Қарағандыда құрылыс компанияларына бақылау күшейді
Биылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Құрылыс кодексі күшіне енді. Құжат құрылыс саласындағы мемлекеттік бақылауды едәуір күшейтті. Енді мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауының (МСҚБ) инспекторлары құрылыс нысандарын барлық кезеңде сүйемелдеп, оларды пайдалануға қабылдау рәсіміне де қатыса алады.

– Енді МСҚБ инспекторлары нысандарды пайдалануға қабылдау рәсіміне қатысып қана қоймай, құрылыстың барлық кезеңінде бақылау жүргізе алады. Сондай-ақ техникалық қадағалауды жүзеге асыратын ұйымдардың жауапкершілігі күшейтілді. Олардың мамандары күн сайын құрылыс алаңында болып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын тұрақты бақылауға міндетті, – деді Қарағанды облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Айдын Смағұлов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Маңызды өзгерістердің бірі құрылыс салушылардың кепілдік міндеттемелеріне де қатысты. Енді жаңадан салынған тұрғын үйлерге берілетін ең төменгі кепілдік мерзімі бес жылды құрайды. Ал көтергіш конструкциялар, шатыр мен қасбеттерге пайдалануға берілген күннен бастап кемінде он жыл кепілдік беріледі.
Басқарма мамандары салынып жатқан тұрғын үйден пәтер сатып алуды жоспарлаған азаматтарға құрылыс салушының барлық қажетті рұқсат құжаттарының бар-жоғын алдын ала тексеруге кеңес береді. Бұл ақпаратты МСҚБ басқармасына жүгіну немесе сенім телефоны — (8-7212) 21-32-06 арқылы білуге болады.
Ведомство басшысы сондай-ақ басқарманың биылғы бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындыларын жариялады. Алты ай ішінде құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы 597 хабарлама қабылданған. Оның ішінде 331 өтініш бойынша бас тарту туралы шешім шығарылған.
Пайдалануға қабылдау актілерін салыстырып тексеруге 918 құжат келіп түскен. Соның 53 пайызы мақұлданған.
Осы кезеңде басқарма мамандары 39 тексеру жүргізіп, оның қорытындысы бойынша анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берді. Бірқатар құрылыс компанияларына қатысты шаралар қабылданып, олардың лицензияларының қолданылуы уақытша тоқтатылды немесе құрылыс қызметімен айналысу құқығынан айырылды.
МСҚБ басқармасының бақылауында әзірге екі проблемалы тұрғын үй кешені қалып отыр. Олар — Дүйсембеков көшесіндегі «Новый город – 2» тұрғын үй кешені және «Оазис» шағынауданындағы «Британский квартал» тұрғын үй кешені.
Айдын Смағұловтың айтуынша, құрылыс салушымен жұмыстарды орындау кестесі келісілген. Екі нысанның да құрылысын биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



