ТұлғаШет

Риясыз қызмет

    Биыл Қарағанды облысының архивіне – 80 жыл толып отыр. Мұрағат қорында сақталған құнды жәдігерлерді ойлы оқырманға ұсынуды жөн көрдік. Адамзат тарихындағы аса күрделі ХХ ғасырдың бірінші жартысында халқымыздың бастан кешкен қиыншылықтары – ұрпақты өмірге ерте араластырып, ерте есейткені белгілі. Сол ұрпақтың бірегейі – Ұлы Отан соғысының ардагері, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері және Қазақ КСР баспа үздігі, республикамыздың үздік журналисі, аты Қазақ КСР Алтын кітабына енген, Қарағанды қаласының және Шет ауданының құрметті азаматы – Мәлік ИМАШЕВ.

Ол Шығыс Қазақстан облысының Қатон-Қарағай ауданында дүниеге келген. Анасы 12 құрсақ көтерген екен, оған дейін үшеуі бір-екі жастарында шетінеген. Үйдің ең үлкені болып, Мәлік аға саналған. Анасының сүйіктісі, өзінен кейін бауырлары дүниеге келген кезде, жерге ештеңе табылмағанда бала Мәлік жалғыз жұмыртқаны әкеліп, оны анасы үшке бөліп, талғажау еткен кездері болған. Тағы бірде, ештеңе табылмағанда анасына таудан теріп, бір құшақ гүл сыйлаған кездерін өз қолымен жазып қалдырған. Он жасынан колхозда күнде 14-15 сағаттық жұмыс, жер жырту, егін жинау, қысы-жазы қиында, ауыр жұмыстар істеген. Отбасында тірі қалған бесеу екен. Осылай Мәлік ағаның балалық шағы аумалы-төкпелі қиын заманда, ауыр жағдайда өткен. Әскер қатарына 17 жасында шақырылған. 19 жасында Ұлы Отан соғысы басталады. Мәлік аға алғашқылардың бірі болып, Алматыда авиация қатарына алынып, соғысқа аттанған. Алғаш теория жүзінде самолетпен таныстықтың өзі күніне 16-17 сағатты алған, таңғы төртте тұрып, таңғы ас 5.00 сағатта, одан аэродромға жету бес-алты шақырымдағы, сосын түскі астан кейін оқыту, тағысын тағы түнге дейін дайындық жүрген. 1942 жылдың қазанында үздік бітірген бірінші топты соғысқа аттандырған. Мәлік аға Мәскеу түбіндегі 1-ші аралас әуе әскеріне түседі. Әйгілі У-2 самолетымен Гжатск түбінде, Вязьма және Ржев аудандарында жау теміржол (составтарын) тіркестерін, танктер шоғырын және әскер бөлімдерінің штабтарын әуеден талқандаған. Түнде екі-үш рет ұшуға тура келген. Мәлік аға аралас әуе полкында 172-ші құрамда 1943 жылға дейін соғысқан. Полк қайта жасақталып, 432-ші эскадрильяға, 50-ші армия қатарына түседі. 1944 жылы ол агитсамолетте ұшқан. Мұндай ұшақтар Батыс майданында тек екеу ғана болыпты. Олардың қызметі – неміс солдаттарын ыдырату. Мәскеуден Вильгельм Пик редакциясымен шыққан «Жаңа Германия» – «Чойес дойчланд» газетінің №1 санын Мәлік аға мен Паша Волков самолетпен таратады. Көп немістер осы газетті оқып, өз еріктерімен берілген. Соғыс аяғында Шығыс Пруссияның үстінде, Пилау , Фишхаузен, Грац порттарын талқандаған. Кенигсбергті алу кезінде қала аумағындағы опорлы форттарды бомбылаған. Мәлік Имашұлы соғыс жылдары әр түрлі ұшақпен ұрыс алаңына төрт жүзден аса мәрте сапар жасаған. Ұшқыш болып Украина, Беларуссия және Германияны жаудан азат етуге қатысқан. Сөйтіп, соғысты 1945 жылы Кенигсбергте аяқтайды.

Мәлік ағаны одан кейін 76-шы гвардиялық штурмдық авиациялық полкке жібереді. Онда көп тұрақтамай, апатқа ұшыраған кездегі алған омыртқа жарақатының асқынуына байланысты 1947 жылы елге қайтады.

