Қоршаған орта
Ноқай
Жары мен баласы автоапатқа түскен бір аяулы азаматтың дастарханында отырмыз. Қызметі дардай бір тілші:
– Қатын өлді – қамшының сабы сынды! Саған үйлену керек енді? – деп қалды. Жас жігіттің көзі бадырайып кетті… Біз де ыңғайсызданып қалдық – өзіміз осы сөзді мына топастың аузына салдырғандай?! «Бас екеу болмай, мал төртеу болмас» – десе жетер еді ғой? Сөздің дәмін сезбейтін ноқай өстіп ұятқа қалдырды.
Сол қазір қазақ әдебиетіне жөн-жоба көрсетіп жүр…
Сәбиттің өзін-өзі әшкерелеуі
«…Әуезов жолдастың Шәкәрім бандит боп өлгеннен кейін де оған мейірімді көзбен қарауы, ең жеңіл тілмен айтқанда ұят… Осындай жолда өлген адамды да 1951 жылға дейін Әуезов жолдастың, оны қуаттап, Жиреншин мен Мұхамедханов жолдастың дәріптеуіне қайран қалдым…» (Сәбит Мұқанов, ФБ)
Алла мен ақын
Ақын болсам дейтін адам ең әуелі Пушкиннің «Ақын мен тобыр» деген жырын жатқа оқу керек. Поэзия – Құдаймен сөйлесу! Дантенің «Тәңірінің тәлкегі» – жұмыр басты пенде мен Алланың арасындағы диалог. Тобырға Дәлдүріш қандай керек болса, Халық та Ақынға сондай зәру! Дәлдүріш Тәңірімен сөйлесе алмайды. Пендемен сөйлеседі… Пенденің тілін тауып, пендені Тәңірге теңеп, марапаттайды, өзінің хайуандығына, өзі мәз болып, өзге хайуанды соған тәнті етеді…
Олжас, ел не десе о десін, біздің заманымыздың ұлы ақыны: «Поэт красивым должен быть как Бог, Кто видел Бога? Тот, кто видел Пушкина!» деген! Мұқағали Пушкиннің Мәскеудегі ескерткішіне қарап тұрып: «Ақынның ақындығы атақта емес, Ақынның ақындығы – арда ғана!» дейді!
Алтын айдарлы ұлдар-ай!
Екінші дүниежүзілік қырғын тәмамдалар тұста Сталин Черчилль мен Рузвельтке неміс интеллигенциясының беткеұстарының бәрін қырып тастауды ұсынған.
– Неге?! – деді Уинстон Черчилль зәресі ұшып.
– Немістер сонда елу жыл бойы бас көтере алмайтын болады!
Ұлтты тұқыртып, оның түбіне жетудің бірден-бір жолы – сол елдің зиялыларының көзін жою екен! Қазақ ол өткелектен де өтті. Отыз жетінің репрессиясында қазақ халқының жақсысы мен жайсаңы қырылып қалды!
Қайран, алтын айдарлы ұлдар-ай!
Ел боламыз десек, қазақтың алтын айдарлы ұлдарын төбемізге көтеруіміз керек!
Сталин мен Грузин ақындары
Сталин де өлең жазған. Отызыншы жылдары грузиннің бір топ әдебиетшілері Сталинге:
– Біз сіздің өлеңдеріңізді өзімізге үлгі ғып алғанбыз, – дегенде, Сталиннің не айтқанын білесіз бе?
– Онда грузин поэзиясының күні батқан екен! – депті.
Құдайдың құлы
– Имам! – депті мүриттерінің бірі Шәмілге. – Осы біз не үшін соғысып жүрміз?!
– Пенденің емес – Құдайдың құлы болу үшін! – депті Имам.
…Біздің қазақ 300 жылдай пенденің құлы болды. Сұмдық қой – бұл!
