Өнегелі өмір иесі еді

Өмірге келуді заңдылық десек, өмірден өту де заңдылық. Алайда, дүниеден озған адам өмірінің мәні қалдырылған ізіне байланысты дер едік. Сондай мәнді өмір иесінің бірі – Жолан МҰСА-ҰЛЫ болатын.

Мен Жоланды мектепте оқып жүрген кезінен білемін. Менен 2 сынып төмен оқыды, бір интернатта жаттық.
Жолан Мұсаұлы 1943 жылы 20 тамызда Шет ауданы «Байшегір» колхозы «Аршалы» жайлауында дүниеге келген. 1950-1954 жылдары ауылдағы бастауыш мектепті бітірген, бірінші ұстазы – Нұрбек Бөкеев ақсақал, өте кішіпейіл, жақсы адам. 1954-1960 жылдары Шет ауданы орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте оқыды. 1960-1964 жылдары Қарқаралы мал-дәрігерлік техникумында оқып, дипломын алды. Міне, осы кезден біз жақсы араласып кеттік.
1964-1967 жылдары әскер қатарында болып, кіші лейтенант шенін алып, Германиядан елге оралды. Келісімен, 1967 жылы өмірлік жары Мұңлық Жетпісбаевамен отау тігіп, еңбекке араласты.
1968 жылы, қаңтар айында аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандығы бойынша жолдамамен «Путь к Коммунизму» совхозына жіберді. Сол кезде совхоз орталығы «Ақбауыр» болатын. Директоры Әлихан Шайкенов «Талды» бөлімшесіне мал дәрігері қызметіне жіберді. Жас маман, жас отбасына жаңадан салынған үйден үш бөлмелі үй берілді, ортаға тез үйреніп кетті. Көршілері әр ұлттан – қазақ, неміс, кәріс және басқасы, Рахымбек, Көпей, Эдик Шумахер, Ли, Илья, Мораст сияқты.
Жолан өз ісін жақсы көрсеткіштермен, ұқыпты атқара білді, мал басы өсті, шығын азайды, төл көбейді.
Шаруашылық басшылары Жолан Мұсаұлының қызметін жоғарылатып, 1970 жылы №1 «Комсомол» бөлімшесіне меңгеруші қызметіне жоғарылатты. 1980 жылға дейін №1 және №2 «Талды» бөлімшелерін басқарды. Жас Жолан мен Мұңлық «Комсомол, Талды» ауылында әке-ана атанды, 6 баласы өмірге келді. Осы елде ордабұзар отыз жасын тойлады. Совхоз еңбеккерлері арасында «Жөкең» атанды.
1980 жылы қыс айында аудан басшылығы Жоланды «Ақшоқы» совхозының «Ақбауыр» бөлімшесін басқаруға жіберді. «Ат айналып, қызығын табады» деп дана халқымыз айтқандай, 12 жылдан кейін жұмысқа алғашқы жолдама алған кеңсеге келіп, жаңа қызмет баспалдағын бастады. 10 жыл бөлімшені басқарды. Мәнді, қызықты өмірі осы «Ақбауыр», «Ақшоқыда» өтті десем, артық болмас. Еңбекқор халқы, дана ақсақалдарының арқасында шаруашылықтың көрсеткіштері өте жоғары болды. Мал саны өсті, астық тапсыру жоспары орындалып отырды.
Мал азығы бір жарым, екі жылдық болып дайындалды. Еңбегі еленді, бірнеше марапатқа ие болды, бөлімше көрсеткіші жақсы болғандықтан, «Волга» автокөлігін кезектен тыс алды.
«Ақбауырда» еңбектес болған азаматтар, ақсақалдар әкелік-ағалық ақылдарын айтып, ұйымшылдыққа, ынтымаққа шақырып отыратын.
Жолан Мұсаұлы осы адамдармен сыйлас, сырлас болып, барлығына көп көмек жасады. Отын-су, жем-шөп мәселелерінің шешілуіне жәрдемдесті. Мектеп директорлары С.Маханов, Т.Қамбарбаевамен бірлесіп, қаншама тәрбиелік шаралар өткізді.
Клуб үйі жөнделіп, музыкалық аспаптар сатып алынды, Наурыз мерекелері, түрлі спорттық жарыстар өткізіліп, халық қуанышына айналды. Алғашқы рет ауыл қадірлілері Шүленбай ақсақал мен Бәтжан шешейдің «Алтын тойы» салтанатпен өтті. «Ақбауыр» Жолан мен Мұңлық үшін құтты мекен болды. Аллаға шүкіршілік, 6 баласы да ержетіп, құдандалы болды.
1990-1991 жылдары Жоланды «Ақшоқы» халқы совхоздың кәсіподақ төрағасы сайлады. Бұл жұмысында да жемісті еңбек етті, бірақ, Жөкең кеңседе отыруға үйренбеген, өзі сұранып «Ақшоқы» бөлімшесіне 1992-1994 жылдары шаруашылық басқаруға орналасты.
1994-2006 жылдары «Казцентрэнергострой» мекемесінде басшының ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары болды. Қызметі өте жақсы жүріп жатты, қыз балалары тұрмысқа шығып, ұл балалары отау тігіп үлкен қуаныштар басталды. Жиен, немерелер өмірге келді. 1997 жылы 2 қаңтарда Жөкеңнің шаңырағына қиын да, ауыр жағдай кездесті. Отыз жыл отасқан асыл жары – Мұңлық өмірден озды. Бұл қаза Жөкеңе, балаларына, жақындарына, дос-жарандарына өте ауыр тиді. Осыдан кейін Жоланның қан қысымы, қант ауруы, барлығы жүрегіне жүк салды.
Өмір әрі жалғасып, балаларға бас болып, еңбегін жалғастырды. Арада екі жыл уақыт өтті, балалар өзара ақылдасып, «Әке, анамыз енді келмейді», – деп жанашырлық айтып, үйленуін сұрады. Жолан балалардың сөзін қабыл алып, Рабиға Мәниқызы деген азаматшамен бас қосып, 18 жыл бірге өмір сүрді. Рабиға Мәниқызы өте кішіпейіл, ақылды, сабырлы, балаларға жақсы ана, Жөкеңе адал жар, дос бола білді. Құда, құдағи, туыстар, ағайын, достарды, барлығын тең көріп, жақсы араласты.
Жөкең 2006 жылы зейнеткерлікке шықты. Басшысы Ислам Тоғайбаев, С.Қабдолин және басқа азаматтар зейнеткерлікке шыққан соң да хабарласып жүрді. 2013 жылы 70 жасын тойлап қызықтадық. Жылына курорт-санаториясына барып тұрды. Өмірі өте жақсы болды.
2017 жылы, 1 маусымда өмірден өтті.
Жатқан жерің жайлы, иманың жолдас, топырағың торқа болсын…

Біләл ДОСКЕЙҰЛЫ,
еңбек ардагері.

Жолан МҰСАҰЛЫНЫҢ
рухына

Ел ағасы бола алған,
Жайсаң жанның
бірі едің.
(Опа бермес
бұл жалған)
Болмысыңнан ірі едің.

Үлкен сыйлап, кішіге –
Көмек қолын беруші ең.
Бойда қайрат, күшіңе,
Болашаққа сенуші ең.

Бір жүріп, бірге
сырластық,
Жөн білер, шіркін,
сенімен.
Мен білер құрбы-
құрдастың
Естілеу едің көбінен.

Марат ШАЙКИН.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.