1951 жылы Алматыдағы жоғары партия мектебін бітіргеннен кейінгі кейіпкерімнің өмірі Қарағандымен байланысады. Қарағанды қалалық компартиясында дәріскер, одан кейін үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындалған. Абыроймен атқарған облыстық, аудандық өзге қызметтерін айтпағанда, партиялық комитеттің бюро мүшелігіне қабылданған. Он бес жылдан аса облыстық партия ұйымдарының Ревизия комиссиясының төрағасы болған. Партия Мәлік Имашұлын қайда жіберсе де, барлық жұмысты өте абыроймен атқарған. Барлық басшылық қызметтерде өзін жоғарғы деңгейлі, білімді, іскер және турашыл азамат ретінде көрсеткен.

Мысалы, 1987 жылы Г.Колбин ауыл шаруашылық министрі Е.Гукасова және Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Давлетова үшеуі Қарағандыға келген екен. Мақсаты – елді тамақпен қамту жөнінде қордаланып қалған мәселелерді шешу және көмек көрсету. Олар Қарағандыға дейін Қостанай, Көкшетау және Целиноград облыстарында болыпты. Колбин сөз барысында Жамбыл және Шымкент облыстары қошақандарды 45 килограмнан тапсыратынын, ал Қарағандыда 38 килограмнан өткізілетінін айта келіп, осы облыстың етпен қамтамасыз ету мәселесі дұрыс жолға қойылмағанын жеткізеді. Тіпті, облыс тұрғындарына тиісіп, «иждивенцы» деп атаған екен. Осы кезде Ревизия комиссияның төрағасы ретінде қатысқан Мәлік Имашұлы, ол кісінің климаттық жағдайды ескермей тұрғандығын бетіне басып, дәлел келтіріп, егер шындығында көмектесуге келген болса, біздегі жиналып қалған жоспардан артық екі миллион тоннадан асатын көмір мен 250 мың тонна металды кеңес басшыларының өткізуге рұқсат беруін сұраған. Ешкімнің көмегінсіз Қарағанды бүкіл Қазақстанды және Одақты көмірмен, металмен қамтамасыз ететінін айтып салған. Әрине, осы сөздері үшін өкінгені де бар. Дегенмен, обкомның екінші хатшысы А.Ибжанов облыстың атынан Мәлік Имашұлына Алғыс жариялаған екен.

Мәлік Имашұлы – оннан аса аудандық, қалалық және облыстық халық Кеңесінің, Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Екі рет Казсовпрофтың және кәсіподақтың Бүкілодақтық Орталық кеңесінің мүшесі болып сайланған.

Бүкілодақтық кеңеске екі рет қабылданған. Африка және дамушы мемлекет ретінде Азияның Оңтүстік-Шығысына біліп-тану, мамандану үшін жіберілген. Тіпті, Кеңес үкіметінің кәсіподақ делегаттарына басшылық етіп, Африканың Алжир, Мали, Гана, Либерия, Берег Слоновой Кости, Конго-Браззавиль, Заир, Гвинея елдеріне де аяқ басқан.

Кейін, 20 жыл «Полиграфия» атты өндіріс орталығанда басшы болған кездері ағаш емес, сабаннан қағаз өндіретін зауыт салу жөнінде Қытайға барып, көріп-біліп, мұндай зауытқа кеткен шығынның екі-үш жылда өзін-өзі ақтайтынын, отандық өндіріс болатынын айтып, табанды тер төккен. Бұл жөнінде бір аста «Енді сөзді біздің ақсақалымыз, құрметті демалыстағы Мәлік Имашұлына береміз», дегенде, Нұрсұлтан Назарбаетың өзі жүргізушіні тоқтатып, «Қандай құрметті демалысты айтып отырсың? Менің білетінім, Мәлік Имашұлы Қарағанды облысында ең ірі және алғыр кәсіпкер, қайтақұрушы», деген екен. Тіпті, Қарағандыда Жеңіс саябағы салына бастағанда әр ай сайын өзінің зейнетақысының жартысын беріп отырған. Ол соғыстың бүкіл шындығын, ажалдың қасыңда жүретінін, қаншама миллиондаған сарбаздың жер жастанғанын өз көзімен көрген Мәлік аға, солардың есімі ел есінде қалуына бірден-бір ат салысқан азамат.

Біздің облыстық мұрағатта 2014 жылы Мәлік Имашұлының жеке қоры қабылданып, құжаттары сақталуда. Болашақ ұрпақ Мәлік Имашұлының еліне риясыз қызмет етуінен, адамгершілік, патриоттық, шыншыл, іскер қасиеттерінен үлгі алса дейміз.

Ардақ ӘБДЕШОВА,

Қарағанды облыстық

архивінің қызметкері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button