Ұлттық журналистиканың уытты өкілі
Қазақ жырының түбін қазсаң, екі мың жылдыққа сапар шегіп кетесің. Ол осы дүниедей кәрі һәм осы дүниедей өндір жас қалпында тұр. Қазақ журналистикасы – қазақ көсемсөзінің қолына қамшы ұстап, атқа мінгеніне аз ғана уақыт, санаулы жылдар өтті. XIX ғасырдың аяғында туып, XX ғасырдың басында қалыптаса бастаған ұлттық сыншыл ойымыздың ескі парақтарын ақтарар болсақ, қолға сарғая бастаған «Дала уәлаяты», «Қазақ» газеттері мен «Айқап» журналдарының тігінділері ілігеді. Бір аяғы көрде, бір аяғы жерде қалың ұйқы құшағында жатқан сайын Сахараға «Оян, қазақ!» деп айқай салған Алаш арыстары – Ахмет Байтұрсын, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Жақып Ақпайлардан бастау алатын ұлттық журналистикамыз кейіннен Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Қадыр Тайшықовтармен қайта түрленіп, бертінде Баубек Бұлқышев, Камал Смайыл, Шерхан Мұртаза, Нұрмахан Оразбек, Сейдахмет Бердіқұл, Марат Қабанбай, соныға бет алып, сонарға із салып еді. Сол ұлттық журналистикамыздың асау толқынының жуан ортасында тұрған талантты да, қанатты бір өкілі – Жұматай Сабыржанұлы.
Бізде «балағында биті бар», қолына қалам ұстаған қазақ баласының көпшілігі ҚазГУ-дің журналистика факультетіне түсіп, қара танып алады да, өз мамандығын өзі місе тұтпай, ақын болып, айды аспанға шығаруға, жазушы болып, жаһанға жар салуға құмар-ақ. Мұның бәрі біздің ұлт болып, ұйи алмай жатқанымыздың бір белгісі сықылды. Нанбасаңыз, тұрмыс-салты бізден гөрі жөн-түзу, ой-өрісі бізден гөрі озықтау Батысқа қараңыз. Бұл елдерде ұлттық журналистика – мемлекеттік көсем ой – «төртінші билік» сапында тұр. Тәңірімен тайталасамын деп, жұмақтан қуылған Адам ата-Хауа ана үмбетіне бір тамшы дәнді жерден ар-ұятымен теріп жеп, көргенді ел, көшпелі мемлекет болу үшін не керектігін көктен түскен төрт кітаптан кейін көзге шұқып көрсететін әр елдің өз көсемойы – көсегесін көгертер журналистикасы болуы керек-ті.
Жұматай Сабыржанұлы журналистиканың өзгеше бітім-болмысын өзге әріптестерінен гөрі ертерек аңғарған екен. «Басын ашып алатын бір жай, мен сатирик емеспін», – дейді ол. – Осылай деп талай айттым жігіттерге. «Скромничать» етіп отыр деп жүре тыңдайды. Бір қызығы … «сонда кімсің?» деп ешқайсысы сұрамайды. Сонсоң өзіме-өзім сұрақ қойып, жауап беруге тура келеді. Мен – шамасы жеткенше ширатып жазуды жаны сүйетін, өмір құбылыстарына сын көзбен қарауға дағдыланған, мінезді… жорналеспін». Осыдан артық та, кем де баға бойыма жұқпас, сірә. Қазір берілгенмен, кейін алынып тасталады…»
Әдемі сөз! Мұны ол әдебиетті менсінбей, көсемсөздің беделін көтеру үшін айтып отырғаным жоқ. Бұл – өзіміздің Асан қайғы, Абайдан бастап, өзгенің Гомер, Шекспир, Гете, Пушкиндерін құрандай құмартып оқып, құдайдай пір тұтқан ауыздан ғана шығатын лебіз!
Аудандық газеттен бастап, астаналық басылымдарға дейін қалам сілтеген Жұматай Сабыржанұлы бүкіл ғұмырын баспасөзге бере салған қаламгер десе болады. Көргені көп, көңілге түйгені де соған жетеқабыл. Есіл-дерті елдің қамы. Қай туындысын оқысаң да, Алаш үшін шырылдап, Адам үшін аттан салатын, «намыстан өлген кісінің немересі» алдыңнан шығады. Тілі – удай. Қазақты бодан қылған тоталитарлық қоғам, «басында ми жоқ, өзінде ой жоқ, күлкішіл кердең надан», «көп айтса – болды, жұрт айтса көнді, әдеті жаман адамның» (Абай) оны әбден ашындырған. Күйдірген. Өртеген… Тілінің ащы, мінезінің құйын болатыны содан.
