Жаңалықтар

Мен білетін МЫҢКЕҢ

      Облысымызда әр жылдары ауыл шаруашылығы саласын дамытуға айрықша үлес қосқан азаматтар аз болған жоқ. Солардың бірі әрі бірегейі Мыңжасар Әдекенұлы Әдекенов еді. Мыңкең, әсіресе, қой түлігінің санын көбейтіп, өнім сапасын жақсарту жолында көп тер төкті. Мал азығының жұғымдылығын арттыру бағытында тыңғылықты зерттеулер жүргізіп, кандидаттық диссертация қорғады. Қазақстан ғылым академиясының ғалымдарымен бірлесіп, қазақтың құйрықты Қарғалы қойының жаңа тұқымын шығаруға ат салысты.

Совхоз директоры, ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының қой және жылқы шаруашылығы жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, жұртшылық құрметіне бөленді.

Алла ғұмыр бергенде Мыңжасар Әдекенов биыл 85 жасқа толған болар еді. Тірлігінде ел құрметіне бөленіп, соңына айшықты із қалдырған абзал азамат өмірінің өзіме белгілі бір сәттерін оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдім.

Мыңкең Нұркен атындағы совхозға директор болып келгенде мен оныншы класта оқып жүргенмін. Колхоздың совхозға айналғанына төрт-бес жыл ғана болған. Құрылыс әлі қанат жая қоймаған. Совхоз кеңсесі қос пәтерлі үйдің бір қанатына орналасқан. Оның жанында пошта үйі, шағын аурухана, дәріхана бар. Бұл маңайға газет-журнал, дәрі-дәрмек алуға келіп-кетіп жүремін. Сол кезде жаңа директорды сыртынан бірер мәрте көргенмін.

Мен қолыма орта білім туралы аттестат алғаннан кейін құласаң, нардан құла деп құжаттарымды Алматыдағы Киров атындағы мемлекеттік университеттің журналистика факультетіне тапсырдым. Қазақтың маңдайына басқан жалғыз университеті ғой. Конкурс деген сұмдық. Журналистика факультетінде бір орынға жеті бала. Ал тарих, тіл әдебиеті факультеттерінде он-он екі баладан.

Үлкен үмітпен барғаныммен жолым болмады. Конкурстан өте алмай қайттым. Ол кезде оқудан құлап қайту ұят саналатын. Оның үстіне мен мектептің белсендісі болдым. Ұстаздарым да маған сенім артқан. Олардың «Сенген қойым сен болсаң…» дейтіні даусыз. Содан елге қарауға бет жоқ, үйде жатқанмын. Мектеп директоры Зинат Жолдасбаев «Тез жолығып кетсін» деп бір бала жүгіртіп жіберіпті.

Зекең:

– Оқасы жоқ, биыл түспесең, келесі жылы түсесің, – деп жұбату айтты да:

– Келгеніңді естіген бойда бұйрық шығарып қойдым. Аға пионер вожатыйының орны босаған. Оқуға әзірленуге де мүмкіндігің болады. Ертеңнен бастап жұмысқа кіріс, – деді…

… Әлі есімде, сәуірдің 25 жұлдызы. Ертерек тұрып, малдың астын тазалауға шыққанмын. Үстімде спорт киімі, аяғымда галош. Сағат тоғыздан аса үйдің жанына директордың машинасы тоқтай қалды. Директордың жүргізушісі машинадан түскен бойда:

– Жүр, сені директор шақырып жатыр. Тез, – деп екі аяғымды бір етікке тықты.

– Мына күйімде қалай барамын. Тұра-тұр, киімімді ауыстырайын, – деймін.

– Жоқ, – дейді ол, – директор ауданға жүрейін деп отыр. Тез алып кел деді. Осы күйіңде бара бер.

Сонымен үстімде спорт киімі, аяғымда галош, директордың кабинетіне кірсем, ағам Жақан, Мәкен есімді жездем де осында екен.

