласы бейнеленген картина тарту етілді. Арқаның абызы бұл сыйды ерекше ықыласпен қабыл алды.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



