Облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, профессор, «Ғасыр адамы» Темірғали КӨКЕТАЙТЕГІ: «Ақселеу – менің рухани ұстазым»

     Абыз даланың қобыз кеуделі перзенті Ақселеу   СЕЙДІМБЕКТІҢ туғанына – 75 жыл. Ұлы Даланың тарихын тәптіштеп, салт-дәстүрі мен шерлі шежіресін тасқа таңбалауда тарпаңдық танытқан тарлан тұлғаның тағдыры уақыттан озды. Мәңгілікке сапарлады. Алаш жұртының кірпігіне мұң іліп, жүрегіне шер ұялатқан Ақселеу қазасына да 8 жыл толыпты. «Атқан оқтай, шапқан аттай» жүйткіген қайран уақыт! Ақаң тұлғасы бізден алыстаған сайын,  биіктеп барады. Сарыарқасы сағынып, селеулі даланың ұлы перзентіне деген махаббатына селкеу түскен жоқ.

    Сонда да, аңызды ақиқатқа айналдырған, ұлтын шексіз сүйген ұлы тұлғаның тағылымды тағдыры естелікке айналғаны ауыр екен… Ақаңның тағдыры мен азаматтық болмысы жайлы рухани досы Темірғали КӨКЕТАЙТЕГІ шерткен сырда батпандай мұң бар. Сартап сағыныш бар. Орындыққа жайғасып жатып: «Ақселеудің құлпытасындағы сөзді білесің ғой. «Көктегі күнге, жердегі елге мейірім қанбады» деген. Бұл – Ақселеудің өз сөзі. Өзінің тағдырына берген анықтамасы. Шынымен де, Ақселеудің мейірі қанбады» деді Темағам. Жүрегім шым ете қалды…

    Сұхбатымыз осылайша мұңды басталды. Көп нәрсе айтылды, талай сыр айтылмай қалды. Дегенмен, ұлылықтың өзі азап пен ғажаптан тұратынын аңғартқан әсерлі әңгімені Сіздермен бөліскенді жөн көрдік.

– Темірғали аға, әлгіндегі сөзіңізден ой түйсек,тарихи  тұлға да – тағдырға тәуелді сияқты. Мүмкін, керісінше шығар… Мысалы, Ақселеу ағаның тағдыры?

– Жоқ, тұлға – тағдырға тәуелді. Жердің үстін билеген патша да, талай тағдырды найзасының ұшына ілген батыр да, азуын айға білеген ақын да өз тағдырын қолдан жасай алмаған. Ақселеу марқұм да солай өтті. Әйтпесе, ол «Көктегі күнге, жердегі елге мейірім қанбады» деп айтпас еді. Егер, ол өз тағдырына ықпал ете алса, күнге де, елге де мейірі қанғанша өмір сүрер еді… Иә, пенде атаулының барлығы өз тағдырына тәуелді бола жүріп, түптің-түбінде өз пешенесі жайлы ой түйіп, анықтама айтуы мүмкін. Ақселеудің де осы сөзінде өзінің тұтас ғұмыры тұр. Өкініші басым тағдырын тұспалдап айтты. Тұспалдап емес-ау, турасын айтты. Ғажап түйін! Бұл – немересін алдына алып «Осы жаманның азамат болғанын көрсем, арманым жоқ» дейтін пенде-қариялардың арманынан да биік тұрған өкініш. Өйткені, мұндай сөз өрелі тұлғаның дуалы аузынан ғана шығады.

Осы тұрғыдан алғанда, Ақселеу – нағыз әулие, нағыз ұлы тұлға. Солай бұла тұра, өз тағдырына тәуелді болды.

– Сонда Ақселеу ағаны тағдыры ауыр тұлғалардың қатарына қосамыз ба?

– Иә. Ақселеу марқұмды тағдыры балалық шағында да маңдайынан сипамаған екен. Мен досымның балалық шағы туралы, сол кезеңдегі ауыр тағдыры жайлы кейін естідім. Тауқыметті тартып баққан. Алайда, ол бұл жалғаннан көшкенше өз тағдыры үшін емес, ұлтының тағдыры үшін азап  шегіп өтті. Өзінің тағдыры мен тұрмысына еш алаңдаған жоқ. Ол ұлтын сүйді. Қазақ үшін қазанда қайнауға дайын болды.

