Баған

«Пейілің тарылмасын…»

Жарықтық Қаныгүл әжем әлдекімнің сараңдығын сезіп қалса: «Тұқымың көбейгір, пейілің тарылмасын! Кең болсаң, кем болмайсың» деп отыратын. Бала кезде ол сөздің байыбына кім барған?! Есейген соң сананың саңылауынан сәуле түсіп, барды бөлісудің бағасын білдік. Сөйтсек, көңілі «бір атым насыбайдан» қалатын қазақ үшін пейілдің өлшемі – көлдей көңіл ғана емес, шөкімдей шынайы ықылас екен.

Биылғы індет адамның көзқарасын қалай өзгерткенін көрдік. Қоғам қайта түлеп, мейірімнің мерейі өсіп, қайырымдылық қайтып оралғандай күй кештік. Көптен қалғымыз келмей, біз де жұртты жаппай жарылқап тастамасақ та, тұрмысы төмен-ау деген туған-туыс пен тамыр-танысты түгендеуге кірістік. Қаражаттан қарасып, «көжеқатық қылсын» деп тоқты-торымды босағасына байладық. Күні кеше ғана бір тайыншаны сойып, жіліктеп таратып жібердік. Алайда, айтпағым басқа еді.

Биылғы еңбек демалысымда қарап жатқанша, қаражаттан қысылған қаймана қазақты облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне жаздыратын демеуші табайын деген далбаса дәмемен жезқазғандық бизнесмендер Абай Байділдаев пен Марғұлан Молдашевке телефон шалдым. Аймақтағы талай құрылыста қолтаңбасы қалған қос азамат салған жерден: «Қанша жаздыру керек?» деп, қарсы сауал қойғанда, ойланбастан «Отыз шақты болса…» деп күмілжідім.

Келісімін алғасын қалалық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі берген тізімді қолға ұстаттым. Бәрі бұлай жедел жүреді деп ойламаппын, екі-үш күнде әрқайсысы 30 адамды облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне бір жылға жаздырғаны туралы төлем қағазы алдымда жатты. Қазақта «Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазады» деген сөз бар, мен де енді кеншілер қаласындағы қалталы кәсіпкерлердің тамырын басып көруге бекіндім. Сөйтіп, Сәтбаев қаласында өзім білетін бірнешеуімен хабарластым.

Алдымен қос қалада сауда желісі бар азаматтың телефон нөмірін тердім. Көңіл күйі келіңкіремей тұрды ма, биылғы індеттің бизнесіне келтірген зиянын айтып, зар илегенде, біреуге «демеушілік жаса» демек түгілі, өзін газетке жаздыратын адам іздегім келіп кетті. Сосын кәсіпкер келіншектің көңілін аулағым келіп еді, «шаруаңызды жазып жіберіңіз» деп, смс-хабарлама жөнелтіпті. Ауызба-ауыз тілдесуден тартынған адам «қарық қылмас» деп, қоя қойдым.

Жасы сексеннің ауылына ат басын бұрған Алаш Тұрлыбек ағам бұйымтайымды білген соң: «Жаңа ғана жергілікті екі газеттің жігіттері келіп кетіп еді. Сенің меселіңді қалай қайтарайын, бес адамды «Орталыққа» бір жылға жаздырамын» деп, әңгіменің ашығын айтты. Кеше қалалық меценаттар клубының төрағасы Меруерт Бақбергеноваға хабарластым. «Біз жылда облыстық екі газетке жаздыруға қаражат қарастырамыз, әзірге «Орталыққа» екі адам жазылды. Жылдың аяғына дейін әлі қатары көбейеді ғой» деді.

Шынтуайтында ешкім біреуді газетке жаздыруға міндетті емес. Әйтеуір, көңіл ғой. Қолдан келіп жатса бір-бірімізге қарасып, қол ұшын созғанға не жетсін?!

Әлібек ӘБДІРАШ,

 облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газеті Бас редакторының орынбасары.

Басқа материалдар

Back to top button