АймақБалқаш

Туристік инфрақұрылым игілігі

Балқаштың келбеті бүгінде жылдан-жылға жаңарып, туристік әлеуеті артып келеді. Биыл Балқашта демалушыларға арналған 59 демалыс аймағы мен 18 қонақүй қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, әуе қатынасының іске қосылуы туристер үшін жол қатынасын едәуір жеңілдетсе, қала ішіндегі жолдарды жаңғырту жұмыс­тары да қарқын алған. Мұның бәрі Балқаштың заманауи туристік орталық ретінде дамуына тың серпін береді.

Суреттер onmcdint.kz сайтынан

Жолаушыларды толғандырған негізгі мәселенің бірі – сапалы жанар-жағармай. Бұл түйткілді түбегейлі шешу мақсатында «Алматы-Екатеринбург» автожолының «Бектауата-Балқаш» учаскесінде өткізілген аукциондар қорытындысы бойынша көпфункционалды кешендер мен жанармай құю станцияларын салуға арналған алты жер телімі инвесторларға табысталды. Жыл басында «Gas Energy» жанармай құю станциясы пайдалануға берілді. Ал, бүгінде қалған учаскелерде де инвесторлар құрылыс жұмыстарын бастап, жол бойындағы сервистік инфрақұрылымды дамыту ісі қарқын ала түсті.

– Аталған аумақтың әлеуетін одан әрі арттыру мақсатында 20 гектар аумақты қамтитын егжей-тегжейлі жоба әзірленді. Жоба аясында 100-ден астам кәсіпкерлік нысанын орналастыру көзделіп отыр. Осы жер телімдерін инвесторларға ұсыну бойынша аукцион биылғы мамыр айының соңында өткізілмек, – деді Балқаш қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерслан Зияда.

Қаланың туристік әлеуетін арттырудағы негізгі басымдықтың бірі – көлік инфрақұрылымын дамыту. Осы бағытта Балқаш әуежайын реконструкциялау жобасы жүзеге асырылған. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды. Аталған жобаны іске асыруға Арнаулы мемлекеттік қордан 945 миллион теңге бөлінген.

– Жыл басында Көлік министрлігінде «Астана-Балқаш-Астана» әуе бағыты бойынша конкурс комиссиясының отырысы өтті. Конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаз ретінде «Qazaq Air» АҚ анықталды. Аталған бағыттағы біржақты билет құны – 16 мың теңге болып белгіленді. Сондай-ақ, «Алматы-Балқаш-Алматы» әуе бағыты бойынша өткізілген конкурс нәтижесінде «SCAT әуе компаниясы» АҚ жеңіп алды. Бұл бағыттағы біржақты билет бағасы да – 16 000 теңге, – деді Ерслан Қанатұлы.

Сонымен қатар, Балқаш жағалауының туристік мүмкіндігін тек жаз мезгілімен шектемей, қыс айларында да толыққанды пайдалану көзделген «Winter Balkhash» жобасы іске қосылмақ. Жоба аясында өңірде жыл бойы турист қабылдай алатын қонақүй кешендерін, шипажайларды және заманауи демалыс орындарын салу мәселесі қарастырылған.

Курорттық кенттерде қауіпсіздік шараларын күшейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, жағалау аумақтарында бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар, Торанғалық пен Шұбартүбек елдімекендерінде жедел жәрдем бекеттері тәулік бойы қызмет көрсету режиміне көшірілді. Одан бөлек, қалада екі модульдік құтқару станциясын ашу жоспарда бар.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button