Тұлға

Шырақшы

Бұрын ұраншыл едік. Қазір кінәмшіл болып алғанбыз. Қит етсе, «жастар бұзылған» деп жастарды, «ақсақал жоқ» деп үлкендерді кінәлап шыға келеміз. Сөйтсек, біздің әкелеріміздің заманында да «жастар бұзылып», «ақсақалдар жоқ» болыпты. Әйтеуір, қашаннан бері біздің қазақ ақырзаманның белгісін жастардың мақамынан, шалдардың сақалынан танитын болып алған.

Бірақ… Жаңаарқа төңірегі біздің ауылды – Ералиев ауылын «шалдары дұрыс ауыл» деп мақтайды. Иә, біздің ауылдың ақсақалдары – абыз шетінен. Елдің бірлігіне ұйытқы болып, игілікті істердің иірімінде жүретін қадірлі қарияларымыз көп. Олар – біздің қазынамыз. Біздің ауылдың дос сүйініп, дұшпан күйінетін ымырасы мен ынтымағына жарасым берген жақсы мен жайсаң жетерлік. Жасыратыны жоқ, кейбір ауылдардан бас ұстап, бата беретін ақсақал табылмайды. Көп ауылдың халқы даладағы даналық мектебінен үдере көшіп, қаладағы баласын паналаған. Урбандалу мен құрбандалу үрдісі… Қалаға көшкен қарияда күй болатын шығар, қадір бола қоймайды-ау. Қымыз орнына сыра ұрттап, қабағы түксиген тас қаладағы тал көлеңкесінде карта ойнап жүрген қарияда қайбір қадір қала қойсын… Қуықтай үйге кеш кірсе – кемпірге, ерте кірсе – келінге жақпайтын бір пендеге айналған қаланың қарты. Ал, біздің ауылдың қариялары ауыл төрінде төрелік айтып, ескі менен жаңаның арасындағы алтын көпірдей болып көрікті көштің басында жүр.

Біздің қоғамдағы кінәмшілдік қарттарда қариялық кейіп жоқ екенін айтады. Шапанының өңірін ашып тастап, көкірек көмбесін желге тосып, сақалы мен етегі елдіктің байрағындай желбіреген бұрынғының шалдарын аңсайды жұрт. Дәл осындай шал көргіңіз келсе, біздің ауылға жүріңіз…

Ауылдағы елдің бірлігіне ұйытқы болып, тірлігіне тірек болып жүрген қадірлі ақсақалымыздың бірі – Берген қажы Қожамұратұлы. Есімін атасаң танымауы мүмкін. Ал, мына суретін көргенде, Қазақстан халқы тани кетуі мүмкін. Өйткені, дария кеуде, тау мүсін қарияның осы бір иман мен ізгілік ұялаған нұрлы бейнесі осыдан бір-бір жарым ай бұрын әлеуметтік желіні шарлап кеткен. Адамзат баласын алаңға бөктіріп, алты құрлықты үрейге шөктірген жаман індеттің аты енді атала бастаған шақта осы Берген ақсақалдың қазақ еліне бата берген бейне жазбасы әркімге «Әумин!» деп бет сипатқан еді…

Бекең әкесі Қожамұрат қария майданға аттанғанда бесігінде бұлқынған нәресте екен. Жеңіспен оралған майдангер әкенің оң тізесінде отырып, ескі әңгімеге қанығып өскендіктен болар, сөз ұстады. Өз замандастары секілді соғыс жылдарының ауыр күндерін, соғыстан кейінгі бейнетті жылдардың тауқыметін бір кісідейақ тарта жүріп, бой түзеді. Бір сөзбен айтқанда, бейнетке белуардан бата жүріп, өмірдің өзін өгіздің бас жібінен, тірліктің тезін тіркеме-тырманың жетегінен таныды. Колхоздың дала жұмыстарында жүріп, оқуды, мамандық игеруді армандайтын. Өйткені, сол кездегі колхоз басқармалары мен мамандарының ешқайсында арнайы білім жоқ еді. Жасынан зерделі Бекең әр шаруашылықты өзінің маманы басқармаса, істің алға баспайтынын бағамдайтын-ды.

Қатарластары секілді ерте есейген. Замана желі, уақыт лебі есеймеске қойды ма?! Алғашқы оқыған оқуы – шоферлық курс. Оны бітіріп келіп, ауылдағы «ГАЗ-51» көлігін тізгіндердің бірі болды. Көліктің төресі атан өгіз болып тұрғанда, «ГАЗ-51» көлігі ұшақтың өзіндей болмаса да, соған пара-пар техника еді. Ал, оның тілін меңгеріп, тізгінін игергендерді өзіңіз ойлай беріңіз… Ғарышкерден бір кем емес!

Екінші бітірген оқуы – Мичурин совхоз техникумы. Бұл оқу орнын «техник-механик» мамандығы бойынша бітіріп, туған ауылында машина-трактор ауласының меңгерушісі болып істеді. Байсалды болмыс, байыпты қалып Бекеңнің бойына әке күшімен, ана сүтімен дарыған қасиеттер еді. Шаруашылық басшыларының назарын да жас жігіттің осы қырлары аударса керек, басшылық Берген Қожамұратовтың кандидатурасын жауапты қызметтерге ұсына бастады. Әуелі совхоздың №2 «Аралтөбе» бөлімшесіне трактор бригадасының бригадирі болып барып, көп ұзамай №3 «Ақбастау» бөлімшесінің меңгерушілігіне жоғарылатылды.

