Сапалы оқулық – болашақ негізі
Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» және «Таяу жылдардағы міндеттер» арқылы болашаққа қадам басудағы бірнеше сатыларды қамтитын рухани құндылықтарымызға байланысты мәселелер ретінде латын әліпбиіне көшуді, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын, «Туған жер» бағдарламасын, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын алты маңызды жоспар, мақсат, міндет түрінде ұсынғаны белгілі. Айтылған жоба, бағдарламалардың барлығы дерлік көпшілік қауымның қолдауын тауып, іске асыруға арналған іс-шаралар атқарылуда десек, соның бірі – қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы болып отыр.
Елбасы өз сөзінде: «Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз», – деп атап көрсеткеніндей, болашақ үшін, білімді жастар тәрбиелеу үшін аталған іс-шараның маңыздылығы орасан зор.
Бүгінгі таңдағы күн тәртібіндегі өзекті мәселе – «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын іске асыру үшін ғалымдардың, зерттеушілердің, аудармашылардың аянбай еңбек етуі.
Аударылуға тиісті оқулықтардың ішінде философия, психология, экономика, менеджмент, дінтану, мәдениеттану, тарих, өнер, лингвистика, әдебиеттану т.б. салаларға қатысты алдыңғы қатарлы оқу орындары бағдарламаларындағы сұранысқа ие оқулықтар бар.
Осыған орай «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыру үшін «Ұлттық аударма бюросы» құрылғандығы, арнайы сайтта аударылатын, аударылған кітаптар тізімінен бастап, осы жобаға қызығушылық танытқан адамға қажетті мәлімет бар екеніне куә болып отырмыз.
Лингвистика саласына байланысты Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» атты оқулығы мен Америка тілшілері қоғамының президенті Виктория Фромкин бастаған ғалымдар тобының «Тіл біліміне кіріспе» атты оқулығының бар екендігі аталған пәндерді оқытуда, білім саласында әлемдік бәсекеге қабілетті маман даярлауда көмегі тиері сөзсіз.
Бүгінгі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес атқарылып жатқан іс-шаралардың қай-қайсысы да қазақ жазуының болашағына, туған елге, жерге деген сүйіспеншілік, патриот ұрпақ тәрбиелеуге, ел үшін еңбек етіп жүрген танымал тұлғаларды танытуға, болашақ білімді ұрпақ тәрбиелеуге т.б. игі шараларға мұрындық болып отыр және Қазақстанның болашағы үшін әлі де жалғасын табары сөзсіз.
Мархаба ТҰРСЫНОВА,
Е.Бөкетов атындағы
Қарағанды мемлекеттік
университетінің қазақ тіл білімі кафедрасының доценті,
филология ғылымдарының кандидаты.