– Ә, батыр, келіп қалдың ба? – деді Мыңкең жұмсақ жымиып, – Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы біздің совхозға үш жолдама бөліп отыр. Целиноградтағы ауыл шаруашылығы институтына. Инженерлік факультетіне Амантайдың жиені Серік Қанафин, агрономдық факультетіне Қабатай Нүркейбеков ынта білдіріп отыр. Экономика факультетіне сені лайық дегенді айтады мектептегі ұстаздар қауымы. Екі ай дайындық курсында боласыңдар. Емтиханды алдын ала шілде айында тапсырасыңдар. Бес жыл бойы шаруашылық ай сайын 40 сом стипендия төлейді. Бес жылдан кейін ауылға экономист болып ораласың. Бұл ұсынысқа қалай қарайсың? Шешіміңді қазір айт. Өйткені, түске дейін аудан орталығында болуың керек.

Мен ол кезде Алматыдағы журналистика факультетінің сырттай дайындық курсында оқып жүргенмін. 13 сомын аударып қойғанмын. Олар конвертпен екі-үш шығарманың тақырыбын жібереді. Мен бір аптаның ішінде шығармаларды жазып, қайтадан салып жіберемін. Бес айлық курс. Бір-ақ айы қалған. Мен осы курсты алдыға тартып, бұлталақтай бастап едім, Мәкен жездем:

– Әй, жүгірмек, не деп былжырап отырсың? Бес жылғы оқуыңның ақшасын совхоз төлейді. Оның үстіне Алматымен салыстырғанда Целиноград үйдің жаны емес пе? Алматыға барғанда түсіп кететініңе сенесің бе? Былтыр да конкурстан құлап қайтқан жоқсың ба? Осы майда әскерге алып кетсе, қайтесің?

Сонсоң ағама бұрылып:

– Әй, Жақан, мынау былжырағанды қойсын. Барыңдар, сыртқа шығып ақылдасыңдар. Көндір, мына ақымақ ініңді. Қалтаға өзі келіп түскелі тұрған дипломнан қашқаны не қылғаны?!

Ағай екеуміз сыртқа шықтық.

– Не істейсің? – деді ағай салмақты өзіме салып. Өйткені, ол кезде аудандық «Коммунизм таңы» газетіне бірлі-жарым өлеңдерім, мектеп өмірінен жазған шағын мақалаларым шығып жүрген. Менің журналист болғанымды ағай да теріс көрмейтін сияқты.

– Жоқ, Жақан, Алматыға барамын.

– Әскерге алып кетсе, не істейсің? – деді ағай әлгінде жездем айтқан қауіпті еске салып.

Мен ойланып қалдым. Расында әскерге алып кетсе, Алматы да, Целиноград та жоқ қой. Екі жылғы раз-двадан кейін оқуға ынта бола ма, жоқ па кім білсін?

Осыны ойладым да:

– Жақан, онда мен әскерге шақыру біткенше Целиноградта болайын. Телефонмен хабарласып отырамын ғой. Шақыру аяқталған соң, сол жағынан Алматыға кетемін. Бухгалтерияға ескертіп қойыңыз, менің атыма ақша аудармасын.

Ішке кіріп, шешімімді айттым.

– Әй, жүгірмек, бағанадан бері осылай демейсің бе?! – деді жездем.

Қысқасы, мен түске дейін мектеппен есеп айырысып, сағат екіден аса аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының алдында тұрдым. Аудан совхоздарынан 25 бала жиналыпты. Орта бойлы жігіт ағасы бас-аяғымызды түгендеді де автобусқа отырғызды. Түнгі оннан аса Целиноград қаласындағы «Москва» қонақ үйіне жайғастық.

Ертеңінде ағайдың бастауымен қаздай тізіліп, институтқа бардық. Биенің сабасындай орыс келіншегі аудиториямызды көрсетті. Қандай пәндер бойынша дайындық жүргізілетінін айтты. Сонсоң:

– Сабақ бірінші май мерекесінен кейін басталады. Оған дейін ыңғайлы жерден пәтер тауып алыңдар. Әзірше боссыңдар. Ауылдарыңа барып қайтуларыңа болады. Өздеріңе қажетті оқулықтарды сатып алуды ұмытпаңдар, – деді.

