АймақБас тақырыпТеміртау

Теміртауда жылыту маусымына дайындық күшейтілді

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Теміртау қаласына жұмыс сапары барысында қаладағы жылу және коммуналдық инфрақұрылым нысандарын аралап, дайындық барысын тексерді.

Негізгі назар КарГРЭС-1 станциясындағы жөндеу жұмыстарына, жылу желілерін жаңғыртуға және сумен жабдықтау жүйесін қалпына келтіруге аударылды. Бұған дейін станция жұмысына қатысты апаттар, жабдықтардың тозуы және температуралық режимнің сақталмауы бойынша тұрғындар тарапынан көптеген сын айтылған болатын. Қазір кәсіпорында жағдайды тұрақтандыруға бағытталған ауқымды жөндеу науқаны жүріп жатыр.

КарГРЭС директоры Жандос Медеуовтің айтуынша, №9 қазандық толық жөндеуден өткен. Қазіргі уақытта №11 қазандықта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде, ал кейін №10 қазандыққа күрделі жөндеу басталады. Сонымен қатар жаз мезгілінде екі турбинаға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл шаралар алдағы жылыту маусымында станцияның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өңір басшысы барлық жөндеу жұмыстары нақты кестеге сай орындалуы тиіс екенін атап өтті. Оның сөзінше, басты міндет – КарГРЭС-ті «қызыл аймақтан» шығарып, ең жоғары жүктеме кезінде де тұрақты қуат қорын қамтамасыз ету.

Сапар барысында облыс әкімі Металлургтер даңғылындағы Абай көшесінен Республика даңғылына дейінгі жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстарының барысымен де танысты. Бұл аумақ қаладағы ең проблемалы жылу желілерінің бірі саналады.

Теміртау әкімінің орынбасары Ринат Қыдырбековтің мәліметінше, өткен жылы үшінші шағын аудан аумағындағы 1,6 шақырым жылу желісі толық ауыстырылған. Биыл тағы бір күрделі учаскеде жөндеу басталып, екінші шағын аудан бойындағы 1,6 шақырым желіні жаңарту жоспарланып отыр. Жобаны жүзеге асыру жұмыстары ұлттық бағдарлама аясында жүргізілуде.

Қалада 2026–2028 жылдарға арналған жылу желілерін жаңарту бағдарламасы да әзірленген. Үш кезеңнен тұратын жоба аясында 200 шақырымнан астам жылу желісі жаңғыртылады. Биыл шамамен 50 шақырым желіні жөндеу көзделіп отыр.

Сонымен қатар Теміртауда сумен жабдықтау жүйесін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Қарағанды — Теміртау бағытындағы негізгі су құбырының 27 шақырымдық бөлігі қайта жаңартылып жатыр. 1970-жылдардан бері пайдаланылып келе жатқан құбырдың тозуы су жоғалту мен жаз мезгіліндегі су тапшылығына себеп болған. Жобаны келесі жылы аяқтау жоспарланған.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button