«Өкпелесең, өзің біл» – бүгінгі қазақ қоғамының болмыс тіршілігінің шынайы көрінісі. «Жаманға айтсаң біледі, қамшымен тартсаң тіледі» деген аталы сөз! Ел болып, бесігімізді түзейміз десек, бізге ұяла білу керек, қызара білу керек. Ең әуелі сол елге үлгі көрсетіп, ақыл айтатын қаламгер қауым өзінің бүгінгі «ит мініп, ирек қамшылаған» тірлігінен ұялғаны жөн болады. Жұматай Сабыржанұлының бұл кітабын университет-академиялардың журналистика факультетінде оқулық ретінде оқыту керек! Қазір қазақ баспасөзінде кеудесі аяққаптай болып, ұлтының сөзін жер асты қылып, өзінің пенделік пиғылын қоғамдық пікірге тықпалайтын, қарны жер сызған «қаламгерлер» қаптап барады. Жазған-сызғандарының сырты – «ұлттық», іші – пендеуи, елді ірітіп, жерді шулатып жүреді.
Батыс елдерінде біз сықылды қолдан журналист дайындау үрдісі деген жоқ.Кім, мейлі ол экономист, мейлі философ, театр сыншысы ма, жоқ, әлде мәдениеттанушы ма, кім болса, ол болсын, ортаға салар ордалы ойы, аталы сөзі болса, сол кісі журналист болып, төртінші билікті қолға алуға хақылы. Бізде, әзірше, мұндай тірлік жоқ, һәм оның таяу аралықта бола қалар қарасы да көрінбейді. Сондықтан, ең құрығанда, тәуелсіздікке тәу еткен тұста бұрынғы қалыптасқан қасаң қағидаларды белден басып, қазақ баспасөзінде соны белеске шығып келе жатқан Жұматай Сабыржанұлының қалам сілтесіне қарап, ойланғанымыз ләзім. Сонда «сірескен социалистік стиль, ормандай орысша оралым, тоң танымға толы қобыраған қоға газеттерден» (214-бет) құтылып, қолына төртінші билікті ұстаған баспасөзбен үзеңгі қағысуға болады.
Журналистика – ұлттың ой-сөз шебері, ол бесіктің ою-өрнегінен бастап, бейіттің күмбезіне дейін көз салуға тиіс. Ұлттың көсемсөзі ұлттың уызын қанып ішіп, әлемдік руханияттың қазанында қайнап шықса, тобыр – Халыққа айналып, Тұлға босағада отырмай, төрге шығады. Жұматай Сабыржанұлы Пушкиннің поэзиясы мен Толстойдың романдары Ресейді қандай биікке көтеріп шықса, Белинский мен Герценнің сыншыл ойы да сол елді соған жетеқабыл шыңға алып шыққанын сұңғылалықпен сезінген-ді.
Жұматай!
Бұл дүние жалған екен,
Абылай, Абайдан да қалған екен.
Үзілген Алашымның алтын жібін,
Қазақтың қай баласы жалғар екен?!
Жүрегі құсалы құс – мен де көктің,
Жүз рет жерге құлап, жөнге кеппін.
Ахмет, Міржақыптың соңындағы
Соңғы бір тұяғы едің –
Сен де кеттің.
Құл туса –
Жүреді де болғандай боп,
Ұл туса –
Туады ылғи сор маңдай боп.
Алаш деп Торғайдан кеп Астанаға,
Шырылдап сен де кеттің торғайдай
боп!
Алашқа Алла өзі ырымдаған,
Бозторғай көгім де – алаң, қырым
да – алаң.
Артыңда Алаш пенен Торғай қалды,
Бозторғай қалды, сонсоң,
шырылдаған.
Алашың – Алтын Орда – үйің еді,
Дүрлігіп тұр несіне дүйім елі?
Дүниеге жылап келіп, бозторғайым,
Мысқылдап кеттің сол бір дүниені.
Алашың ғұмыр кешкен азаппенен,
Аллаға бармас енді мазақпенен,
Сен кеттің, сенің күлкің қалды, бірақ,
Оспанхан дейтін ұлы қазақпенен…
Зор мен қор
Ұлты зор тұтқан тұлғалардың соңына өзін қор тұтқан мүсәпірлер түседі…
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