Балқантаудың сырбазы
Биыл – еңбек ардагері, Ұлы Отан соғысына қатысқан майденгер Сайлау Камалиұлының туғанына 100 жыл толды. Кешегі Кеңес заманында ауыл еңбекшілеріне сауда қызметін көрсеткен тұтынушылар қоғамының жұмысын мінсіз ұйымдастырушылардың бірі – осы Сәкең болатын. Ол бұрынғы Егіндібұлақ аудандық тұтынушылар қоғамында табан аудармай 20 жыл бас есепші болып қызмет істеген еді. Өз ұжымында білгір басшы болып, көптің ортасында «Салиқалы Сәкең» атанған осы азаматтың өмір жолын бүгін баяндаудың реті келіп тұр. Ендеше, оқып көріңіз…

Сайлау Камалиұлы 1926 жылы қаңтар айында бұрынғы Қу ауданының алыс түпкіріндегі Мыржық ауылында дүниеге келген. Әкесі Камали ата сол 30-шы жылдары ауыл тұрғындары үшін құрылған тұтынушылар қоғамын құрушылардың бірі болып, Мыржықта сатушы болған. Әрине, колхозға жаңа бірігіп жатқан сол қиын кезде жазда арбамен, қыста шанамен қыстауда отырған ауыл адамдарына қат товарлар мен азықтүлік жеткізу міндетін Камали Бейсекейұлы шама-шарқынша атқарған екен. Бұл жерде айтпағымыз мынау еді. Тұтынушылар қоғамының ардагері Сайлау Камалиұлының әкесі де осы салада еңбек еткен, яғни, бұл әулет халыққа қызмет көрсетумен айналысқан. Аштықтан кейінгі сол бір жылдары, 1932 жылы бала Сайлау ауылдық бастауыш мектепке оқуға барып, одан кейін сол кездегі Қу ауданының орталығы Егіндібұлақ селосындағы орта мектепте оқиды. Өзінің ықтияттығы, зеректігімен жас күнінен ұстаздардың көзіне түсіп, оқуды жақсы оқиды. Ол уақыттағы мұғалімдер сонау патша заманында, Ақайдың Қасені ашқан мектептен, одан соң Қарқаралыдағы орыс-қазақ лицейін бітірген Қажыкен Смайылов тәрізді ұлағатты ұстаздар еді. Олардың білімі де, талабы да жоғары болатын. Сондықтан, ең зеректі балалар ғана кластан класқа көшетін. Оның үстіне, күнкөрісі қиын отбасылардың балалары тұрмыс тауқыметіне шыдамай, оқуын тастап, қара жұмысқа араласып кететін. Бірақ, Камали әулетінің балалары мектептен қол үзбеді. Сөйтіп, 1940 жылы жасөспірім Сайлау орта мектепті ойдағыдай бітіріп шықты. Сауатсыздық белең алып тұрған сол жылдары орта мектепті толық бітірген жастар кәдімгідей білімділер қатарында болатын. Олардың көбі өздері оқыған мектепке мұғалім болып қабылданып, кейбірі түрлі мекемелерге қызметке кіретін. Ал, есепке жүйрік Сайлау Камалиұлы Қоянды колхозына есепші болып қабылданып, 1940-1942 жылдары қатардағы есепші болып қызмет істейді. Бас бухгалтердің үйреткендерін бірден қағып алып, өзінің есеп-қисапқа қабілеті бар екенін көрсетеді. Екі жылға толар-толмас уақытта өзінің ықтияттылығы, тапсырған іске жауапкершілікпен қарауының арқасында бухгалтерия қызметін меңгеріп алады. Ол болашақта білгір есепші болатынын сол бозбала күнінде байқатады.

Сонымен, 1943 жылы қаңтар айында Сайлау аға әскер қатарына шақырылады. Мұның алдында 1942 жылы 20 желтоқсанда оның Кеңес армиясының қатарына алынуына байланысты Қоянды колхозынан жұмыстан босатылады. Сөйтіп, ол шын мәнінде 17 жасында әскерге алынып, Тамбов жаяу әскери училищесіне курсант болып қабылданады. Әрине, әскери қаруды меңгеруге қабілетті жас жігітті бірден қанды майданға аттандырмай, әскери училищеге жіберу заңдылық қой. Негізінен, жаяу әскер полктеріне офицер даярлайтын бұл Тамбов әскери училищесі ол уақытта Семей қаласына эвакуацияланған еді. Бейбіт уақытта 3 жыл оқытатын мұндай әскери оқу орындары қысқа мерзімде кіші командирлер даярлауға кіріскен еді. Солардың қатарында 6 ай зениттік қондырғысын оқыған Сайлау аға наводчик мамандығын меңгереді.
