Жаңалықтар

Еңбек нарығына алғашқы баспалдақ

Аймақта жастарды жұмыспен қамту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде өңірде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3 пайызды құрап, республикалық көрсеткішпен теңесті. Жас мамандарды еңбек нарығына бейімдеу мақсатындағы мемлекеттік бағдарламалардың арасында «Жастар практикасы» ерекше орын алады. Бағдарлама түлектерге алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтап, тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік беріп отыр.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жастарды жұмыспен қамту – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды көрсеткішінің бірі. Сондықтан, мемлекет тарапынан жастарды еңбек нарығына тартуға бағытталған түрлі бағдарламалар іске асырылуда. Аймақта бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының баспасөз қызметі хабарлауынша, 2025 жылы өңірде жұмыспен қамту шараларымен 23 148 жас қамтылған. Олардың 21 476-сы жұмысқа орналастырылды. Статистика органдарының мәліметіне сәйкес, өткен жылдың үшінші тоқсанында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,1 пайыздық тармаққа төмен және республика бойынша орташа деңгейге сәйкес келеді.

Жастарды еңбекпен қамту аясында Қарағанды облысында 9 009 адам бос жұмыс орындарына жолданған. Сонымен қатар, мемлекеттік жобалар аясында 876 жас жұмыспен қамтылса, жеке бас­тамалар арқылы 7 094 адам жұмысқа орналасқан.

Субсидияланатын жұмыс орындарына ерекше көңіл бөлінуде. Былтыр мұндай жұмыс орындарына 4 435 адам орналастырылған. Оның ішінде, 123 адам мүгедектігі бар азаматтар. Жастар арасында «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», әлеуметтік жұмыс орындары мен қоғамдық жұмыстар бағдарламаларына сұраныс жоғары.

Бүгінде жастарды еңбек нарығына бейімдеудің тиімді тетіктің бірі – «Жастар практикасы». Бағдарлама жоғары және орта арнаулы оқу орындарын бітірген түлектерге мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға мүмкіндік береді. Жобаға оқуын соңғы бес жыл ішінде аяқтаған, жасы 35-тен аспаған және мамандығы бойынша еңбек өтілі жоқ азаматтар қатыса алады. Сондай-ақ, бағдарлама NEET санатындағы жастарға да қолжетімді.

Жастар практикасына қатысу мерзімі 12 айдан аспайды. Қатысушылар мемлекет есебінен еңбекақы алады. Қазіргі уақытта төлем мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Бұл – 129 750 теңгеге тең. Бағдарламаның негізгі мақсаты – түлектердің кәсіби тәжірибе жинақтауына жағдай жасап, олардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыру.

Облыста 2026 жылдың басынан бері халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша Еңбек мобильділігі орталығына 22 387 адам жүгінген. Оның ішінде, 9 303-і – әйелдер, 6 126-сы – жастар. Бұл жалпы өтініш білдірушілердің 27,4 пайызы екен.

Биыл өңірдегі жоғары және арнаулы орта білім беру ұйымдарын 11 172 түлек тәмамдады. Олардың көпшілігі үшін алғашқы жұмыс орнын табу маңызды мәселе болып отыр. Осы ретте жастар практикасы бағдарламасы үлкен қолдау көрсетеді.

Ал, 2026 жылы аймақта жастар практикасына 720 адамды жолдау жоспарланған. Алғашқы бес айдың қорытындысы бойынша бағдарламаға 232 жас жолданып, жылдық жоспардың 32 пайызы орындалған. Өткен жылы жастар практикасына 975 түлек қатысқан.

Бағдарламаның тиімділігін нақты мысалдардан көруге болады. Қарағанды қаласының тұрғыны Ксения Букина жастар практикасы аясында «Wonder Kid» түзету және дамыту орталығына медициналық мейіргер болып жұмысқа орналасқан. Ал, Роман Симчук «LIGHT KZ – 2020» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ақпараттық жүйелер әкімшісі қыз­метін атқаруда. Бұл жастарға өз мамандығы бойынша тәжірибе жинақтап, кәсіби ортаға бейімделуге мүмкіндік береді.

Жастар практикасы – уақытша жұмыс орны ғана емес, жас маманның болашақ мансабына жол ашатын маңызды бағдарлама. Алғашқы еңбек тәжірибесі жастардың өз мамандығы бойынша қалыптасуына, кәсіби байланыс орнатуына және тұрақты жұмысқа орналасуына ықпал етеді.

Ділназ ҚАППАРОВА,
ҚарҰЗУ-дың II курс студенті

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button