Рекордты жаңартты
Талдықорғанда жүзуден жасөспірімдер арасында жазғы ел чемпионаты өткен болатын. Оған еліміздің 17 өңірінен 400-ге жуық спортшы қатысып, әлем чемпионатының жолдамасын сарапқа салды. Осы турнирде бақ сынаған жерлесіміз Ксения Игнатова чемпион атанып, әрі Қазақстанның рекордын жаңартты.

Айта кетейік, аталған чемпионат World Aquatics халықаралық күнтізбесіне енгізілген. Биылғы турнирге Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан кіл мықтылар арнайы келіп қатысқан. Ал, чемпионат үздіктеріне күзде Сенегалда өтетін жасөспірімдер олимпиадасына рейтингтік іріктеу турниріне, желтоқсанда Қытайда өтетін әлем біріншілігіне (25 м) жолдама берілді.
Жарыстың алғашқы күнінде бірден екі Қазақстан рекорды жаңарды. Ақтөбе облысының спортшысы Глеб Коваленя 50 метр еркін стильде 22.06 секунд нәтиже көрсетіп, ел рекордын жаңартты. Ал, Қарағанды облысының жоғары спорт шеберлігі мектебінің тәрбиеленушісі Ксения Игнатова 200 метр кешенді жүзуде 2:17.40 уақыт тіркеп, Қазақстанның жаңа рекордын орнатты. Сонымен қатар, жерлесіміз 100 метр шалқалай жүзуде 1:01.51 уақыт тіркеп, тағы да бір алтын медальға қол жеткізді.
– Басты мақсатым – ұлттық құрама сапына ену еді. Бұл межеме жеттім. Ендігі міндет – тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп, әрбір жарыстан жүлдемен оралу. Шынымды айтсам, мұндай нәтижеге қол жеткіземін деп күтпедім. Дегенмен, жаттықтырушыларымның қолдауы мен жақындарымның демеуі күш берді. Алдағы басты мақсатым – Азия ойындары. Енді сол додаға тыңғылықты дайындықты бастау қажет, – деді Ксения Игнатова.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



