1. Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ: «Барыс жылы туған асау балықпын…» (ғұмырбаяндық эссе)

 

«Поэты рождаются в провинций, а умерают в Париже» (француз сөзі).  «Я – поэт. Этим и интересен»

(В.Маяковский).

«Өзге емес, өзім айтам өз жайымда»

(Қасым).

1

Барыс жылы туған асау Балықпын.

Жердің тілін,

Шөлдің мұңын шала ұқтым.

Мұң-шері мен қасіретінде жүзгенмін,

Мұхиты жоқ қазақ деген халықтың.

Судың жырын,

Шөлдің мұңын айтқан күн,

Жағалауға шығуға да шақ қалдым.

Тоқырауынмен құмға сіңіп, құрдымға,

Көк теңіздің түбін көріп қайтқанмын.

Арпалысып асау толқын жалымен,

Батысты да,

Шығысты да шалып ем.

Шарап дейтін шалқар мұхит бетінде,

Шалқасынан жатып жүзген балық ем…

Тынық Мұхитында-дағы жүзер ем,

Үнді мұхитында-дағы жүзер ем.

Барыс жылы туған балық болған соң,

Сырдың суы келген емес тізеден.

Алаш дейтін айдын көлім,

Шер – жүрек,

Желден де озып,

Серпіп сеңді, селді кеп,

Жер түбінен Саған жүзіп келемін,

Желбезегім желбіреп…

Мен 1950 жылы, 29 наурызда (төлқұжатта солай), сол кездегі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Кеңасу селолық кеңесінде дүниеге келіппін.

Бұл – Қызыларай тауының етегі. Сарыарқадағы биік тау. Арқадағы ең биік шың Ақсораң да осында. Одан заңғар шың болар деп ойламаған едім. Алғаш рет бұлтқа оранған Алатауды көргенде көз алдымның көгілдір мұнарға көміліп кеткені әлі есімде. Алатаудың етегінде ғұмыр кешсем арман болмас дегем… Қанға сіңген қасиет – мұзарт шыңдар мен биік тауларды жанымдай жақсы көремін. Ең жек көретін нәрсем – рухани ергежейлі!

Төлқұжат – пенденің жасайтын ісі, баласының нақ туған күнін төлқұжаты түгілі, әкесі де біле бермейді. Шешем: «Сен 8 наурыз – әйелдер мерекесінде туғансың»,– деп отыратын, онда оны осы күнгі жұлдызнамаға салсаң, балық болып шыға келем….

Алатауға қанша есім кеткенімен, Алматыда өмір сүруді тағдыр менің маңдайыма жазбады. Әдеби ортада бола алмағаным әрі азап, әрі ғажап болды.

Алматыны адамзаттың ару шаһары деп ойлаймын. Оған бір-ақ нәрсе жетіспей тұр. Ол – Ақындар аллеясы. Осы жерде Алаш ақындарының азалы келбеті мен асқақ бейнесін қоладан құйса, жер бауырлаған ұлттық рух басын көкке көтерер еді. Асан қайғыдан – Маралтайға дейін! Маған сол жерде Дәуітәлі Стамбековтен кейіндеу бір орын бұйыртса жетеді.

Өлеңді 13 жасымнан жазыппын. Қара тер болып, қиналып жазамын, еліктеп-солықтау кезеңінде мен де көп жүрдім. Небір ұлы ақындардың шаһқар (шедевр) дүниелеріне мен де талай көшірме жасап мәз болғам… Қазір бәрін тастап, Абайға бет түзеп келе жатқанымды ішім сезеді. Мұны Қасиетті Кітапта «Адасқан ұлдың туған ошағына қайтып оралуы» дейді.

Менің шығармашылығым хақында шар[1]шы топта алғаш рет жылы лебіз білдірген Қуан-аға (Қуандық Шаңғытбаев). 1975 жылы Керекуде өткен жас ақын-жазушылардың ай[1]мақтық кеңесінің кезі еді. Сонда кітаптарындағы суреттерін ғана танитын сөз шеберлерін көзіммен көрдім. Олжас Сүлейменовті көргенде: «Поэт красивым должен быть, как бог!» деген сөзі есіме түсті. Содан бері өзіме өзімнің көңілім толмай келеді.

Таяуда «Астана кітап көрмесі-17-де» келісті әдемі бір әйел келіп: «Мені ұмытып қалған жоқсыз ба?» – деді іш тартып, – 1974-ші жылғы Павлодардағы жас ақын-жазушылардың аймақтық кеңесі есіңізде жоқ па?».