Бағаналарға ілінген хабарландыру бойынша пәтерді қиналмай таптық. «Целинный» кинотеатрының артында екен. Есіл өзенінің жағасында. Орыс кемпірі үш бөлмелі үйінің бір бөлмесін босатып берді. Көп сөзге жоқ. Екі айға 20 сомнан жинап алды.

– Тамақты өздерің істейсіңдер. Газ да, тоқ пеш те бар. Мен тазалықты жақсы көремін. Арақ-шарап ішпейсіңдер. Қыз-қырқын әкелмейсіңдер, – деді сонсоң.

Ауылға барып келіп, үшінші май күні сабаққа кірістік. Мен төбе көрсетіп, тіркелдім де, пәтерге оралып, университеттің емтиханына дайындалдым.

Апта сайын телефон арқылы ағаймен хабарласып тұрамын. Июньнің соңына таман хабарласқанымда ағай: «Военкоматтан үш рет шақырту келді. Басшылар «Совхоз арқылы оқуға кетті деп жауап жазды» дегенді айтты.

Ертеңінде Алматыға ұштым. Сәтін салып, үш сабақтан 12 балл жинап, түсіп кеттім.

Алматыдағы бес жыл бес күндей болмай өте шықты. Қарағанды облыстық радиосына орналасқаннан кейін маған ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне арналған «Дархан дала» бағдарламасын жүргізу тапсырылды. Әр дүйсенбі сайын әуе толқынына шығарылады. Көлемі жарты сағат. Ол кезде Мыңкең облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының қой және жылқы шаруашылығы жөніндегі орынбасары екен. Радиоға жұмысқа тұрғанымды айтып, сәлемдесіп шықтым.

– Дұрыс, – деді Мыңкең, – Шығармашылық табыс тілеймін. Ауыл шаруашылығына қатысты кез келген мәселе бойынша хабарласып тұр. Қысылма.

Радиода екі машина бар екен. Ауылдарды бір-екі күн аралап, дүйсенбі күні хабарымды әзірлеп беремін. Сыртқа шыға алмайтындай жағдайлар болса, Мыңкеңе хабарласа қоямын. Өйткені, дүйсенбі күнгі жарты сағаттық әуе толқынын толтыру керек қой. «Осындай тақырыпқа материал әзірлеп берсеңіз» деп. «Көлемі қанша болуы керек?» деп сұрайды. Ертеңінде материалды әзірлеп, жүргізушісінен беріп жібереді. Жазуын маржандай деп айту қиын. Қолжазбасын мен ғана танимын. Сондықтан, материалды машинкаға өзім басамын. Материалдың көлемі мен айтқаннан әлдеқайда көп болады. Материалды беріп жатып, «Мүмкіндігінше қысқартпауға тырыс. Қысқарған соң мазмұнын жоғалтады» деп ескертеді. Кейде студияға шақырып, дауысын жазып аламын. Ондайда: «Қағазға түсірген соң, маған әкеліп көрсет» деп тапсырады. Тағы бір қасиеті студияға айтқан уақытында келетін. Әлде бір жағдаймен кешігетін болса, міндетті түрде телефон арқылы хабарласатын. Студияда жүйе-жүйесімен сөйлейтін. Материалды әбден қорытып әкеледі ғой. Сондықтан, операторлар Мыңкеңнің материалын көп монтаждай қоймайтын. Операторлар, машинка басушылар күнделікті тұрмысқа қатысты жағдайларын айтып жататын. Балабақшаға, дәрігерге, қалаға тұрақты тіркелуге байланысты. Мыңкең бәрін мұқият тыңдап, мүмкіндігінше көмектесетін.

