Ән көгінен жұлдыз ақты

Арқадағы дәстүрлі ән өнерінің жарық жұлдызы еді Мейірхан бауырым. Ешкімге ұқсамайтын мәнері, ерекше үні, кемел кісілік келбеті, өзіндік сара жолы бар Мейірхан еді-ау… Міне, сол жарық жұлдыз ағып түсті. Бүкіл қазақ руханияты қара жамылып, ән әлемінің көгін бұлт торлады.

Мейірхан кешегі Жүсекеңдер мен Манарбектерден қалған мектепті жаңғыртып, өзінен кейінгі толқынға таза күйінде жеткізген екі дәуірдің арасындағы алтын көпір еді. Кешегі Жезкиік ақын Кәкімбек ағамыздың өзі «Арқа әнінің мектебі – Қарағандыда» деген болатын. Шынымен Кәкең айтқандай болса, ол мектептің иесі де, киесі де Мейірхан еді. Ол үлкен мектеп қалыптастырып, Арқаның әншілік мектебін биікке көтерді. Топжарған шәкірттерімен ұлт өнеріне орасан олжа салды. Осы орайда, Мейірханның тек орындаушы ғана емес, ұлағатты ұстаз болғанын ерекше атауымыз керек. Оның алдын көрген көптеген шәкірттері колледжден кейін маған келетін. «Мейірханның класынанмын» деген балаға таласатынбыз. Өйткені, олар дайын келеді. Әбден пісіріп жібереді ғой.

Өзі – әнші біткенннің талғампазы. Репертуарын ерекше талғаммен жасайтын. Мойындау керек, Біржан Салдың «Айтпайын» дәл Мейірхандай орындаған әнші жоқ. Топырақ талант тудырмай қоймайды. Мейірхан да кешегі Жүсіпбек пен Манарбек туған топырақтың төлі ғой. Сол дүлдүлдер жасап кеткен ұлы мектепті қызғыштай қорып, ұлы мұраттың мұрагеріндей болып жүрді. Кез-келген әнді сол ұлылардың аманатындай қастерлей білді. Әнге адал, іске мығым еді.

Міне, осындай асыл бауырдан мәңгіге айырылып қалдық. Маған еркелеп «Шал» дейтін. Мен де «Өзіңді көремін шал болғанда» деп қалжыңдаушы едім. Жалған-ай десеңші. Сол Мейірханымның шал болғанын көре алмадым…

Қош бол, Арқа әнінің жарық жұлдызы! Бақұл бол, бауырым!

Қайрат БАЙБОСЫНОВ,

Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлық иегері.