«Бас жағы есімде, соңғы жағы бұлдыр…» дедім шынымды айтып. «Мен 25 жасыңда көргенде-ақ, көзің бұлдырап жүр едің…» деді ол бірден «сенге» көшіп, – Қуандық Шаңғытбаевтың секциясында екеуміз қатар отырған[1]быз. Онда лапылдаған жас едік-ау? – деді біраз күрсініп, – Сен онда, тіпті, ор қояндай ойнап тұр едің! Сенің кезегің он бес шақты ақыннан кейін кештеу келді. Сен Чили туралы ұзақ бір жыр оқып едің, Қуандық Шаңғытбаев: «О, мен өз ақынымды таптым!» – деп, бізді таратып жіберіп, сені қолтығына алып, жүріп кетті… Сол қолтықтаған күйі сені Қалижан Бекқожин, Олжас Сүлейменовтердің ортасына кіргізіп жіберді деп естідік? Ертеңіне поэзия кеші болды. Сен екеуміз қатар отырдық. Олжас жыр оқығанда көзіңді ашып аласың да, одан кейін қайта қалғып кетесің… Мен сені сонда неше мәрте түртіп ояттым ғой?! Әрине, есіңде жоқ! Қуан ағаң сонда: «Ақсұңқарұлын осы бір-ақ жырымен одаққа алуға болады!» – дегенде зал іші дүрілдеп кетіп еді…».

«Ол сөз есімде…» – дедім мен де өзімше мағұмұрланып. «Ол кезде сен де Айдай ару болған шығарсың?» – дедім ырза болып. Өзімше комплимент жасаған түрім-ді. «Не деп отырсың?!» – деді әйел мені жақтырмай,

«Ертістегі неткен ерке елік ең, Керекуге бір сені іздеп келіп ем…», – деген маған арнаған өлеңің де есіңде жоқ па?! Ол кезде Олжекеңнің қырықта қылшылдап тұрған кезі. Бәріміз соған ғашық боп жүргеміз! Саған қарайлау қайда?! Сырлы аяқтай, сырым кетсе де, сыным әлі кете қойған жоқ!». «Ертістегі неткен ерке елік ең, Керекуге бір сені іздеп келім ем…» дей бердім ішімнен күбірлеп, қаншама өлеңім өстіп өліп кетті екен? Қаншама жерде… Александр Блок айтпақшы, әдеби орта – «около литературная дамаларымен» әдемі екен ғой, шіркін!

«1950-ші жылдары – деп еді сол жолы Қуан аға (Қуандық Шаңғытбаев) маған, – сенің Қасым көкең осындағы екі ақынға қарап отырып айтып еді: «Мына көбелектің (алып ұшқан талантты жас ақынды айтқаны) арқасына өлең қонған… Ал, ана жапалақ (дәлдүріш) өлеңнің арқасына өзі қонайын деп жүр… Қасым ағаңды пір тұтсаң, адаспайсың ғой? Байқап жүр, бірақ!».

Түсімде жан бір суынып, бір ысып,

Қуан ағам осы неге жүр ұшып?

Һаямменен шарап ішіп Ширазда,

Шотландияда Бернспен сыра ішіп?

Жұмақ бағы.

Желқайық.

Желқайықта – үшеу, басқа ел – ғайып:

Келе жатыр, оң жағында – Әуезов,

Сол жағында – Маршак…

…Сағи Жиенбаев!

«Барға барсаң шықпай қойма шатасып,

Ақынның да күндесі көп, бақасы…» –

Деген маған Керекуде осынау –

Қазақ Лирикасының Атасы!

«Қарашы,

Бересі – көп, ақында жоқ – аласы.

Соны білсең, алдың – мұзарт, артың – гу…

Ал, ұшып кет, Ақсұңқардың баласы!..»

Түс қашады, сонсоң көзім байланып:

«Барасыңдар, ей, Көкемді қайда алып?!»

Жөней берді Һаям болып біресе ол,

Біресе – Роберт Бернске айналып;

Қасымға айналып,–

Жасынға айналып!

Басым айналып…

Мен осы жасыма жеткенше екі планетада ғұмыр кешіп келемін; біреуі – Жер-Ана деп аталатын Макро-Әлем, екіншісі – Қызыларай-Қарқаралы атты Микро-Әлем. Мен әлі күнге дейін осы екі әлемде өмір сүріп жүрмін. Мына Жарық Дүниеде кіндігім Ақжарық-Ақсораңға түсіп, қазақ боп жаралмағанда, адамзаттың керуен көшіне ілесер ме едім, ілеспес пе едім? Оны бір Құдай біледі.