Жетпісінші жылдары науқандық жұмыстар аяқталып, мал қысқа түсер қарсаңда «әр ауданда «Шопандар күні» деген шара өткізілетін. Жылды қорытындылауға арналған. Шопандарға сый-сияпат әзірленеді. Озаттарға үнді шайы, Қарағандының қымбат кәмпиттері, кілем, палас үлестірілетін. Ондай шаралардан қалмаймыз. Мыңкең алдын ала хабарлайды. Журналистерді құрметті қонақтардың столына жайғастырады. Шара аяқталған соң ұйымдастырып жүрген адамдар арқылы бірер келі үнді шайын, сол мөлшерде Қарағанды кәмпиттерін сөмкемізге салғызатын. Бір жолы осындай шараның алдында жаңа пәтер алған Әли Тойжігітовтің кілем арқалап қайтқаны бар.

Қыста қой төлдету деген бастаманы республикамыздың солтүстік облыстарында алғаш көтерген Мыңкең болатын. Әр ауданнан үш-төрт шаруашылық таңдап алынады. Шопандармен, мамандармен бірнеше семинар өткізіледі. Мен сол семинарлардың бәріне қатысып, хабар әзірледім. Қойды сәуір, мамыр айларында төлдетуге қалыптасқан шопандар үшін бұл тосын жаңалық еді. «Қыстың көзі қырауда мал төлдету деген не сұмдық?! деп қарсы болғандар да бар. Бірақ, мыңкең малдың күйі келіссе, жемшөбі мол, қорасы жылы болса, қыста төлдетуге болатынына олардың көздерін жеткізді. Жеткізіп қана қойған соң, іс жүзінде дәлелдеп шықты. Әрине, оңайға түскен жоқ. Күндіз-түні шапқылауға тура келді. Мал төлдетілетін қыстақтарды апта сайын аралады. Төлдейтін саулықтарға тақтайдан жеке-жеке бөлме әзірлетті. Саулықтардың жемшөптен тарықпауын қадағалады. Нәтижесінде күйі жақсы саулықтан қыста да төл алуға болатынын дәлелдеді.

Қыста төлдетудің артықшылығы марқалар тез салмақ жинайды. Оларды келесі қыстың шөбіне ортақтастырмай, май айының соңына қарай 27-28 келі салмақпен етке тапсыруға болады…

Бір күні «дархан дала» бағдарламасын жазып болған соң, бөлмеме келіп, жағдайымды сұрады. Сонан соң:

– Сен Өтеу Нұрғалиев деген азаматты білесің бе? – деді.

– Білемін. Біздің белсенді авторларымыздың бірі. Политехникалық институтта сабақ береді. Экономика ғылымдарының кандидаты. Менің алдымда осында төрт-бес жыл қызмет істепті.

– Ол кандидаттық диссертациясын осы радиода жүргенде қорғады. Мен жетекшісі болдым. Ол да «Дархан дала» бағдарламасын жүргізді. Ауылға сен сияқты жиі шығады ғой. Қатар жатқан деңгейлес екі шаруашылықтың экономикалық жағдайын саралады да, кандидаттық диссертациясын жазып шықты. Мен бағыт-бағдар беріп отырдым. Сен де ауылды көп аралайсың. Екі шаруашылықты салыстырып, Өтеу сияқты кандидаттық қорғап алмайсың ба? Өзім көмектесемін. Ғылыми атақтың журналистикаңа еш бөгеті жоқ. Әлі жассың, өмірді жаңа бастап жатырсың. «Керек жүктің ауырлығы болмайды» деген. Ойлан, қабырғаңмен кеңес. Иә деп жатсаң бұл істі кешіктірмей қолға алу керек. Екі шаруашылықты өзім таңдап беремін, – деді. Бірақ, мен «есектің» қылығын жасап, абзал ағаның ұсынысын аяқ асты еттім. Әрине, кейін өкіндім. Өкінгеннен не пайда, «Өзеннің бір тұсындағы ағысына екі рет түсуге болмайды» дейді ғой философтар. Өмір бір орнында тұра ма?!

Мен білетін Мыңкең үлкенге де, кішіге де қамқор көңілмен қарап, маңайына жақсылық шуағын таратып жүретін жан еді. Жатқан жері жарық, топырағы мамық болсын. Соңында қалған ұрпақтарына Алла уайымсыз өмір, ұзақ ғұмыр сыйласын.

 

Тілеуқабыл БАЙТҰРСЫН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button