Сафуан неге жылады?

…Мағжан аш-арықтарға мал жинап, Көкшетауда жүргенде Қызылжарда шығатын «Мир труда» газетінің 1922 жылғы 8 тамыздағы санында губерниялық атқару комитетінің төрағасы Сабыр Шәріповтің «Қазақ болыстарындағы кеңестер сайлауы» (К выборам Советов в киргизских волостях) деген мақаласы басылды. «Рибас» деп жасырып қол қойған автор «жергілікті кеңестік билік орындарына бұрынғы алашордашылар сайланып кетпесін!» деп жар салды. Ертеңінде, 9 тамыздағы газетке «Алашордашыларға Кеңес ұйымдарында орын жоқ!» деген тақырыппен екінші мақала бастырды. Мағжан ақынның «жау» атанатыны осыдан басталған, сергелдеңнің себебі осы болатын. С.Шәріповтің мақаласын қазақшалағанымда былай болды:

«…Қазақ интеллигенциясының көсемдері, буржуйлар мен кулактардың ұлдары, жалдаптары Жұмабаев, Тілеулин, Мұқышев, Сейітовтер, Итбаев, Тұрлыбаев, Жанайдаров, Нұралин кезінде Бөкейхановтың, Байтұрсынов пен Дулатовтың батасын алып, соңынан еріп, Колчак тұсында жауапты қызметтер атқарды. Кеңес өкіметі бұл интеллигенттердің біреуін де жазалаған жоқ, оларға жауапты қызметтер берді. Бірақ, олар жұмысқа бөгет жасап қана келеді. Кеңес үкіметіне қарсы үгіт жүргізеді. Олар Петропавлда бірнеше большевикті атып өлтірді… Біз еңбекші-кедейлер атынан: алдағы кеңестер сайлауында бұрынғы алашордашыларға, әсіресе, олардың көсемдеріне бірде-бір дауыс берілмесін… Біздің жолымыз олардан бөлек. Оларға дауыс бергендер – еңбекшілердің, Кеңес үкіметінің жауы саналады, дейміз. Жетті! Олар қазір де Кеңес үкіметінің жұмысына қарсылық жасап, қастандығын қойған жоқ». Мұндай ауыр айыптаудан кейін не болатыны түсінікті еді. Осы газеттің 16 тамыздағы санында Жұмағали Тілеулиннің ақталмақ болып жазған жауабы басылды.

«Рибас» (теріс оқысаңыз Сабир-З.Т.) газеттің кейінгі сандарында Шарипов Сабир деген атын ашық жазып, «Қазақстанның шығысындағы революциялық қозғалыстар тарихынан» деген ұзақ жазбаларын бастырды. Мұнда да: «Тұрлыбаев, Итбаев, Жұмабаев, Сейітовтер, Жанайдаров, Мұқышев… Алашорда көсемдері болғаны, олардың қазан төңкерісінен бұрын-ақ «кеңес үкіметіне (?) қарсы болғаны» айтылады.

Іссапардан қайтқан Мағжан қызметіне оралмады, кеңсеге кірген жоқ. Қызылжардан кетуден басқа жол қалмаған. Оның үстіне Қызылжар қайтадан Ресейге берілмек… Сол күндері, яғни, 1922 жылғы 18 тамызда Ақмола губерниялық партия комитетінің президиумы «губерния орталығын Көкшетауға көшіру туралы» қаулы алды. Әупіріммен, «Еуропалық коммунист» жолдастардың Петропавлды Қазақтан жырып алып, Ресейге өткізбек ниеті жүзеге аспай қалды. «Көкшетау сияқты шағын қалада губерниялық мекемелерді жайғастыратын жағдай болмағандықтан». Партиялық құпия қаулы жұртқа жария болған жоқ. Қазір біз ғана ашып отырмыз.

♦ ♦ ♦

Қазақтың бостандығынан да, автономиядан да сенімі күйреген Мағжан Зылиқа екеуі Ташкенттен пана тапты. Ақынның содан кейінгі өмірі: әуелі Петроградқа Мұхтар Әуезов екеуі оқуға бірге кетпек болған талабы орындалмай, Мәскеуде табан тірегені, бір жылдың ар жақ-бер жағында онда да қуғынға ұшырауы. Одан әрі түрме. Ату жазасы. Он жыл. 1936 жылы босап, өз жерінде өгейдің күнін кешіп, қорлық көруі. 1937 жылдың соңғы күні ұсталуы, Жапонның шпионы». Үш айға жетпей мерт болды.

♦ ♦ ♦

 1957 жылы Сәкен, Ілияс, Бейімбет ақталды. Қуандық. «Үш арыс» деп өлең шығардық, әндеттік. Мағжан қайда? «Қылмысы жоқ болғандықтан, Совет заңы 1960 жылы оны да ақтады. Бірақ, «моральдық жағынан» ақталмапты. Мемлекеттің заңынан биік тұрған қандай пәрмен бар еді? Оны ешкім де білген жоқ. 1960 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының Әбділдә Тәжібаев бастаған комиссиясы «Мағжанның өлеңдері ұлтшылбуржуашыл, контрреволюцияшыл мазмұнда» деп қол қойып, шешім шығарып, Қазақстан КГБ бастығы А.Арыстанбековтің қолына тапсырды.

«Жоқ, оның ешқандай кінәсі жоқ, жапон шпионы болдым дегені де жалған». Орта Азия әскери трибуналының прокуроры Паскевич ақ қағазға қара сиямен жазып берді. Шынында солай екен, Мағжан жөніндегі істер қысқартылсын, деп Әскери Трибунал 1960 жылғы 8 шілдеде үкім шығарды.

Қазақстандық жазушы жолдастар жағы көнбейді. «Болмайды! Мағжан жау, оның өлеңдерін жарыққа шығармаймыз», деп қасарысты. Сонымен тағы 28 жыл өтті.

♦ ♦ ♦

Профессор Тұрсын Жұртбай куә болған мына жайға назар салыңыз. 1987 жылы ақпан. Олжас Сүлейменовтің кабинетіндегі бас қосу. Қазақстан КГБ бастығы С.Әбдірахманов бастаған жеті полковник. Жазушылар күңкілдейді. Генерал: «Мағжанның шығармаларын жариялауға біз емес, рұқсат бермеген Сіздер! Одақтың сол кездегі екінші хатшысы… қарсы болып, Мағжанды ешқашан ақтауға болмайды, деп қол қойған» деп әлгі қорытындыны оқып бергенде, Сафуан Шәймерденов марқұм: «Не дейді? Әкем-ау, ол да солай ма еді деп жылап жіберді…

 

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.