Совет одағының кезінде тау елінің бір баласы кісі қолынан жазым болып, қылмыстық іс дауға айналыпты. Оны өлтірген де тау елінің тұрғыны екен. Жоғарғы сот бір тоқтамға келе алмай, істі Жоғарғы Советтің Президиумына әкеледі. Бәрі де ату жазасын ұсынады. Тек Ақын Расул Ғамзатов қана үкімге қарсы дауыс береді.

«Мұныңыз қалай?!» – дейді Президиум мүшелері аң-таң қалып, – Жендетті ақтағыңыз келіп тұр ма?!».

«Біздің авар жұртында бір дәстүр бар еді, – депті сонда Расул. – Біз дастарханынан дәм татқан үйді жамандыққа қимайтын елміз. Мен бұл жігіттің шешесінің қолынан шай ішіп едім…» Қызыларай-Ақтоғай-Қарқаралыда мен дәм татпаған үй жоқ. Дүниеге шырылдап келгеннен осы күнге дейін осы жұрттың топырағы мен ата-баба аруағы, ел-жұртымның дәмі жебеп жүр мені! Мен елден кетердегі алты жасар баласынан бастап, алпыс бел, жетпіс белес, сексеннің сеңгірінен асқан ауыл[1]дастарымның бәрі көз алдымда.

…Прозаға да поэзия деп қарадым. Адам Ата – Һауа Ана жаралғалы адам баласының болмыс-бітімінің 99 пайызы Анти-Поэзия дейтін қоғамдық құбылыстан тұрады. Бір-ақ пайызы ғана – Поэзия. Менің көзім соған жетті. Алла ғұмыр берсе, бір күні сол қара сөздерімді «Анти-Поэзия» деген атпен жарыққа шығарам. Мен оның бәрін осы құбылысқа ерегесіп жазып едім.

Өмір – менің Әлия мен Халифат, Әлиім мен Нәзира, Әлиханымдай әдемі! Өзегім өртенеді де тұрады. Сол кезде өлең жазамын. Өлең жазбайтын адамға қызыға, қызғана қараймын. Тағдырдың маңдайға жазғаны осы болса қайтем енді?

Әкем – Ақсұңқар Сүлейменов. Ол кісінің кім болғанын айтып жатпаймын. Аты айтып тұр. Мен де жапалақша күн көре алмадым. Өмір сүрдім. Қандай өмір екенін өлеңдерім айтуға тиіс. Анам – Һалифа Рамазанқызы. Түбім – қырғыз, нағашым – қожа көрінеді. Ақындық маған ана жұртымнан ауысқан болар. Арабша жазсам, Алла жарылқап, абыройым асар ма еді, кім біледі. Бірақ, мен қазақша жаздым. Бұл – ғаламдағы ең ұлы тілдердің бірі һәм бірегейі. Қазір оның қазаққа да қажеті шамалы болғанымен, күндердің күнінде ақылесі кемел адамзат қазақ тілінің ғажайыбына аң-таң қалатын болады.

Мұхтар Мағауин «Шыңғысхан» романын[1]да қырғыздың Құсшы руы туралы баяндайды. Түбіміз қырғыз көрінеді… Ата-баба шежіресінде Енесай бойынан келген қырғыз делінеді. Ал, Мұхтар Мағауин Абылай 1777 жылы Құсшы тайпасының біразын Сарыарқаға түп көтере көшіріп әкеліп, шұрайлы қоныс беріп, қазаққа қосқанын айтады (М.Мағауин «Шыңғысхан». Алматы, 2001, 335 бет): «Қазан төңкерісі қарсаңында Қарқаралыдағы сол Құсшы тайпасы бір мың шаңыраққа жеткен екен. «Ал манадан бері ұстанған жолымызбен, қазақтағы Құсшы қауымынан кімдер бар десек, ХІХ ғасырдан әйгілі Шөже ақын, сондай-ақ, қазіргі замандағы белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлы Арғын Қаракесек құрамындағы Құсшы табынан болады, ал Төлеңгіт тайпасының құрамындағы Құсшы руынан ХХ ғасырда жасаған атақты биші Шара шыққан» («Шыңғысхан», 335 бет).

Мен болсам, шыққан тегімді жасырған емен. Әлкей Марғұланның айтуына қарағанда, Қызыларайдың Ақсораңында Манастың аты су ішкен құдық бар-мыс; Қызыларай-Қарқа[1]ралы қырғыздарының шежіресі соноу Манас заманына барып тіреледі («Ежелгі жыр-аңыздар»). Оны індетіп зерттеп жатқан ешкім жоқ әлі?