Сонымен, ефрейтор шеніндегі зенит қондырғысының наводчигі Сайлау Камалиұлы 1943 жылы шілде айында Тамбов әскери училищесін бітірген соң 13-ші жеке әуе-десант бригадасының 349-шы жеке зениттік артиллерия дивизиясына қарасты 1867-ші зениттік-артиллериялық полктің сапында қызмет еткен-ді. Ол сол 1943 жылдың қаңтар айынан 1948 жылдың ақпан айына дейін бес жыл Кеңес армиясының қатарында қызмет еткен. Бірақ, Сәкең осы жылдары майдандағы шайқастарға тікелей қатыспаған. Сол себепті, Ұлы Отан соғысының ардагері деген мәртебе алмай, соғысқа қатысушы болған. Оның жауынгерлік наградалары болмады. Олай болатыны, ол майдандағы ұрыстарға қатысқан жоқ. Тек оның омырауында 1945 жылғы «Германияны жеңгені үшін» медалі, 1965 жылғы «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 20 жылдығы» медалі және «СССР Қарулы күштерінің 50 жылдығы» медалі болған еді. Ал, Сәкең қызмет еткен зениттік-артиллериялық полк неге тікелей майданға аттанбады? Біздің пайымдауымызша, бұл зениттік бөлім көбінесе стратегиялық нысандарды, әскери заводтарды әуеден қорғаған тәрізді. Сол себепті де Сайлау Камалиұлы 1948 жылға дейін әскер қатарында болды. Ол қызмет еткен зениттік бөлім стратегиялық объектілерді күзетіп, соғыс бітсе де тағы үш жыл әскер қатарында болды. Ол заманда мемлекет мүддесіне қажет болса СССР Қорғаныс министрлігінің бұйрығымен запасқа шығармай алып қалады екен.

Осылайша Кеңес армиясы қатарында бес жыл болып, ел көріп, жер көріп, ысылып, өмірлік тәжірибе жинап, орыс тілін меңгеріп, нағыз дер шағында елге оралады. Қылшылдап тұрған жас жігіт қандай жұмыс болса да, құлшына атқаруға даяр еді. Әрі елге де осындай жастар қажет болатын. Содан 1948 жылы аудандық тұтынушылар қоғамына қойма меңгерушісі болып қабылданып, сол жылы осы мекеменің сауда және шикізат дайындау жөніндегі басқарма басшысының орынбасары қызметіне тағайындалады. 1952-1953 жылдары тұтынушылар қоғамының бас бухгалтері қызметін атқарады. Осыдан кейін Қу аудандық почта бөліміне аға бухгалтер болып ауысып, сонда бір жыл еңбек етеді. Ол уақытта кадр мәселесін аудандық партия комитеті қадағалап, оларды қажетті салаларға бағыттап отыратын еді ғой. 1956 жылы шаруашылықтардың есеп-қисабын реттеу үшін Сайлау аға Қазақстанның 30 жылдығы атындағы колхозда, одан кейін К.Маркс атындағы колхозға бас бухгалтер болып тағайындалып, 1961 жылы бұл колхоздар совхоз болып қайта құрылғанға дейін бес жылға жуық еңбек етеді. Сол жылы «Егіндібұлақ» совхозының жоспарлау бөлімінің бастығы болып 4-5 айдай қызметте болады. Осылайша ол 10 жылдан астам әртүрлі салада тәжірибе жинап, өзінің кәсіби шеберлігін, тапсырылған іске жауапкершілік пен қарым-қабілетін дәлелдейді. Совхоздар құрылып, шаруашылықтар іріленіп, тың және тыңайған жерді игеру басталып, егін шаруашылығы мықтап дами бастаған еді. Халық саны артып, аудан экономикасы қарқын алған тұста аудандық тұтынушылар қоғамының да жұмысы қанат жая бастайды. Міне, осы кооперация деп аталатын сауда саласын дамыту үшін Сайлау аға бас бухгалтер болып 1961 жылы қазан айында тағайындалады. Бұл қызметке оны аудандық партия комитеті сенім артып бағыттайды. Міне, осы уақыттан бастап табан аудармай 20 жыл