Намыс пен тіл

Елде немесе шет елдерде қазаққа қатысты әлдеқандай жағдай болса, әлеуметтік желіде шулап шыға келетін әдетіміз. Және бұл жағдай бүгін ғана емес, көптен байқалады. Ұлт Құдайдың баласы болғандықтан, онымыз дұрысақ. Сананың сергектігі жақсы. Әсіресе, ұлт үшін. Әйтпесе, көп ұйықтаған ел не құрып тынады, не бодан болып оянады дейтін сөзі бар бір ғұламаның. Бұл жердегі мәселе – аттандайтын нәрсе бар, елемей жылы жауып қоя салатыны тағы бар. Біз қай-қайсына болсын аттандап, байбаламдай беретін елге айналдық. Оның орынсызы өзімізге кесір тигізерін сезбей де қаламыз кейде. Биіксің бе, жоғарыдан бір қара да езу тартып қоя сал, тереңсің бе, өткізіп жібер. Бірақ, ол үшін ұлт алды-артын пайымдай алатындай толысып, кемеліне келуі керек қой. Ол қалай толысып, кемеліне келеді? Зиялы, рухани көсемдерінің арқасында дейді кәрі тарих.

Қоғамның түбіне жететін – дақпырт көтерген әсіре патриотшылдық па деймін. Біз бұған дейін онсыз да ана тілімізді төрімізге шығара алмай отырған елміз. Онда да қызбалық көрсетіп, құрғақ сөзді оңды-солды сілтегенімізден ештеңе шықпасын уақыт дәлелдеп берді. Өз жерің, Отаныңда туған тіліңді аяққа өзің таптап отырғанда, сырттағылар не істемейді? Тіл – ұлттың жан-жүрегі, басты қадір-қасиеті. Өз алдына өркениет тудыратын да, экономика жасайтын да ұлттың тілі екен. Мәселен, біреуге ол түсінетін басқа тілде сөйлесең, санасына әсер ететін көрінеді. Ал, ана тілінде үн қатсаң, әсерді жүрегіне алатыны дәлелденген. Сонда ең әуелгі дүние тілде деген сөз. Мемлекеттік сана мен ту содан кейін барып бой көтерсе керек. Демек, туған ана тілің өз биігінде тұрмаса, үстемдік құруы тиіс Отанында өгейдің күйін кешіп жатса, ұлттың ұпайы түгенделмейді. Сен ең негізгі қадір-қасиетіңді өз қолыңмен жығып беріп отырған соң, басқасы қалай оңады? Өзгелер басыңа шығады. Біздің елді біреу басынып, бейбастақтық жасаса, ұлттық қадірімізді түсіріп отырған – өз кінәміз деп түсінген жөн шығар, сондықтан.

Қазақтың ұлттық намысына әлдебір коммерциялық топ түсірген «бораттың» өзі қамшы болуы керек еді. Ұлттық намыс пен жігер әуелі тілге құрметтен туады. Мемлекеттік тіл үшін әр қазақ жауапкершілікті өз мойнына алмайынша, іс оңалмайды. Басқа этностарды былай қойғанда, әр қазақ ана тілінде сөйлеп, қазақ болуға талпынса, істің басы – сол. Сонда бәрі бірте-бірте орнына келе бастайды. Оны мен емес, А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Анар Мұратқызы айтады. «Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін немістер өздерін неміс деуге ұялған. Неміс сөзі фашист деп естілетіндей қабылданған да, өздерін жек көріп кеткен. Сонда олардың оқымыстылары «шетелден келіп жатқан ұғым-түсінік атаулыны немісше атамай, ағылшынша атай беріңдер» деген. Ағылшынша жаза бастаған. Нәтижесінде неміс терминологиясының басым көпшілігі ағылшын сөзімен толыққан. Сөйтсе, неміс экономикасы құлдыраған үстіне құлдырай берген. Берекесіздік белең алған елде. Ойлана келе, немістің тілтанушы ғалымдары «терминологиямызды қайтадан ұлттық тілімізге аударып, барлығын неміс тілінде жасау керек» деген мәселе көтерген. Ақырында, немістер осындай әрекетке барғанда, тұралаған экономикасы аяғынан тік тұрып, өркендеп шыға келеді. Сол кезден бастап әлемдік экономикада «лингва экономика» деген сала орныққан. Оны қалыптастырған да немістер. «Лингва экономика» теориясының формуласы былай: «Тілі дамыған ұлттың экономикасы дамиды. Дамыған экономика тілді күшейтеді».

Бұл үрдісті Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жапондықтар да жүргізген. Ал, осы неміс пен жапонның ұлттық ар-намысы мен мемлекеттік рәміздері қорланды дегенді естігендеріңіз бар ма?! Мен естіген емеспін. Біз Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі неміс пен жапондардай күйреп қалған жоқпыз ғой. Қазірден қолға алсақ та кеш емес, ендеше.

Жәнібек ӘЛИМАН,

 облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі.