Басты тақырыпҚаздауысты Қазыбек бидің туғанына - 350 жыл

Тарихта таңбаланған тұлға

    Бейсенбі күні С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, танымал өнер тарланы Кеңес ЖҰМАБЕКОВТІҢ «Қаздауысты Қазыбек би» драмасы сахналанды.

Тұрымтайдай кезінен тұқырта сөйлеп, қаршығадай кезінен қазақтың іргесін бекіту маңдайына жазылған Қазыбек би Келдібекұлы һақында қандай сөз сөйлеп, нендей іс қылсақ та артық етпейді. Күні кеше ғана Егіндібұлақтың төрінде Егемен елдің еңсесін тіктеген баба тойы облыс орталығындағы Халықаралық айтысқа ұласып, бұдан әрмен «Қазыбек би жолымен: бабаларға тағзым» Халықаралық автокеруенге жалғасқанына жұрт куә. Жыл соңына дейін дүркірей берер берекелі ісіміз енді, міне, Қарағандының қақ төріндегі қазақ театрында қанат жаюда.

«Ешкімге соқтықпай жай жатқан ел» болсақ та, Алаш қамына келгенде аттың жалы, түйенің қомында түн қатқан жұрт едік. Бір ауыз сөзбен өлтіріп, бір ауыз сөзбен тірілткен Ұлы Даланың ұландары өңгеге тоқтамаса да сөзге тоқтай білген. Есігіне құлып іліп көрмеген есіл жұрттың ерендігі де содан болар. Абақтыға адам тоғытпақ түгілі, жансауға сұраған жаудың өзіне жауыздық танытпаған бабаларымыз бар еді. Соның жарқын бейнесі – Қаздауысты Қазыбек би.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бүгінгі таңда жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Өйткені, бұл – халқымыз көптен бері күткен ірі бағдарлама еді. «Кешегісіз бүгін жоқ, бүгінсіз ертең жоқ» дейді дана халқымыз. Сондықтан, өткен тарихымызға тағзым етіп, бабаларымызға құрмет көрсетейік деген ниетпен биыл 350 жылдығы тойланып жатқан Қазыбек бидің өмір жолын сахналауды жөн көрдік. Мұндағы мақсат – жоңғармен жағаласып, орыспен араласып, туымызды құлатпай, жесір мен жетімімізді жылатпай мемлекетіміздің бүгінгі күнге жетуінің, тәу етер Тәуелсіздігіміздің маңдайымызға бұйырып, жаһан жұртшылығы алдында Қазақстанымыз қарыштап бара жатуының бір себебі осы Қазыбек бидің де еселі еңбегінің жемісі дегенді айғақтау. Ең бастысы, бұл қойылымның сахналануына ат үсті қарамай, өңірімізден тысқары жатқан облыстардан да танымал таланттар шақырылып, үлкен жұмыс жүргізілді. Үлесін қосып жүрген үркердей азаматтар тағы бар. Мәселен, Октябрь ауданы прокуратурасы «жетім көрсең жебей жүр» демекші, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне билет сатып әперіп, осынау қара шаңыраққа өздері жетелеп әкелді. Әрине, көш жүре түзеледі демей ме? Кем-кетігі болса көрермен айта жатар. Қашан да біз бұл драманы өңдеу, екшеу, түзетулер енгізу жұмысына дайынбыз. Бұйырса, 24 қыркүйекте осы қойылымды ту етіп, Павлодар қаласына аттанбақ ойдамыз. Қазыбек би тек Қарағанды облысына ғана емес, күллі қазақ жұртына ортақ тұлға ғой. Сондықтан, бұл пьеса еліміздің көптеген қалаларында сахналанады деп сенемін. Себебі, бұл – тарихи туынды. Ал, тарихтың ескірмейтінін, көмескіленбейтінін өздеріңіз де жақсы білесіздер, – деді драма авторы Кеңес Жұмабеков.

Келмеске кеткен күндерді көз алдымыз­ға келтіруге тырысқан қойылымның шығармашылық ұжымы да осал болмай шықты. Мәселен, туындыны қоюшы режисері Халықаралық Ш.Айтматов атындағы сыйлықтың иегері, халықаралық театр фестивальдерінің лауреаты – Қуандық Қасымов болса, қоюшы суретші Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Есенгелді Тұяқов.

Алағай да бұлағай заманда Алаш жұртының амандығын көксеген айтулы тұлғаның қара қылды қақ жарған әділдігі мен әудем жұртты тұқыртқан қоңтайшының мысын басқан шешендігі – осы қойылымның өзегі дерсің. Әлдене деп мақтаудан да, әлдене деп даттаудан да аулақпыз. Мұны – көзі қарақты көрерменнің еркіне бердік.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button