Жаңалықтар

Сағыныш

Білсек те өмір зулап өтетінін,

Ұмыттық сағыныштың жететінін.

Қыран аға, мәңгі ұзап, еске салдың,

Адамдардың бақиға кететінін.

Жақсылыққа құмар боп тегіңізден,

Мақтанушы едіңіз жеріңізбен.

Гитараңыз әніне басқан кезде,

Арылушы едіңіз шеріңізден.

Болмысыңыз қазақтай қарапайым,

Мақтан қып қызылтаулық бар ағайын.

Мінезіңіз жібектей жұмсақ еді,

Періште мүсін аңғал баладайын.

Жарты-ақ ғасыр маңдайға жазғаны ма,

Зулап өтті көктем мен жаз да мына?

Өн бойыңыз ән-рухқа айналды да,

Мәңгіліктің аттанды әз бағына.

Адамдығың қалды аға мұра болып,

Адалдығың қалды аға мұра болып.

Кішіпейіл болмысың еске түссе,

Көмейіме келеді жыр ағылып.

Бір былғанбай өттіңіз арамыздан,

Аппақ арың бойынан бал ағызған.

Гитараңыз шырқардай «Жас қаламды»,

Тарта келіп тамырын сан аңыздан.

Дауысыңыз келгенде құлағыма,

Қаламымнан жөнелер сыр ағыла.

АҒАТАЙЫМ, сазымен сағыныштың,

«Таң самалы» апарсын жұмағыңа.

Естеліктер жанымды жұбатады,

Суретіңіз жүректі жылатады.

«Қоштасуды» шырқаған бейнеңізден,

Сағыныштың саздары бүр атады.

Жеңіл болып, сұрақ пен сынағыңыз,

Жарық болсын пейіште шырағыңыз!

Қош, жан ағам, асыл жар, алтын адам –

Жұмақ болсын мәңгілік тұрағыңыз!

Сайран МҰҚАЙ,

бауыры

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button