Сол жылдар әлі есімде…

«Су түбінде жатқан тас, жел толқытса шығады, ой түбінде жатқан сөз, шер толқытса шығады” деген екен Асанқайғы бабамыз. Сол айтқандай, қолыма қалам алып, ой тербетіп, естелік жазуыма Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше кітаптың авторы, ақмылтық журналист, белгілі ақын, публицист, ақберен аудармашы Сәбит БЕКСЕЙІТТІҢ қазасы мен бүгін туғанына 70 жыл толуы себеп болып отыр… Қара сөздің қаймағын қалқып алатын қаламгер Сәбең иткөйлекті менен төрт жыл бұрын тоздырған еді.

Екеуіміз бір білім ордасынан түлеп ұштық. Ағамызбен алғаш рет 1971 жылдың күзінде кездескенім әлі есімде. Содан бері 50 жылға тарта уақыт өтіпті… Ол кезде Сәбең Қарағанды пединститутының соңғы курсында оқитын. Мен болсам осы білім ордасының табалдырығын енді ғана аттаған «молодой» студентпін. Сол жылдары қасиетті қара шаңырақтың филология факультетінде жақсы дәстүр қалыптасыпты. Яғни, жыл сайын институтқа жаңадан қабылданған жастар мен жоғары курс студенттерінің арнайы кездесу кеші ұйымдастырылады екен. Ондағы мақсат – «сарыауыз балапан» студенттердің алдыңғы буынның ақыл-кеңесімен сусындауы, орамды ой-пікірлерімен ортақтасуы, келешекке қажетті көп нәрсені көңіліне тоқып алуы.

Тағылымы мол танымдық кеште Сәбеңді алғаш кездестірдім. «Сені өлең жазады екенсің, менің де поэзияға бет бұрған жайым бар. Ертең сабақтан соң біздің бөлмеге келші, өлеңдеріңмен танысайын» – деп қолымды қысып, сахнаға беттеді. Кеш жүргізушісі сөз кезегін Сәбит ағамызға берді.

  • Құрметті бірінші курс студенттері! Қадамдарыңыз құтты болсын! Біз де төрт жыл бұрын осындай сәтті бастан кешкенбіз. «Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өз уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау» деп Жан-Жак Руссо айтқандай, мектеп мұғалімдері сендер үшін уақытын аямады. Енді есейіп, жаңа өмірді бастадыңдар. Атақты А.Луначарский: «Нағыз педагог – бұл жас ұрпақтың бойына ғасырлар бойы жинақталған барлық асылдарды сіңіруші» деп текке айтқан жоқ. Енді нағыз білімді институттың ұстаз-ғалымдарынан аласыңдар» деді.

Алыс ауылдан келген біздер оның аузынан небір ұлы тұлғалардың ұлағатты сөздерін алғаш рет естігенде сүйсініп қалдық. Осылайша ойтамызық боларлық дерек-дәйектерімен жұрт назарын өзіне аудара білген Сәбит Бексейіт студент кезінде үздік оқыды. Оны бүгінгі курстастары – алматылық Абзал Бөкен, қарағандылық Айқын Несіпбай мен Мұхит Адамов, қызылордалық Зайра Мамырова, торғайлық Серікбай Шонқалов растайды. Оған өзіміз де куәміз.

Студент Сәбең екі тілде еркін сөйлейтін. Ол уақытта дәріс пен лекциялардың 90 пайызы орыс тілінде өтетін еді. Ең қиын пән – философияға ерекше құштар Сәбит ағамыз 1973 жылы Украинада өткен Бүкілодақтық студент-жастардың ғылыми конференциясына қатысты. Ғылым докторы, ҚарМУ-дың Құрметті профессоры Төлеуғазы Әбжановтың жетекшілгімен «Гегель философиясы және бүгінгі жастар» тақырыбында орысша баяндама жасады. Сол жолы топ жарып, Алтын медальмен марапатталды. Анау-мынау ғалымның тісі бата бермейтін пән бойынша 15 мемлекеттен келген ең үздік жастардың арасынан жеңімпаз атану – керемет жеңіс болатын! Киевтен олжалы оралған соң, ол төменгі курста оқитын бізге философиядан екі рет дәріс оқыды. «Білімді мыңды жығады» деген осы!

Иә, өмір – өзен. Уақыт өте келе, сол Сәбеңмен Қарағандыда қызмет бабымен, кейде дос-жаранның қуанышты тойларында жиі кездесіп тұрдық. Ол шабыттанған сәтінде көсіле сөйлейтін. «…Әлеке, Құлагерлер мәреге жетпейді! Жетпейді емес, жеткізбейді. Іші тар дұшпандар жолын бөгейді, не мерт етеді. Құлагер – Тағдыр. Жылқы деген жануардың ғана тағдыры емес, ол – ақын тағдыры, өнер иесінің тағдыры, тұлға тағдыры… Құлагер жазықтың өлшеміне сыймайды. Оның өлшемі – биіктік. Ол самғап бара жатып, мерт болған биігінде қалады!» – деп батыл сөйлейтін батыр еді. Батыр дегеннен шығады, ол «Сарыарқадай жер қайда, Ағыбайдай ер қайда?!» деп Кенесары хан айтқан Ақжолтай Ағыбай батырдың ұрпағы. Ол Сәбеңнің ұлы нағашысы болып келеді.

Сәбиттің «Астана уақытымен» деген тамаша өлеңі бар. Өткен жылы осы туындысын өзінің оқуында Елорда күніне орай, республикалық ұлттық телеарнаның тапсырысы бойынша «Уақыт КZ» хабарына жазып алдым. Керемет өлең! Аға буын өкілдері жақсы біледі, бұрын барлық сағат кестесі елімізде Москва, Алматы уақытымен есептелетін… Енді, міне, «Астана уақыты» дүниеге келді.

Бұл – егемендігіміздің белгісі. Бүгінгі серпіліс пен ұлттық бетбұрыс – ақын жырының өзегі. Хабардан соң телестудия іргесіндегі саябаққа барып, біраз отырдық. Сәбең қазіргі қазақ поэзиясы жайлы ой-пікірін ортаға салып, қарағандылық талантты жастардың туындыларын тілге тиек етті. Байқаймын, маңдайы жіпсіп, ентікпе сырқаты сыр бергендей. Көп кешікпей, «Ел мен Ер» деген кітабына қолтаңба қалдырып, маған ұсынды.

  • Әлеке! Тірілердің ішінде жоғалғанмын,Тіршіліктің көшін мен доғарғанмын! – деді, қоштасып жатып.
  • Қой, Сәбе! Қайдағыны айтпашы! – дедім де әңгіме ауанын басқа жаққа бұрып жібердім. Бұл менің Сәбит ағамен соңғы кездесуім болды.

Бүгін – оның туған күні, оған ыстық ықыласым мен ізгі тілегім бұйырмады. Осы сәтте есіме өзі жақсы көретін атақты Жүсіп Баласағұнның:

«Тірі өледі, жер қойнауы – жатағы, Ізі қалады, болса жақсы атағы», – деген ұлағатты сөзі оралып отыр. Иә, оның артында өшпейтін ізі қалды, ақын деген аты қалды…

Өмір – жалған екенін ұмытпайық, ағайын!

Әли ТОЙЖІГІТОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

ҚР Ақпарат саласының үздігі.

СУРЕТТЕ: қаламдастар құрметі, Аман ЖАНҒОЖИН, Сәбит БЕКСЕЙІТ, Мағауия СЕМБАЙ.