Пушкиннің түбі – араб, Лермонтовтың түбі – шотландиялық екен. Бірақ, осылардың екеуі де орыс жырын орыстың өзі шығара алмаған шырқау биікке шығарып кеткен. Алашыңа бір ауыз соны лебіз айтсам деп, қолыңа қалам ұстап, ақ қағазға телмірген екенсің, мәселе сенің қайдан шыққандығыңда емес, сол топы[1]рақта жүріп, қай белге, қандай биікке шыққандығыңда. Ақынның автопортреті – шығармасы. Оның кім екендігі көзіқарақты адамға содан тасқа таңба басқандай көрініп тұрады. Жас кезде бірге өлең жазып, бірге ішіп, бірге жүрген, кейін келе не өмірде, не өлеңде жолы болмай, менімен ұстасып алған бір жазарман мені сыртымнан «ол – қырғыз ғой?!..» деп кекетіп жүретін көрінеді. Өзінше «текті, ақ нәсілді арий» боп, «ол – негр ғой…» деп мұқатқан түрі?! Содан өзі керемет ләззат алатын секілді?! Өзі, бірақ, «қазақ» боп, қазақша менің жазғанымды жаза алған жоқ. Арқадан осы күнгі әдебиетте менің буынымнан көзі тірі жүрген үшеу, әзірше… Кейін туа жатар? Мынау болса, бізге ілесе алмай, қалып қойды, оған біздің қандай кінәміз бар?!

Орыс тілінің сөздігін жасаған В.Дальдің түбі дат екен. Соны біреу тіліне тиек етсе, ол да мен құсап жатып кеп ашуланатын көрінеді! «Адамның жаны мен рухы қайда болса, шыққан тегі де – сонда!» – деген сөз осы әулие Дальдан қалған! Ол, тіпті, православие дінін өлер алдында қабыл алған. Өзін өмір бойы православпын деп ойлаған! «Ресей православиеден айырылса, ешқашан ел болмайды!» деген де осы ғұлама! Ал, Құдай-ау, мен туғаннан мұсылман емес пе ем?! Көзімді бақырайтып қойып, ұялмай-қызармай, туған елімнен қалай бөледі мені?!

«Ұлы орыс тілінің» (өзінің сөзі!) оралымдығы мен байлығына дәп осы Дальша мағұмұрланған орыс жоқ десе болады. «Екі ғасыр бойы шет жұрттан кірген шата сөздер сол бай да, ордалы орыс тілінің берекесін кетірді?!» деп, ойбайдан аттан салады ол! Ең алғашқы «Орыс тілінің түсіндірме сөздігін» жасаған осы «датчан-ды…». Біз де Даль болмасақ та, хал-қадірімізше қазақ тілінің ажарын ашуға өзімізше үлесімізді қостық. Ал, өзінше, менімен «ұстасып», көкірегіне Тәңірінің сәулесі түспеген, көзіқарақты қазақ оқи алмайтын тақылдаған тақпақ жазып жүрген «қазақ шәйірі…» не тындырды? Мені Владимир Иванович Дальдің аруағы жебеді!

Әкем Ақсұңқар (1912-1970 ж.ж.) партия[1]совет қызметкері, 1928 жылдан коммунист, әуелде – мұғалім, Қарқаралы аудандық партия комитетінің хатшысы, Ұзынбұлақ, Сталин колхоздарының бастығы, ЦК-ның парторгы қызметтерінде болған адам (1937-1959 ж.ж.). Бір атадан тоғыз туып, жалғыз қалған, біреулері репрессияға ұшырап, біреулері соғыста кеткен – хабарсыз, біреулері аштан өлген. Қайда көшсе де жетім-жесір өрен-жаранын өзімен бірге алып жүрді. 58 жасында дүниеден қайтқан. Одан қалған бес баланы 42 жасында жесір қалған шешем жалғыз өзі өсірді. Қарқаралы-Қызыларай өңірінде ерекше сыйлы болған адам еді.

Анам Һалифа Рамазан – шыққан нағашы жұртым қахында бір шымыр дүние жазсам деген ой шешем бақиға көшкен күннен бері жаныма маза бермеген. Ел ақынның қара тырнағынан бастап, тұла бойының бәрі сезім дейді. Абайда “Алланың хикметі – махаббат, ғаділет сезім” деген бір сөз бар. Өзімше мен де ақынмын деп жүргем, шешемнің қадір-қа[1]сиетін осы опасыз дүниеге тастап кеткен күні бір-ақ сездім. Орыны үңірейіп қалған соң…

Басында сол кісіге жырдан ескірмес бір ескерткіш орнатсам деп, ұлы нағашым, Алашқа Ислам дінін сіңірген Қожа Ахмет Иассауи туралы поэма жазсам деп ойлағам, жалғанның жарығына шыққан соң, өзіме де ұнамай қалды. Кейіннен жеке-жеке өлеңге айналдырып жібердім. Поэма шықпады. Ұлы Нағашының образы жасалмай қалды.

