Жаңалықтар

Жастар бизнесінің бастауы

Бүгінгі таңда жеке ісін бастау, бар кәсібін кеңейту – көптеген белсенді азаматтың арманы. Алайда, нарықтағы құбылмалылық, инфляция және бастапқы капиталдың тапшылығы кедергі болатыны жасырын емес. Мемлекет тарапынан берілетін түрлі субсидия мен гранттар – кәсіпкер болуға ықпал ететін шынайы құралдар. Бұндай қолдау Бұқар жырау ауданында да ұдайы жүзеге асып келеді.

СУРЕТТЕ: Рамиль Рысбаев Сурет автордан

Грантқа қол жеткізу үшін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, сертификат алуы, жұмыссыз ретінде тіркелу немесе тіркелген жеке кәсіпкерліктің мерзімі 3 жылдан аз болуы, халықтың әлеуметтік осал топтары санатына (көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар жандар, АӘК алушылар, қандастар т.б.) жатуы керек. Бүгінде бірқатар жастар аудан, ауылда ісін дөңгелетіп отыр.

Бұқар жырау ауданы Жастар ресурстық орталығының директоры Ернат Әбутаев гранттың әділ жолмен берілетіндігін баса айтты.

– Осы уақытқа дейін грант беру процесі ережеге сәйкес, артық-кемсіз және ешқандай дау-дамайсыз өтіп келеді. Комиссия мүшелері, ең алдымен, «Жобаның қоғамға пайдасы бар ма, жоқ па?» деген мәселеге баса назар аударады.
Кәсіпкерлерді қолдау үшін жыл сайын аудан жастарына ауқымды қаражат бөлінеді. 2025 жылды алсақ, ауданымызға 14300000 қаражат бөлінді. Яғни, 8 жаңа кәсіпкер. Кәсіпкерлер жан-жақты бизнес түрін ашып, дамыту үстінде. Ең көп грант бөлінетін басым бағыт ауылдық жерде болған соң ауыл шаруа­шылығы. Басқа салада да тиімді бизнес ашқан жастар бар, – дейді Ернат Әбутаев.

Оның айтуынша, жас кәсіпкерге жобасын қорғап, бизнесін ашып, жүргізуіне 6 айлық уақыт беріледі. Егер осы уақыт ішінде істі бастамаса, арнайы хат жолданады. Кейін сот арқылы талап-арыз беріліп, ақшасы кері қайтарылады. Әзірге мұндай жағдайлар кездеспеген. Грант жеңіп алған жастар өз жобасын іске асыруға әрдайым дайын, әрі зор құлшыныспен кіріседі.

2025 жылы әкім грантын ұтып алып, бүгінде ауданда өз кәсібін дөңгелетіп отырған жас кәсіпкер Рамиль Рысбаев аудан орталығында тез тамақтану орнын ашқан. Ол жеңіп алған 1,5 млн аудан әкімдігінің грантымен қажетті құрал- жабдық сатып алған.

– Мемлекеттік грант туралы әлеуметтік желі мен таныстар арқылы білдім. Кейін толық ақпаратты әкімдік пен арнайы сайттардан қарап шықтым. Менің бизнес жоспарыма қолдау білдірді. Жоспарды таныстыру кезінде олар кәсіптің халыққа пайдасы мен болашақтағы дамуына назар аударды. Осы кәсіпті ашуға шамамен бірнеше ай уақыт кетті. Алдымен, жабдыққа қажетті құжаттарды жинап, бизнес жоспар дайындадым. Кейін құрал-жабдық алып, жұмыс орнын дайындаумен айналыстым. Грант кәсіпті бастауға зор көмек болды. Негізгі қажетті құрал-жабдыққа толықтай жетті. Дегенмен, бұл қайтарымсыз қаражат болғанымен, соңында сенім мен есеп бар, – дейді Рамиль Даниярұлы.

Бұқар жырау ауданы жастарына берілетін әкім гранты үлкен бизнес­тің бастауында тұрған жас буын үшін таптырмас мүмкіндік және септігін тигізер маңызды қолдау. Бұл қаражат жастардың өз күшіне сенуіне, қаржылық сауаттылығын арттырып, өз орнын табуына жолдама. Бастысы – ашықтық сақталған, ал, жас кәсіпкерлерде мақсат пен құлшыныс бар.

Адель АСАНОВА,
ҚарҰЗУ-дың ІІ курс студенті

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button