“МЕН” кетті, “БІЗ” қалды
Індетті біреулер «сынақ» дейді. Енді бірі «жаза» дейді Көктен келген. Мен де жаза дегем. Енді ойланып жүрмін. «Бұл – сабақ» деп. Жаза болса, Жасаған бәрімізді бір сәтте тып-типыл ете салар еді ғой. Сірә, Алланың жіберген сабағы. Ниетімізді түзеп, пейілімізді тазалап жуу үшін. Адамзат бүгін алдағы ғұмырына азыққа татитын ащы-ащы сабақ алып жатыр. Алланың құдіреті – шексіз. Осыдан біраз бұрын «Адами құндылықтардан адасып барамыз» деп зар қақсап едік. Алла Тағала бір індетпен «мә, саған!» деп бәрін бере салды. Індет жалғыз келген жоқ…
Індет мейірімді әкелді. Жүрегімізге қайырым, жылылық қоса келді. Біреу үшін қуанып, қайғыратын қасиеттерді таптық. Бақсақ, бөгде үшін қуана алады екенбіз. Бөгде үшін қайғыра алады екенбіз. Бейтаныс үшін жылап та аламыз.
Бұған дейін көшеде адам құлап жатса, қарамайтын қатыгездеу едік. Осы күні бетіміз бері бұрылды. Енді бүкіл ел індетке шалдыққандардың құлан-таза айығып кетуін тілеп отыр. Дерттен қайтқан 7 адам үшін қабырғамыз қайыса қиналдық. Ал, ауруханадан жазылып шыққан әр науқасқа көзіміздің шарасына жас толтыра қуандық. Танымайтын, білмейтін, аты-жөні, ұлты, ұлысы беймәлім 709 науқас үшін Жаратқаннан жатсақ-тұрсақ, шипа сұрадық. Сөйтіп, кәдімгі шынайы адами қалпымызға түсе бастадық.
Содан бүгін «мен» «біз» дегенге өзгерді. «Мен» кетіп барады. «Біз» қалды. Бірақ, бұл қасиеттерді қайта табудың, сабақтың құны тым-тым қымбатқа түсіп жатыр. Оның құны – адамның өмірі. Өйтпеске, тағы шара жоқ. Тәубемізді ұмыта бастаған едік.
Індет тәубені әкелді. Тәубемізді еске бір-ақ күнде түсірді. Төбемізде бір Тәңір барын, қаласа, сүйікті құлы Адамзатты жоқ қылып жібере алатынын көрсетті. Бір індетпен.
Індет құрметтеуді, бағалай білуді әкелді. Бір кездері жұрт қолы қалт етсе, дәрігер мен полицияны сыбайтын. Түк қалдырмай. Жеті атасын түгендеп. Қазір сол екеу елдің шебінде тұр. Бірі біздің денсаулығымыз үшін аурумен алысып жатыр. Екіншісі індетті өршітпеу үшін сап құрды. Басқамыз – үйдеміз. Жанымыз тәтті. Мезгілімен тамағымызды ішіп, киномызды көріп, уақытында ұйықтап, тұрып. Қауіп-қатердің барлығын өздеріне алған осы екі мамандық иелеріне бұдан кейін көзқарасымыз түбегейлі өзгеретін шығар. Өзгеруі тиіс. Құрметтелуі тиіс. Індет құрметтің не екенін осылай ұғындырып отыр.
Індет жақыныңызға жақын қылды. Осы күні жақындарымызға жиі хабарласамыз. Әке-шешемізді, бауырларымызды, туған-туысымызды түгендейтін халге жеттік. Әншейінде «қолымыз тимей» жүретін. Енді туғанның, туыстың қадірін біле бастадық.
Індет мына өмірдің адами қасиет пен құндылықтарсыз түкке татымайтынын көрсетті. Дүние-боқтың адам жанына араша тұра алмайтынын айтты. Италияндықтардың бар жиған-терген ақшасын көшесіне шашып тастады содан. Тәрк етті.
Бұл індет адамға көресінді көзіне көк шыбынды үймелетіп көрсетіп жатыр. Көкірек көзімізбен де, пендеуи көзімізбен де көріп келеміз. Ақыры, жақсылық болғай.
Адами қасиеттерді ертіп келген індет қуанышты да әкеледі бір күні. Тек… соңына сақтап отыр…
Қызғалдақ АЙТЖАН,
«Ortalyq Qazaqstan» газетінің
экономика бөлімінің
меңгерушісі