Жаңалықтар

Шебер қолдың шуағы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Бұл «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады», – деді. Президент атаған «Жұмысшы мамандықтарын» ойласақ, еңбектің ауыр-жеңілін талғамайтын құрыш білектілер еске түседі. Қарағандыдағы «Tranko Nura» кешенінің дәнекерлеушісі Берікбол Бейбітұлы – жұмыстың кез келген түрін игеріп әкетер батыл азаматтардың бірі.

Берікбол Қарағанды кәсіптік-технологиялық колледжінің «Көлік құралдарына техникалық көмек көрсету, жөндеу және де пайдалану» мамандығын бітірген.

– Колледжде дәнекерлеуші мамандығына қатысты білім алдым. Өндіріс пен кәсіптік білім беретін колледждер арасындағы байланыс нәтижесінде теория мен практиканы үйлестіре отырып, жұмысшы мамандығын жан-жақты меңгердім. Бүгінде мамандықтарына тапшылық байқалады. Менің ойымша, жұмысшы мамандар – кәсіби білім алған, өз мамандығын терең меңгеріп, дағдыланған азаматтар болуы тиіс. Колледжде арнайы кәсіптік білім алмайынша, адам дәнекерлеуші бола алмайды. Тек кәсіби білім алған, өз саласын жетік білген маманды «Жұмысшы маман» деп тану керек. Еңбек нарығын нағыз жұмысшы мамандарсыз елестету мүмкін емес, – деп бастады әңгімесін Берікбол.

Дәнекерлеуші жастың айтуынша, биыл жұмысшы мамандықтарға қоғамдық, жергілікті деңгейде қолдау көрсету сынды кешенді іс-шаралар жүйелі жүргізілуде. Құрылысшы, дәнекерлеуші, механик, электрші, жүргізушілерсіз бірде-бір сала өз жұмысын толыққанды жүргізе алмайды. Бастама қоғамдағы мамандықтар теңдігін нығайтып, жастарға еңбекқорлық пен кәсіпке адалдықты үлгі етуде. Дегенмен, кезінде көп құрметінде болып, кейін де түрлі себептермен қадірі түсіп кеткен мамандық иелерінің мәртебесін көтеретін кез жетті.

– Жүк теміржол көлігі қызметін көрсететін «Tranko Nura» ЖШС жұмыс кешенінде 2012 жылдан бастап жұмыс істеймін. Айлық табысым – 400 000 теңге. Айлығымыз уақытылы төленеді. Жыл соңында 13-ші айлық беріледі. Қыстық және жаздық киіммен қамтамасыз етеді. Жұмысымыздың денсаулыққа кері әсері болғандықтан, мейлінше зиян келмес үшін сүт өнімдерін береді. Жұмыс барысында қосалқы бөлшектермен жұмыс істеген кезде, сақтық шараларын қолдануға ерекше мән беріледі, – дейді дәнекерлеуші.

Берікбол Бейбітұлы күнделікті жұмыспен қатар «Қазақмыс» компаниясындағы «Kemel Keleshek» жастар ұйымының мүшесі. «Жас қанат» «Жайдарман» секілді қоғамдық шараларға белсенді қатысатын ол бос уақытын отбасына арнайды. Сондай-ақ, кез келген азамат атқара алуы тиіс ауыр еңбекті қажет ететін жұмыстан да қашпайтынын айтады.

– Әр азамат өз саласында адал еңбек етіп, кәсіби шеберлігін арттыруға ұмтылуы қажет. Бірақ, қазіргі уақытта жастар ауыр жұмыстан қашады. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп Абай атамыз айтқандай, еңбек ету керек. Әрине, жұмыстын оңайы жоқ. Әр адам өз арман-мақсаттарына жету үшін калаған мамандықты таңдайды. Көбісі мамандық тандаудан шатасады да, түрлі жұмысты істеуіне тура келеді. Мамандықтың адамға пайдалы, зиянды тұстары да бар. Дегенмен, дәнекерлеуші жұмысы өзіме ұнайды. Әлі де істей беруге дайынмын. Себебі, бұл жерге әбден үйреніп қалдым, – дейді Берікбол Бейбітұлы.

Сарапшылардың айтуынша, бүгінде елімізде 7 миллионға жуық адам еңбекпен қамтылған болса, соның 1,7 миллионы – жұмысшы мамандар. 2030 жылға қарай жұмысшы мамандықтардың ішінде дәнекерлеушіге сұраныс жоғары болады. Сондықтан, «Еңбек адамды қашан да бақытқа бөлейді» деген сөз бекер айтылмаса керек. Бүгінде «Tranko Nura» кешенінде Берікбол секілді бірнеше азаматтар адал еңбектің арқасында бақытын тауып отыр. Әріптестері Берікболды өз ісін сүйетін, құрметке ие еңбек адамы деп есептейді. Азаматтар, сондай-ақ, кәсіптік білім алуға ниеттенген жастардың қатары артып келе жатқанына бек қуанышты.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет автордан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button