Не керек, сол кездегі Целиноград ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетін сырттай бітіріп, совхозда жіліктің майлы басындай қызметтердің бәрін болмаса да, біразын атқарды. Экономист, бас бухгалтердің орынбасары, бас бухгалтердің өзі… Бірақ, қарапайым қалпынан айнымай, көпшілдігімен дараланған Бекеңді ел қызметіне қарап емес, кісілік келбетіне қарап қадір тұтты. Әлі күнге дейін дәл осындай құрмет биігінде.

Қаншама жыл шаруашылықта басшылық қызметтер атқарып, өз заманының дүлдүлі болды дегеніңізбен, біздің Бекең Тәуелсіздікпен қайта түлеген қырандай, басқа қырынан танылды. Адами болмыстың келісті келбеті осы жылдары ашылып, шығармашылық тұрғыдан да тұғырлана түсті. Әкесі Қожамұрат ақсақалдың ақындық өнерін ел біледі. Белгілі қаламгер Қалиакпар Әбілдин Қожекеңнің аузынан жазып алып, хатқа түсірген «Жетіқоңырды аңсау» атты дастанының өзі ғажап дүние еді. Тіпті, Қожамұрат ақсақалдың Абайдың «Аттың сыны» өлеңін оқып отырып: «Ойпыр-ай, мен жазамын ба деп жүрген тақырып еді, Абай жарықтық жазып тастаған екен ғой» деген қалжыңының өзі керемет емес пе?! Міне, осындай қасқадан төбел туған Берген Қожамұратұлы да елуден асып, алпысқа бет түзеген шағында ел мен жер тарихына үңіліп, Кіші жүз руларының Арқаға қоныс аудару себептеріне терең үңіле бастады. Ақыры, жазушы Рақымжан Отарбаев, ақын Қуаныш Ахметов, балалар жазушысы, шежіреші Пернебай Дүйсенбин секілді қабырғалы қаламгерлермен бірлесіп, тарихта екіұшты пікір айтылып жүрген осы мәселеге ден қойып, нәтижеге де жетті. Бірнеше зерттеу мақалалары республикалық «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», облыстық «Орталық Қазақстан» газеттерінде, «Сарыарқа», «Парасат» журналдарында жарияланды. «Туған жер – тұнған шежіре», «Қаражігіт – Қабанбай» танымдық кітаптарының авторы.

2010 жылы қажылық парызын өтеп келген. Бір жылдары ауыл имамы да болды. Ауылда мешіт үйі тарлық қылып жүрген. Бұрынғы орталық дүкен ғимаратын ауыл азаматтарының демеушілігімен сатып алып, мешіт ретінде жасақтауға да өзі мұрындық болды. Ауылдың қалталы азаматтарын қаржылай көмекке ұйымдастырып, қолынан мөр төгілген шеберлерін қол көмекке тартып, қазіргі мешітті қалыпқа келтіргенін ел ұмытпайды.

Өзі 1992 жылы шаңырағын көтерген «Қойтан» шаруа қожалығы – бүгінде ортаншы ұлы Оңласынның иелігінде. Барлық балаларының еншісін бөліп бергенімен, шаруашылықтың игілігі – ортақ қазаннан. Өзі де кейбір қытымыр шалдар секілді шаруашылыққа жағаласып, қожалықтың кіріс-шығысына шүйлігіп отырған жоқ. Тек қана балаларын елден оқшауланбауға, халықтың ортақ игілігіне қол ұшын беруге үндеп келеді. Өзі бас болып өткен жылы Қызылжар станциясының оңтүстік-батыс бетіне жерленген Қабанбай би бабасының басына өз қаражатына кесене көтеріп, айналасын абаттандырып қойды. Қабанбай – Арқа атырабына белгілі есім. Ұзақ жыл Алшын-Жағалбайлы болысын басқарған, тарихи тұлға.

Кемел кісілігімен, асқақ абыройымен, Атымтай-Жомарттығымен ел құрметіне бөленіп жүрген Берген ақсақал бүгін сексен жастың сеңгіріне көтерілді. Иә, сексен деген жасыңызды сергек қабылдаған Бекең әлі де аттан түскен жоқ. Қаламын қаңтармай, елдің арғы-бергі тарихына үңіліп, ұлт рухының шырақшысы болып отырған жайы бар. 60 жыл отасқан асыл жары Тишкен шешеміз екеуі Алланың берген ұл-қызынан өрбіген өрен-жаранның қызығынан артық байлық бар деп есептемейді.

…Сүліктей қара «Джип» көлігі ауладан қозғалды. Тізгін – Берген ағаның қолында. Гитара сүйемелдеуімен орындалып жатқан мынау әннің әсерлісін-ай! Қоңыр үн…

«Толағай – туған жерім Арқадағы,

Көрген жан көзін алмай тамсанады», – деп төгіліп тұр. Мен бірден тани кеттім – әуесқой композитор Бейбіт Қасенов. Бұл әннің сөзін Берген аға жазған. Әнін Бейбіт аға Жаңаарқа ауданының 80 жылдығына арнады деп естігенмін. Қос Бекеңнің бірлескен туындысы Толағай топырағын тебірентіп, сиқырлы сазға бөлеп тұр.

Сөз жоқ, Берген ағам – Рухтың шырақшысы!

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Back to top button