бойы, яғни 1981 жылға дейін бас есепші болып табысты еңбек етті. Тұтынушылар қоғамның сан-салалы бөлімдері бар мекеме екенін осы мақаланың басында қысқаша айтқан едік. Сауда болған соң есеп-қисап, товар айналымы, ақша айналымы деген болады. Сол себепті, аудандық тұтынушылар қоғамының кеңсесінде 16 есепші болған екен. Мұның сыртында әрбір салалық бөлімдер, шикізат даярлау, автобаза, қоғамдық тамақтандыру орындарының өз есепшілері бар. Қаншама қойма меңгерушілері өз есептерін әзірлеп, бас бухгалтердің алдына келіп отырады. Міне, осылардың барлығын уақытында қабылдап, есеп алып, олардың жұмысына тиісті түзетулер жасап отыру да бас есепшінің негізгі міндетінің бірі. Әрине, ол уақыттағы аудандық тұтынушылар қоғамының сан-салалы сауда қызметін заман талабына сай ұйымдастыру үшін жаңадан дүкендер салу қажет болды. Оған тиісті қаражатты тек «Казпотребсоюз» республикадан, «Центрсоюз» одақтан, яғни Мәскеуден бөлетін және оны мақұлдату үшін жоғары билік орындарының шешімі қажет болатын. Мысалы, Егіндібұлақ селосындағы қазір әлі ғимараты тұрған «Балқантау» гастрономының алғашқы жобасында оның екінші қабаты болмаған. Кейін оның үстіңгі қабатына кооперация кеңесін орналастыру үшін рұқсат алуға Сайлау Камалиұлының ерекше үлесі болғанын айтуымыз керек.
Сәкең осылайша өз қызметін ұршықтай үйіріп, бірнеше жүз адам жұмыс істейтін аудандық кооперация мекемесін алға сүйрей жүріп, өзінің білімін көтеруді де ұмытпаған. 1963 жылы Алматы халық шаруашылығы институтына сырттай оқуға түсіп, оны 1968 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Сол жоғары оқу орнын бітірген дипломын қарап отырып, оның бухгалтерлік есеп, ревизия және бақылау тәрізді негізгі пәндерден үздік баға алғанын білдік. Мемлекеттік емтиханды және дипломдық жұмысты да бестік бағаға қорғайды. Институт басшылығы оған Алматыда қалып, оқытушы болуды ұсыныпты. Бірақ бұл уақытта Сәкеңнің ауылда бес баласы және кәрі ата-анасы бар еді. Сондықтан, Егіндібұлаққа қайтып, өзінің сүйікті қызметін жалғастырады.
Ол уақытта селолық жерде сауданы ұйымдастыратын кооперация мемлекеттен дотация алмайтын. Ауыл адамдары сол кооперацияның мүшесі болып, жылына 1-2 сом мүшелік жарна төлейді. Дүкенде сатылатын тамаққа 2 процент, өндірістік товарға 5 процент үстеме баға қойылады. Жаңағы мүшелік жарнама мен 7 проценттік үстеме баға кооперацияның өзін-өзі ақтау көзі болды. Ол үшін кадр мәселесін дұрыс жолға қойып, қоймашы, сатушы, автодүкен меңгерушілерін таңдай білу керек. Осы мәселелерді шешуде Сәкең үнемі араласып отырды. Ол кісі тек бас есепші болып, тек цифр санап қана отырмады. Сәкең басқарманың мүшесі болды, оның сөзі аса маңызды, кез келген шаруада салмағы болды. Ол кісінің пікірі әрдайым еске алынып, қабылданатын шешім, бұйрықтардың негізіне алынатын еді. Сол уақытта Егіндібұлақ аудандық тұтынушылар қоғамының төрағасы қызметінде Әскен Ахметов деген бір сабырлы, аспайтын-саспайтын азамат болды. Ақырын ғана сөйлейтін, ешкімге ақырмайтын үлкен адам еді. Сәкең мен Әскен аға бір-бірімен сыйласып, түсінісіп, сырласып, қандай да бір шешімді бірлесіп қабылдайтын-ды. Екеуі бір-біріне ұқсайтын орнықты, салмақты азаматтар қатарынан болды.