Қазір біз жаһандану деп жар салып, өркениет деп өрекпіп жүрміз. Сол жаһандану мен өркениет бізді қалай қабылдайды? Оның мәнісіне мән беріп жатқан жан жоқ. Ал, жаһандану бізді жатырқамай, өркениет өгейсітпей қарсы алу үшін біз оған өз тілімізбен, мәдениетімізбен, салт-дәстүрімізбен, өнерімізбен баруымыз керек. Осының барлығын ұмытуға айналдық. Әсіресе, кеңестік идеология бізді өзіміздің ұлттық құндылықтарымыздан жеріндіріп жіберді. Ал, Ақселеудің бар ғұмыры қазақтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, өнерін қазақтың өзіне танытуға арналды. Ол – сөз жоқ, қазақты қазаққа танытқан тұлға!

Ұлтшылдық пен ұлтсыздықтың бәсекесін ескерсек, ұлтына дәл Ақселеуше еңбек етудің астарында керемет азап жатыр. Сол азапты көтере жүріп Ақселеу ұлтымыздың рухын көтеруге аянбай еңбек сіңірді. Ол бір қолымен жазып жүріп, екінші қолымен сол жазғандарын іс жүзінде көрсетіп жүрді. Домбыра шапты, қобыз шапты. Қайысты илеп, ноқта-жүген, басқа да ат әбзелдерін жасады. Құлын терісінен өз қолымен жарғақ тігіп, Алматының көшесіне киіп шыққан кім? Ол – Ақселеу. Басқасын айтпағанда, Ақселеу марқұмның насыбай ату мәдениетінің өзі бір қойылым еді ғой. Сонда соның барлығын бізге – қазаққа көрсетіп, танытып жүр екен ғой, жарықтық.

– Қашан таныстыңыздар?

– Мен Ақселеумен кеш жолықтым. Ерте ажырадым (Темағаң кемсеңдеп, жанарына жас үйірді). Дәлірек айтсам, 1974 жылы. Менің Ақселеумен кеш танысуымның басты себебі – елден ерте кетуім. Мен 12 жасымда кеттім ауылдан. Тіпті, совхоз орталығында да, аудан орталығында да болған жоқпын. Шалғайдағы отгоннан Алматыға кеттім. Алматыдағы №12 мектеп-интернатта оқыдым. Содан 1974 жылы ғұлама ғалым Евней Арыстанұлы Бөкетовтің шақыртуымен Қарағанды мемлекеттік университетіне келдім. Бір күні «Білім және еңбек» журналының өкілдерімен кездесу өтті. Сол кездесуде ғылым мен техника жаңалықтарының жариялануы жөнінде ұсыныстарымды ортаға салып, мен де сөз сөйледім. Кездесу аяқталған соң, бір жап-жас сұңғақ бойлы сары жігіт келіп, амандасты. «Аға, мен Сіздің жерлесіңіз боламын. Сізді сыртыңыздан жақсы танушы едім» деді. Ақселеу екен. Сол күнгі кездесуден басталған достығымыз 35 жылға созылды. Содан кейін үнемі хабарласып, жиі кездесіп жүрдік. Ақтық демі таусылғанша, сыйластығымыз үзілген жоқ. Ақселеу марқұм ол кезде облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы еді.

– Физик пен филологтың шүйіркелесіп кетуі күрделі болған жоқ па?

– Менің руханият әлеміне көзімді ашқан адам – Ақселеу. Мен – физикпін. Нақты ғылымның өкілімін. Кейін ойлап отырсам, жаратылыстану ғылымының өкілдері өз ашқан жаңалықтарының соңында фанат болып кетеді екен ғой. Сол ғылымның шылауынан шыға алмай, ақыры рухани тұрғыдан жұтаң күйге түскенін де байқамай қалады екен. Мен 12 жасыма дейін әкем мен шешемнен қазақы тәрбие алдым. Сонда да, жастайымнан сыртта жүргендігім болар, таңдаған кәсібім физика ғылымы болғандықтан болар, руханияттан алыстап кеткен екенмін. Мені ұлтымның ұлы құндылықтарымен қайта табыстырып, көзімді қайта ашып, санама саңылау түсірген осы Ақселеу болды. Яғни, Ақселеу – менің рухани ұстазым. Әрине, 2-3 жас кішілігі болды. Ағалап тұрды. Солай бола тұра, ол мені қайта тәрбиеледі.

