Спорт

«Шахтер» көш бастап тұр

Футболдан Қазақстан Бірінші-Лига ойындарының алғашқы бес туры аяқталды. Ал, қарағандылық «Шахтер» 13 ұпаймен көш басына жайғасты. Жерлестер бұл кезеңде сырт алаңда «Каспий» жастар клубымен кездесіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Қарағандылықтардың биылғы қарқыны жанкүйер көңілінен шығып келеді. Маусымның алғашқы турында олар «Алматы» жастар клубымен 1:1 есебімен тең түссе, кейінгі кездесулерде «Батыр», «Арыс» және «Тобыл» мен «Каспийдің» жастар құрамасын тізе бүктірді.

«Каспий» жастар клубына қарсы өткен ойынның алғашқы бөлігі тартысты өрбіді. Қос команда бір-бірінің әлсіз тұсын аңдып, алаңда сақ ойын көрсетуге тырысты. Соған қарамастан, осы кезеңде жерлестер ойын тізгінін қолға алып, статистикалық көрсеткіштер бойынша қарсыластарынан басым түсті.

Кездесудегі алғашқы гол 57-ші минутта тіркелді. Шабуыл барысында «Шахтер» ойыншыларды шабуылды оң қапталмен бастаған. Осы тұста қарсылас команда қорғаушылары шабуылға тосқауыл қойып, допты алаң жиегіне шығарып тастайды. Осы сәтте допты қапталдан ойынға қосқан Данила Васильченко оны бірден алаң ортасына қарай асырған. Осы тұста оңтайлы позицияға шыққан Рифат Нұрмұғамбет допқа бірінші болып жетіп, допты қақпа торына тоғытты. Есеп – 1:0.

Ойынның 71-ші минутында Роман Асылбаев есепті еселеді. Бұл шабуыл да оң қаптал арқылы сәтті өрбіді. Қорғаушы Дәулет Зайнетдинов допқа иелік ете салысымен, оны оң қапталға дәл асырған. Осы тұста Роман допты шебер қабылдап, қарсылас қорғаушыларын қапы қалдырды. Сөйтіп, жойқын соққы жасап, есепті еселеп кетті. Осылайша, жерлестер сырт алаңдағы кезекті ойынында жеңіске қол жеткізді.

Турнир кестесінде 12 ұпай еншілеген түркістандық «Тұран» ІІ орында тұр. Үздік үштікті 11 ұпайы бар «Қайраттың» жастар құрамасы түйіндеген. Ал, сұрмергендер тізімінде «Шахтердің» шабуылшысы Артем Литош көш бастап келеді. Ол маусым басталғалы бері төрт мәрте қарсылас қақпасын дәл көздеп, үш нәтижелі пас берген.

Енді қарағандылықтар 15 мамырда өз алаңында «Ақтөбе» жастар клубын қабылдайды.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button