Егіндібұлақ ауданы кооперация жағынан ерекшелеу еді. Басқа аудандарда өнеркәсіп мекемелері, егін шаруашылығы басым болса, ал, бұл өңірде мал шаруашылығы көбірек дамығаны белгілі. Бұл аудан басқалармен салыстырғанда көлемі кіші, товар айналым жоспары аздау болатын. Бірақ, бұл өңірдегі кооперациядан түсетін пайда басқалардан жоғары еді. Себебі, алыс аудан болғандықтан оларға товар айналымын орындауға берілген жеңілдік, товар бағасына қосылатын үстемеде артықшылықтар бар. Товарды алыс ауданға, малшы қыстақтарына жеткізуге басқалармен салыстырғанда тасымал шығыны көп болатыны белгілі. Сондықтан, сауданы тиімді ұйымдастырып, есептейтін арнайы экономистер, төрағаның орынбасарлары, аудандық дайындау конторы бар, қоғамдық тамақтандыру, нан пісіретін наубайханасы бар болатын. Ал, совхоздардағы дүкендер аудандық тұтынушылар қоғамының меншігі емес. Олардың бәрі шаруашылықтардың меншігі және бәрі бірдей типовой емес. Совхозда екі пәтерлі үй салынса, соның бір жағын дүкенге береді. Оның ішіндегі сөрелеріне дейін сол жердің балташылары жасайды. Ол дүкен азықтүлік пе, әлде шаруашылық-тұрмыстық товарлар сататын дүкен бола ма, тіпті жаңағы қолдан жасалатын сөрелер қандай болуы керек деген мәселені шешетін, үйлестіретін сол кооперацияның төрағасы ғой. Әскен өз міндетіне сәйкес мәселені шешіп жатса, ал Сәкеңнің бір ауыз сөзін еш совхоздың директоры жерге тастамайтын. Ол уақытта дүкенге сатушы керек, совхоздың және бөлімшелердегі сауданы басқаратын адам қажет. Сол совхозға бекітілген автодүкен болуы шарт. Осындай шаруаларды шешу кезінде Сәкең бірінші орында тұратын. Себебі, сол дүкендерді ұстап тұру шығынына төлейтін кооперацияда қаржы жоқ. Оны совхоздар өздері төлейді. Ал әр шаруашылықтың жағдайы әртүрлі, біреулері озық, біреулері артта қалған, шығыны көп совхоздар болды. Сондықтан, ондағы сауданы ұйымдастыруға, яғни еңбекшілердің тұрмысына қажет қаржыны аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы шешуде Сайлау аға үнемі араласып отырды. Сол совхоздарға қажет несие алып беру үшін басшылармен сөйлесетін, олардың тілін табатын да сол баяғы Сәкең.
Міне, Сайлау Камалиұлының негізгі өмір жолы осындай. Ол 20 жыл бойы Егіндібұлақ аудандық тұтынушылар қоғамында бас бухгалтер болып, табысты еңбек етті. Тек өмірінің соңында 1981-1983 жылдары осы мекеме төрағасының кадр жөніндегі орынбасары болып қызмет істеді. Алайда, 1983 жылы кенеттен сырқаттанып, операция үстінде қайтыс болып кетті. Халқы арулап шығарып салды. Елінің алдында елеулі қызмет істеп, соңына өнегелі, салауатты ұрпақ қалдырды.
***
Ұрпақ дегеннен шығады, Сайлау ағаның жеке өмірі, отбасы, бала-шағасы туралы айтпасақ, оның өмірбаяны толық болмас еді. Жалпы, Сәкеңнің салауатты ұрпақ өсіріп, отбасында бақытты өмір сүрген азамат болғанын атап айтуымыз керек. 1948 жылы әскер қатарынан 23 жасында оралған соң бір жылдан кейін шаңырақ көтеріп, Бақыткамал деген бойжеткенмен отау тіккен болатын. Содан өмірге Минуар, Мира, Гүлнар есімді үш қыз бірінің соңынан бірі өмірге келді. Бұдан соң Камали ата әулетін жалғастырушы, шаңырақ иелері Серік пен Берік деген екі ұл туған еді. Осылайша, бес бүлдіршінді болған Сәкең әке болу бақытына ие болды. Әрі қолында жасы келген анасы бар болатын. Содан 1959 жылы өзінің үлкен отбасына арнап Егіндібұлақ селосынан көктөбелі үй салғызды. Сөйтіп, ағайын-туысты, қаладан келген сыйлы қонақтарды қабылдап, сән-салтанатпен шығарып салатын мәуелі шаңырақтың бірі болды. Өзі қандай сымбатты, талғаммен киім киген сырбаз болса, тұрмысы да сондай салтанатты еді. Тазалықты жақсы көретін, Сәкең үстіне шаң жуытпай мұнтаздай болып жүрсе, үйдің ішін, ошақ басын таза ұстауды талап ететін. Бала-шағалары да кішкентай күнінен осындай тәртіп пен тазалықты үйренді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп осындайда айтады ғой. Өкінішке қарай, Сәкеңнің бәйбішесі Бақыткамал ауыр науқастан 37 жасында өмірден өтіп кетті. Сөйтіп, жасы келген анасы мен бес бала өзіне қарап қалды. Бір жағынан жауапты қызметі бар. Баласының алды мектеп бітіріп жатса, кенжесі мектепке енді ғана барған-ды. Солайша қиналып жүргенде Құдайға қараған Жолкен деген өзінен жасырақ келіншек кездесіп, 15 жылдай отасып, бала-шағаны жеткізді.