Біздің кездесулерімізде пенденің әңгімесі болмайтын. Үнемі ұлттық салт-дәстүр, руханият мәселелері төңірегінде әңгіме өрбітетін едік. Пікірлеріміз бір арнаға тоғысып, мүдделес екенімізді аңғарып жүрдік.

– Физик-ғалым әдебиетші-ғалымның ғалымдығын мойындады ма?

– Мойындағанда қандай! Ақселеу менің мойындауыма зәру емес еді. Ол өзінің телегей-теңіз білімімен, қазақты сүйген қайраткерлігімен өз дәуірін мойындатып тастаған.

Марқұмның ғалымдығы терең еді. Тарихты бұрмалап, қиянат жасаушылармен жаны қас болды. Ұлт руханиятының қызғыш құсы еді. Әттең, өмірі келте болды. Көп нәрсеге үлгермеді. Оның ұлт руханиятының фольклор, этнография, өнертану деген секілді шоқтығы биік салаларындағы сара жолы өзінің даралығын да, даналығын да танытты. Бойы қандай сұңғақ болса, ойы да сондай сұңғыла еді.

Қазақтың киіз үйі әлемдік сәулет өнерінің шыңы екен ғой. Көшпелілер өркениетінің көшелі үлгісін біз танымаған екенбіз. Бірақ, әлем танып, мойындаған. Мен осы киіз үйдің қасиеті мен құдіретін Ақселеуден естіп, Ақселеуден оқыдым.

– Достықтарыңызды қалай бағалар едіңіз?

– Мен – досы аз адаммын. Иә, досым көп емес. Ешкімді жек көрмеймін. Бірақ, кім-көрінгенмен етене жақындап, дос болған емеспін. Ақселеу адал досым болды. Одан айырылған күні өзімді бос кеңістікке айналғандай сезіндім. Сол 2009 жылдың қыркүйек айынан бері қаңырап қалған әлеммін. Біз жершілдік, рушылдықпен табысқан достар емеспіз. Шынайы рухпен табысқанбыз. Сондықтан да, біздің достығымыздың бағасы – жоғары.

– Жүз шайысып, ренжіскен сәттеріңіз болды ма?

– Болды. Арамызды саясат салқындатқан сәттер болды. Екі рет. Бірақ, айтуға, жазуға болмайды. Өзіңе айтамын.

– Сізге мәлім, бізге беймәлім қырлары бар ма?

– Жоқ. Ақселеу – қазақты да, өзін де толық танытып кеткен тұлға. Біздің ресми билік қана Ақселеуді толық танымай жүр. Оның шешендігі, көсемдігі, мәдениеттілігі, аңғарымпаздығы, білімдарлығы, еңбекқорлығы жайлы таңды-таңға ұрып әңгімелей беруге болады. Композиторлығының өзі неге тұрады?! «Дәурен-айы» мен «Сарыарқасы» арқылы қазақ әнінің рухын танытты. Осы екі әнімен-ақ қазақ өнерінің рухын асқақтатты. Мен тыңдаған, ел тыңдамаған бірнеше әні бар. Оларды жарыққа шығаруға үлгермеді. Сол мұрасын жаңғыртуды қолға алуымыз керек.

– Биылғы мерейтойын ұйымдастыру деңгейіне көңіліңіз тола ма?

– Жоқ. Ақселеу үшін ұйымдастырылып жатқан ештеңе көріп отырған жоқпын. Обалы нешік, облыстың тілдерді дамыту басқармасы соңғы 4-5 жылда Ақселеу Сейдімбек атындағы байқау ұйымдастырып жүр. Гүлнәрайым Хасенқызы қарындасымызға рахмет! Биыл да сол байқауды Ақселеу туған Жаңаарқа топырағында өткізіп, «артымызды жапқалы» отырмыз. 75 жылдық деген Үкімет бекіткен мерейтойлар тізімінде бола тұра, біздің жүйе Ақселеуге қырын қарауда. Себебі – беймәлім… Облыс орталығынан Ақселеудің атына берген көшеміз – батпақтағы бес үй. Туысқандары ас бергелі жатыр деп естідім. Ұят! Ақселеу рудың емес, ұлттың тұлғасы еді ғой… Неге бұлай жасап отырғанымыз түсініксіз.

– Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан

Ерсін МҰСАБЕК.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.