Жаратушы Жасаған Жалғыз Бір Иеге имандай сеніп, бас имеген пендеден жөнді ақын шықпайды. Гете, Пушкин, Лев Толстойлардан бастап, Абайға дейінгі ақындарға қараңыз, бәрі де дінге риясыз сенген. Содан ерекше бір күш-қуат алып, шалқар шабытқа бөленген! Жерден, пендеден келетін дүниелерден гөрі, көктен – Тәңіріден келетін хабар-ошардың құдіреті ғажап! «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп хакім Абай босқа айтпаған ғой!

«Қарқаралы басында жалғыз арша,

Хатқа жүйрік сол қалқа мұсылманша» демекші, біздің ішіміздегі исламның тереңіне жүзген ақын Светқали Нұржан (Айтман) ғой. Маңғыстаудағы үш жүз алпыс әулиенің ілімі оның тұла бойына сіңіп кеткен! Қалғанымыз Құранның бетін ашпай-ақ, Құдай туралы “өлең” жаза береміз. Көйітіп… Бізге қарағанда орыс ақындары Құдайға қараған: әріге ұзамай, бергі, бізбен заманы бір орыс шәйірлерін қыдыра шолып көріңіз: православиенің түбіне бір түсіп шықпаса, Андрей Вознесенский “Христостың соңғы жеті лебізі”, Юрий Кузнецов “Христостың жолы” атты жырларын жаза алмас еді! Біз өзіміздің Қожа Ахмет Иассауиді де оқымай-ақ, исламды жырлай береміз ғой…

1999-шы жылы қолыма Валерия Порохованың «Құран. Мағынасы мен түсінігі» атты еңбегі түсіп, сондағы он шақты аятты соның «негізінде түзілген көркем ой» деп ( «Төбемнен жауһар жауып тұр» деген кітапта тұр), шешеме оқып беріп едім, о кісінің көзі шарасынан шығып кетті: «Балам-ау, Құранды, Құдайдың сөзін аударуға болмайды ғой?!» – дегені?!

Шешеме И.Крачковский мен Г.Саблюковтың, В.Порохованың тәржіма кітаптарын көрсеттім. Кітап дегенді керемет кие деп ойлайтын шешемнің Құранды да тәржімалауға болатынына көзі әзер жетті… Сол кісі дүниеден қайтқаннан кейін маған маза бермей қойған бір жыр («Нағашы жұрт») түнде – түсімнен, күндіз – ойымнан кетпей, ой ұшына ақындық қарымым жетпей жүрген дүнием еді. Біразы қағазға түскен, іште оған да түсіп үлгермеген эскиздері бар еді. Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қожалар қақындағы «Асылзада» атты эссесіндегі қуғын-сүргіндегі нағашы жұрт, көресіні көріп, Қытай ауып, бүгінде 90-ға келген Абрар ата шерімді қозғап жіберді. Жырдың бірінші нұсқасы, екінші, үшінші нұсқасы да шикілеу түсті. Мен Мұқағали емеспін ғой? Ол бір-ақ мәрте жазып, оған қайта қарайламай, жүре береді екен. Тәңірі ондай көл-көсір қуатты маған бермеген. Түзеп, күзеп, шұқылап отыра берем – қашан кемеліне келгенше. Менікі – бейнет.

Алламен мен тек қазақша сөйлесем,

Тек қазақша ой кешем.

Ол орысша Пушкинді де түсінген,

Ол немісше Гетені де түсінген.

Мен қазақша содан медет сұраймын –

Ішімнен!

Шекспирі – бір әлем.

Киплинг те арбайды бір дуамен.

Өзі мені қазақ қылып жіберген,

Маған салса, ағылшын боп туар ем…

Ол Құранды араб тілінде түсірген,

Гете оны немісше ойлап – түсінген.

Оны мен де қазақша ойлап, түсінгем.

Мен қазақша одан медет сұраймын –

Ішімнен…

Менде де бар кіндік кескен жұртым, ел.

Елден ерек менің-дағы ұлтым өр!

Тәңірімен жат тілінде сөйлессе,

Тексіз ғой деп тыңдамауы мүмкін Ол…

 Жалғасы бар.