Жоғарыда Сәкеңнің шаңырағында төлбасы болған Минаш, Мира, Гүлнар есімді үш қыздың болғанын айтқан едік. Олар да жоғары білім алып, тұрмыс құрып, ұрпақ өсірді. Өкініштісі, қазір Минаш пен Мира өмірде жоқ. Бірақ, соңында ұрпақтары қалды. Яғни, Сәкеңнің жиендері де өсіп-өніп жатыр. Ал, ұлдың үлкені Серік әке жолын қуып, көп жыл кооперация саласында еңбек етті. Ол Қарағанды кооператив институтын тәмамдап, Егіндібұлақ аудандық тұтынушылар қоғамында түрлі қызметтер атқарды. 1983 жылы әкесі қайтыс болған соң қарашаңыраққа ие болды. Содан тұтынушылар қоғамы тарқағанша қызмет істеп, 1998 жылы Қарағанды қаласына көшіп келді. Інісі Берік негізін қалаған «Сайбер» фирмасында директор болып, оншақты жыл істеді. 2009 жылы «Қазақмыс» компаниясының ішкі аудит инспекциясына аға инспектор болып орналасты. Осы қызметті 2023 жылға дейін атқарып, зейнеткерлікке шықты. Жұбайы Гаухар екеуінің шаңырағында Дархан, Дина есімді екі бала дүниеге келді. Екеуі де өмірден өз орындарын тауып, ғұмыр сүріп жатыр. Бұл күнде ұлы Дархан мен келіні Гүлмираның үйінде Даниял, Батыр есімді екі ұл өсіп жатыр. Көзі ашық, көкірегі ояу болып өскен Даниял қазір «Гидро-құрылыс» деген ірі компанияның басшысы. Болашағынан үміт күттіретін кәсіпкер. 2025 жылы 14 қарашада Камалиевтер әулеті киелі Түркістанға сапарлап, Қожа Ахмет Ясауи мен Арыстан бабтың басына зиярат етуге баруды ұйымдастыруға осы Дархан көп үлес қосқан еді. Ал, Секеңнің қызы Дина мен күйеу бала Бекзаттың шаңырағында екі жиен өсіп келеді.
Енді Сәкеңнің кенжесі Беріктің жайына тоқталсақ, оның да әке үмітін ақтаған ұл деп ауыз толтырып айтуға болады. «Әке балаға сыншы» дейді. Сәкең де сүт кенжесінен бірдеңе шығатынын сезген тәрізді, үнемі қасынан тастамай, ертіп жүріпті. Үлкендердің әңгімесін тыңдатып, бата бергізген екен. Ақсақалдардың сол батасы қабыл болып, Берік жасынан сұңғыла болып өсті. Қарағанды политехникалық институтын бітіріп, жоғары білім алды. Жасынан іскерлігімен көзге түсіп, қызмет сатысымен тез көтерілді. Соның ішінде, 2006-2009 жылдары Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары, 2011-2012 жылдары Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрі болды. Жалпы, 20 жылдай республика үкіметінің құрамында түрлі лауазымды қызмет атқарды. Беріктің Дәурен мен Диас есімді екі ұлы шетелде білім алған. Дәурен Астанада ірі компания басқарса, Диас Абу-Даби қаласында инвестициялық компанияны басқарады. Екі ұлдан туған немерелер Берік пен Зәурештің көз қуанышы болып өсіп келеді.
Қорыта айтқанда, биыл туғанына 100 жыл толып отырған Сайлау Камалиұлының өмір жолы, ұрпақтары туралы қысқаша айтпағымыз осы. Бір кездері Егіндібұлақ өңіріне еңбегі сіңген Сәкеңнің балалары мен немерелеріне ұзақ ғұмыр, бақытты өмір тілейміз.
Серік СЕКСЕНҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі
№177



